Құпиясы ашылмаған Кәрі әуіт
Тасын түртсең, тарихы сыр шертетін Талас ауданындағы Қызыләуіт ауылын білмейтіндер кемде-кем бұл күнде. Ал, осы жұрт жұмбағы мол Жуалы жеріндегі Кәрі әуіт туралы естіген бе? Таңшығыс ауылы тұрғындарының жанқиярлық еңбегінің куәсіндей болған осынау әуіт қай уақытта пайда болды? Дәл осы әуіттің нобайының бүгінгі күнге дейін сақталуының сыры неде?
Жасыратын несі бар, кеңес билігі орныққаннан кейін ұлтымыздың болмысы мен мәдениетін түбегейлі өзгерту мақсатында астыртын саясат жүргізілді. Әсіресе, дәстүрлі шаруашылықты түп тамырымен жоюға бағытталған кеңестік реформалар орны толмас қайғы-қасірет әкелді. Бұл ретте атымен атасақ – Шая Ицкович, орысша есімі – Филипп Исаевич Голощекин «аса көрнекті» рөлге ие болды. Патша билігі тұсында өзінің негізгі дәстүрлі институттарынан қол үзген қазақ елі Голощекиннің кезінде халық шаруашылығын дамытуға дәрменсіздік танытты. Осының бәрін зерделеп үлгерген қызылдар қазақ қоғамының тірегі болған дүниелерді өзгертуге күш салды. Біз сөз еткелі отырған «Кәрі әуіт» тоспасы да соның бір айғағы.
Жалпы, мал бағумен күн елтіп отырған көшпелі және жартылай көшпелі халықты күштеп отырықшылыққа көшіру әрекеті қазақ ауылдарына қатты соққы болды. Бұл ежелден қалыптасқан шаруашылықты біржолата қиратты. 1920-1930 жылдары көшпелі шаруашылық елдегі басқа аудандардың экономикасымен ауқымдаса отырып, табиғи шама-шарқын әлі де болса сарқа қойған жоқ еді. Сол кездегі индустриясы дамымаған, өндіргіш күштері әлсіз Қазақстан сияқты табиғи-географилық ортада көшпелі мал шаруашылығы тым тиімді болатын. Өйткені, жайылымды мал шаруашылығы қазақтың кең байтақ даласындағы шөлді және шөлейтті жерлерді оңтайлы әдіспен игеріп, соншама кеңістікті өзінің әлеуметтік болмысына қызмет етуге бейімдеп, табиғатпен сіңісіп кетудің бірден-бір тәсілі-тұғын.
Сонымен, «Кәрі әуіт» тоспасы ұжымдастырудан кейін, Ұлы Отан соғысына дейін пайда болды. Бұл жұмыстарға Таңшығыс ауылының тұрғындары жаппай жұмылдырылды. Уақыт өте мұндағы суды егін жайларға бұрып, алқаптарды суару үшін пайдаланды. Содан бері мұндағы ел бұл жерді «Кәрі әуіт» деп атап кетті. Жуалы ауданының солтүстік шығысында орналасқан Билікөлге асатын асуға жақын маңдағы төбелер тізбегі – «Аралтөбе» деп аталады. Ал, бұрынырақта Таңшығыс атауын иемденген ескі жұрттан дәл осы «Аралтөбеге» қарай жол тартқан жолаушының алдынан қаз-қатар жатқан екі сай (өзек) кездесер еді. Оның алғашқысы «Құлет өзек» деп аталса, кейінгісіне «Кәрі әуіт» деп айдар тағылған. Қошқарата өңіріндегі Боралдай тауының етегінен бастау алып, Қостөбеге қарай Ұзынбұлақтың екінші өзекпен қиылысатын тұсында қолдан жасалған осынау таспаның қысқаша тарихы осындай.
Есен ӨТЕУЛІ
Жуалы ауданы