Күй күмбірлеген күн
Ұлттық домбыра күні мерекесіне орай Аmanat партиясы облыстық филиалы мен облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен «Баласағұн» орталық концерт залында «Домбыра – дастан» атты домбыра party өтті. Салтанатты іс-шара облысымыздың 85 жылдығына және әйгілі композитор Кенен Әзірбаевтың 140 жылдығына арналды.
Іс-шараны Аmanat партиясы облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов пен облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Сара Мадиева сөз сөйлеп ашып, домбыраның қасиетіне кеңінен тоқталып, өнерпаздарға сәттілік тіледі. Жиында Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның Ұлт аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен бірнеше патриоттық әндер шырқалып, күйлер орындалды. Құрманғазының күйі «Серпер», Әлшекей Бектібайұлының күйі «Отарба» ел назарына ұсынылды.
Көпшіліктің алдында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақыт Шағырбаев, Мәдениет саласының үздіктері Жасан Тілеубеков, Оңал Азаматова, Айгүл Мақашева бастаған өнерпаздар және «Жамбыл» триосы әннен шашу шашты. Мәдениет саласының үздігі Маралбек Бабақұлов Шәмші Қалдаяқовтың «Жаңарған Жамбылым» әнін, Мерей Әбуова Алтынбек Қоразбаевтың «Сағындым Кенен атамды» әнін шырқады.
Іс-шара барысында Ұлт аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым», Аман Малдыбаевтың «Көне Тараз күмбірі» күйі нақышына келтіре орындалды. Осы тұста оркестрдің дирижері Дулат Байзілдаевтың еңбегін айрықша айта кеткен жөн.
Есет ДОСАЛЫ