Аймақ

Айына алпыс домбыра жасайтын шебер

Домбыраның қазақ үшін қаншалықты қадірлі екендігін Қадыр ақын екі-ақ ауыз сөзбен түйіндеген. Қос ішегіне тұтас бір ұлттың тарихын сыйдырған киелі аспаптың тамыры тереңде жатыр. «Екі шектің бірін қатты, бірін сәл-пәл кем бұрағанда» бабалар үні сыр шертіп тұрғандай. Одан төгілген әсем ән мен тіл күрмеліп, жүрек булығып қалғанда шыққан күйді естігенде тебіренбеу мүмкін емес. Айтулы мереке қарсаңында қазақтың домбырасын жасауды сүйікті ісіне айналдырған асалық шебер Берік Жұматаевпен сөйлесіп, киелі аспаптың жасалу жолдарын сұраған едік.

Ата кәсіпті қолға алған Жамбыл ауданының тұрғыны тапсырыс көп кезде айына 60 домбыраға дейін жасайтынын айтты. Сонымен қатар, он саусағынан өнер тамған шебердің қолынан тек бір ғана домбыра шықпайды. Ол ағаштан түрлі ұлттық аспаптарды жасайды. Бастапқыда қызығушылық ретінде қолға алған ісі бүгінде кәсібіне айналған. Қазір шебер кәсіби аспаптармен қатар сыйлыққа ұсынатын кәдесыйларға да тапсырыс кабылдайды. Қолы қалт етсе, ауласындағы шағын шеберханасына кіріп, болашақ туындысының әр бөлшегін өзі сызып, ерекше етіп жасауға тырысады.

Ұлттық өнерді ұлықтаған ұстаның домбырасы бүгінде еліміздің батысы мен шығысына, түстігі мен теріскейіне дейін жіберілуде. Сонымен катар, Берік Жұматаевтың қолынан шыққан аспапты жамбылдық өнерпаздар да пайдаланып келеді. Олардың қатарында «Көне Тараз» күйінің авторы, танымал күйші Аман Малдыбаев пен оның ұлы Рүстем Малдыбаев бар.

Шебердің айтуынша, күтімі жақсы болса, бір домбыра иесіне 25 жыл қызмет етеді. Өз ісінің кәсіби маманы музыкалық аспапты әзірлеу дұрыс ағаш таңдаудан басталатынын айтады.

Шебер әр жасаған дүниесіне өзіндік үлгіні ұстанып, қасиетті үнін сақтап қалуға барынша тырысатынын жеткізді. Өйткені, ол үшін домбыраның қоңыр үнін жоғалтпау аса маңызды.