Мәдениет

Дәуірдің үнін, даланың сырын шерткен абыз аспап

Жұмыр жердегі кез келген ұлттың үзсе жүрегімен бірге жұлынатын, түп тамырымен тыныстап жатқан құндылықтары бар. Тарихын қастерлеп, ата дәстүрін аманат еткен қазақ халқы үшін сондай құдіретті құндылықтардың көш басында тұрған, ол – киелі домбыра. Қазіргідей құндылықтар құмға айналған уақытта тағылымның темірқазығына айналған домбыраны ұлтымыздың рухани төлқұжаты деп айтсақ, оған ешкімнің таласы жоқ. Десек те, қасиетті аспаптың бұл күнде қаншалықты қадіріне жетіп жүрміз?

«Көне дәуірден жеткен бұл аспап халқымыздың болмыс-бітімін, салт-дәстүрі мен мәдениетін айшықтайды. Рухымызды көтеріп, мерейімізді өсірген қара домбыра асыл мұрамызға, ұлттың символына айналды. Біз оны жан-жақты дәріптей береміз» деп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Құрманғазы мен Тәттімбеттің, Әсет пен Әміренің рухы сіңген, Жошының ұлын жоқтаған, халықтың мұңын күй етіп, даланың сырын сақтаған домбыраның қашанда қадірі асқақ, киесі мол.

«Дариға, домбырамды берші маған» деп мұзбалақ ақын Мұқағали жырлағандай, даналығының дариясы кең дархан даланың мәңгілік қазынасы да – мәртебелі домбыра. Бүкіл елдің тарихын бір күймен жеткізетін құдірет те сол. Онда елдің мұңы, «тар жол, тайғақ кешкен» тағдыры, өткені мен өшпес өнегесі, арманы мен аманаты, парасаты мен пәлсапасы бар. Ұлттық домбыра күнінің күнтізбеден өрнектеле орын табуының өзі де халқымыздың осынау қасиетті аспабына деген риясыз құрметін білдірсе керек.

...Бір боранда, бір жаңбырда,

қазақ көшті қырдан-қырға,

Күй де көшті қырдан-қырға,

іздеп бізді – келешекті.

Барлық дала – бір домбыра, – деп марғасқа ақын Жұмекен Нәжімеденов жырлағандай, расында, бүгінгідей құндылықтар алмасып, ар мен ақша, намыс пен нарық «дуэльге» шыққан алмағайып уақытта күйдің «күйі» болмай, ұмыта бастаған ұрпағына риясыз ренішпен мұңайып қараған қарияның халін елестетіп тұрғандай. Абай Құнанбайұлының «…жан қуаты әуелден кішкене ғана болады. Ескеріп баққан адам ол қуатын зорайтады, ескерусіз қалса, ол қуаттар жоғалады, не аз-маз нәрсе болмаса, үлкен ешнәрсе жарамайтын болады. Адам ішіп-жеп тән қуатын ғана ойламай, жан қуатын да жетілдіруі үшін қам жеуі керек» деп айтқан тұғырлы тұжырымы бар. Ал, адамзаттың жан қуатын арттыратын, халқымыздың сан ғасырлық тұрмыс-тіршілігінен мәлімет беретін, ұлттық мәдениетіміздің деңгейін көрсететін асыл қазыналарымыздың бірі – домбыра.

Бүгінгі буынның алдында домбырадай асқақ мұраларымызды жастардың санасына сіңіртудің жаңаша жолдарын табу міндеттері тұр. Бұл туралы әйгілі «Көне Тараз күмбірі» күйінің авторы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Аман Малдыбаев әрбір бала дүниеге келгеннен ұлттық құндылықтармен тәрбиеленуі керек деп санайды.

Жамбылдың жыр жолбарысы жортқан, Кененнің «Көкшолағы» кезген Әулиеата жерінде домбыраға деген құрмет айрықша. Мәселен, «Домбыра үйрету әдістемесі» электронды оқулығының авторы Ержан Рысметов ұлттық құндылықты ұрпаққа ұмыттырмай, ұлықтау үшін насихаттау шаралары жыл он екі ай жалғасуы қажет деп отыр.

Ал, Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжіндегі халық аспаптары кафедрасының домбыра пәнінің оқытушысы Төрехан Курпебаев домбырамен қатар басқа да ұлттық аспаптарымызға құрмет көрсетілмесе, талай мұрадан көз жазып қалатынымызға алаңдаушылық білдіруде.

Жалпы, өңірдегі Айбол Құдайбергеновтің «Көне Тараз күмбірі», Марат Бердіғұловтың «Шахристан», «Әулиеата толғауы», Шолпан Қорғанбектің «Төрткүл түмені», «Қасиетті Тараз», «Батыр Бауыржан», Қуаныш Ахметовтің «Қарахан батыр», Есжан Әміровтың «Айша бибі», Руслан Қойшыбаевтың «Қарахан баба», Тоғжан Жахиннің «Кенен ата ізімен», Қалихан Сапаровтың «Тараз толғауы», Дулат Байзілдаевтың «Ақыртас», Ғибадат Тұрғалиевтің «Тарихи Талас», Мұхтарбай Рахманқұловтың «Аңырақай шайқасы», Әбдімомын Желдібаевтың «Әулиеата», Аман Малдыбаевтың «Көне Тараз» туындылары мұқым елге мәшһүр. Осы тақылеттес, тек домбыраның үнімен жүрекке жететін күйлер бүгінгі таңда өзінің көркемдік қуатын да, тәрбиелік мәнін де, эстетикалық идеалын да жойған жоқ. Сондықтан қазыналы аспабымызды тек қана домбыра күні немесе наурыз мерекесінде ғана қолға алмай, өскелең ұрпаққа күнделікті насихаттасақ, одан ұтылмасымыз анық. Себебі, ол – ұлтымыздың, рухани құндылығымыздың мәңгілік символы, сарқылмас қайнары.

 

Нұржан ҚАДІРӘЛІ