Әлеумет

Елорданың суық күні де сұлу

Шерхан АБЗАЛҰЛЫ, «Хабар» агенттігі «24» телеарнасының «Арнайы жоба» бағдарламасының тілшісі

Арайлы Астанаға қоныс аударып келіп қалғанымызға тоғыз айдың жүзі болды. Әулиеата жерінде де жаман еңбек еткен жоқпыз. Облыстық телеарнада редактор, республикалық телеарнаның меншікті тілшісі ретінде шамамыз келгенше тер төктік. Еліміздің бас қаласына барамын деген кезімде, көптеген таныстар мен жанашырлар Астананың өте суық қала екенін айтып, райымнан қайтаруға тырысты. Бірақ, мен талабымнан қайтпай, бас қаланы да көргім келді. Қазір ол ниетіме еш өкінбеймін. Бас қалаға келгеніме қуанамын.

Қазір халықаралық «Хабар» агенттігінің «24» телеарнасында «Арнайы жоба» бағдарламасының тілшісімін. Таразда жаңалықтар бөлімінде еңбек етсем, бұл жақта бағдарлама талабына жұмыс істеуді де меңгеріп жатырмын. Мұнда бір мәселені сараптап, мұқият ізденуге мүмкіндік бар. Сол жағы маған ұнайды. Сараптамалық материалдар әзірлеуге күш салып жүрмін. Келешекте Астана ғана емес, солтүстік және батыс өңірлердің әлеуметтік мәселелерін зерделеуді мақсат тұтып жүрмін.

Астананың зәулім жаңа мешіті ұнайды. Бас қалада салынып жатқан бір ауданның құрылысы аяқталуға жақын. Бұдан бөлек, тағы бір аудан салынып жатыр. Ал, көптеген іс-шаралар Есіл жағалауында өтеді. Оның бәрі бізге ұнайды. Өмірімді Астанамен байланыстырғаныма бек қуаныштымын. Астананың ауа райына да үйреніп кеттік. Бас қаланың зәулім құрылыстары былай тұрсын, мен үшін суығына дейін сұлу.

Осындай көз сүйсінер бас қаламыздың барына шүкіршілік етемін!