Әлеумет

Бала арманды баянды еткен қала

Қуат ӘУЕСБАЙ, Республикалық «Egemen Qazagstan» газеті бас редакторының орынбасары

Астана–менің бала арманымды ақиқатқа айналдырған қала. Таразда №12 Керімбай атындағы мектептің 8-сыныбында оқып жүргенде елордада өтетін «Жас Астана – жас жеткіншектер көзімен» халықаралық фестиваліне шақырту алып, төбеміз көкке жеткендей қуандық. Ауылдан ұзап шығып көрмеген біздің бала қиялымыз жаңа Астанаға ойша жүз барып, жүз шарлап қайтатын. Сөйтіп, арман болған Астанаға ғасырлар тоғысында, 2000 жылғы 10 маусымда келу бұйырды.

Елордада мыңжылдықтар мерекесі «Миллениум- пати-Астана» салтанатты іс-шарасы дүркіреп өтіп жатқан кез еді бұл. Ерке Есілдің жағасында көрген жұрт аузын ашып, көзін жұмып тамсанған ғаламат концерт өтті. Сол кездегі Қоғамдық келісім, ақпарат және мәдениет министрінің қолынан Алғыс хат алғанымыз бала кезіміздегі естен кетпес, ғажап оқиға болғаны анық.

Осы сапарымыз туралы күнделігіме былай деп жазыппын: «Астанадай қаланы көзбен көрген бізде не арман бар? Қазақтың жерінде, елорда төрінде тұрып, бойымызды қуаныш кернеді. Бір арманым – жаңа Астананы көру еді, орындалды! Ендігі тілегім – келешекте осы қалада тұрып, қызмет істеп, ұрпақ өрбітіп, тамыр жайсам деймін. Ия, Жаратқан, өзің жар болып, тілегімізді қабыл ет!»...

Араға он жыл салып Астанаға отбасымызбен көшіп келдік. Қаламы жүйрік кіл мықты журналистің басы құралып, «Халық сөзі» атты республикалық газетті жарыққа шығардық. Басылым бетінде Елорда мен оның тұрғындарының қордаланған көп мәселесіне қозғау салып, шешімін табуына газет арқылы ықпал еткеніміз рас. Сол кезде Елордада әрбір жаңа туған сәбидің құрметіне бір түп ағаш егу дәстүрге айналған еді. Шүкір, бұл күнде еккен ағашымыз жайқалып өсіп, төккен теріміз текке кетпеді. Қазақ мұндайда «Маңдайыңның бағы бес елі екен» деп жатушы еді, бес бірдей ұрпақ сүйіп, көпбалалы отбасы атандық. Ата-анамыз да елордаға қоныс аударып, ортамызды толтырып, отбасымызды байытып отыр.

Астананың маған берген сыйы көп. 25 жасымда «Халық сөзі» газетінің бас редакторы болып тағайындалдым. Бұл қызмет маған зор тәжірибе, үлкен мектеп болды. Одан кейін Парламент Сенатының Хатшылығына шақырылып, сол кездегі Сенат төрағасы, қазіргі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың спичрайтері болып еңбек еттік. «Түркістан» халықаралық газетінің бас редакторы болып жұмыс істеп жүргенде редакцияны Алматыдан Астанаға көшіруге атсалыстық. Бұл басылым «Үркер» ұлттық сыйлығын алып, «Жылдың үздік газеті» атанғаны да шабытымызды үстей түсті.

Елордадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің магистратурасы мен докторантурасын оқып, ғылыми-педагогикалық бағытта да еңбек ете бастадық. Қазір ел газеті «Egemen Qazagstan» газетіндегі негізгі жұмысымнан бөлек, аталған оқу орнының практик-аға оқытушысы болып жұмыс істеймін. Қазақтың небір сақа қаламгерлерінің қолының табы, табанының ізі қалған қарашаңырақ аудиториясында жас журналистерге дәріс оқимын.

Еңбегіміз де елеусіз қалып жатқан жоқ, Президент Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін», «Халық алғысы» медальдары мен сала министрлігінің «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталдық.

Осылайша, бала кезгі арманмен Арқа төсінде өрісіміз кеңейіп, ырысымыз молайып, тамырымызды тереңге жайып келеміз. Тәубә!