Жаңалықтар

Өңір экономикасының әлеуеті жоғары

Өңір экономикасын өркендетуде жаңа өндіріс орындарын ашу аса маңызды. Бұл аймақтың даму динамикасын еселей түсетіні анық. Осы мақсатта облыста автоклавты газоблок шығаратын жаңа зауыт ашылды. Өндіріс орнының ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Әбілқайыр Тамабек, Парламент Мәжілісінің депутаттары Жигули Дайрабаев, Серік Егізбаев, Мұқаш Ескендіров, Ерболат Саурықов, қала әкімі Бақытжан Орынбековпен қатар, облыстық мәслихат депутаттары қатысты.

Жиында алғаш құттықтау сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Әбілқайыр Тамабек тұрғындарды жаңа жұмыс орындарымен қамтитын қуатты өндіріс орындарын ашудың маңыздылығына тоқталды. Облыс әкімінің орынбасары аймақта бағыттағы жұмыстар Президент тапсырмасы аясында кешенді түрде жүргізіліп жатқандығын айтты.

Жалпы қуаттылығы жылына 50 мың текше метрді құрайтын зауыт әртүрлі өлшемдегі автоклавты газоблоктан бөлек, құрамы күшейтілген желім, қарапайым желім, сылақ секілді құрғақ құрылыс қоспаларын шығарады. Зауыт бүгінде 85 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Аталған жоба «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде қаржыландырылған. Өндіріс басшысы Талғат Жолтаев аталған зауыттың нарықта бәсекеге қабілетті өндіріс орнына айналатындығын атап өтті.

Айта кету қажет, облыста құрылыс индустриясындағы негізгі кәсіпорындар – портландцемент өндіретін «Жамбыл цемент өндірістік компаниясы» ЖШС, құрылыс гипсін және оның құрылғыларын өндіретін «Жамбылгипс» АҚ, темірбетон бұйымдарын, бетоннан жасалған құрылыс құрастырмалы құрылымдарын өндіретін «Ғимарат Темірбетон» ЖШС, «Жамбылхимстрой» ЖШС сияқты өндіріс орындары жұмыс істейді. Аталған өндіріс орындарының өнімдері Қырғызстан, Өзбекстан елдеріне экспортталады.

 

Нұрболат АМАНБЕК