Әлеумет

Жастардың жайы жіті назарда

Аймаққа Парламент Мәжілісінің депутаты, әлеуметтік-мәдени даму Комитетінің хатшысы Нұргүл Тау арнайы іссапармен келді.

Іссапар барысында халық қалаулысы Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының студенттер үйіне және М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің жатақханаларына бас сұқты. Бұл ғимараттардың қауіпсіздігі мен қолайлылығына көңіл аударды.

Ғимараттарды аралау барысында Мәжіліс депутаты олардың ішкі және сыртқы жағдайы қауіпсіздік талаптарына сай еместігін жеткізді. Айтуынша, студенттерді қауіпсіздікпен қамтамасыз ететін құрылғылар орнатылмаған.

Террорлық және басқа да қауіп төндіруші күштерден қорғануға мүмкіншілік жоқ екенін алға тартқан Нұргүл Тау «Вейп – ел жастарының ермегіне айналмауы тиіс» тақырыбында жастармен кездесу өткізді.

Кездесуде бүгінгі жасөспірімдерге еліктеушілік тудыратын зиянды заттарды тыю керектігін айта келе, электронды темекінің дүкендерде сатылуына жол бермеу туралы мәселені көтерді. Заңсыз сатылымда жүрген шетелдік тауарлар елімізде әлі де сауда айналымында бар. Бала денсаулығына зиян мұнай қалдықтарынан жасалған өнімнің қазіргі таңда қауіптілігі өршіп тұр.

Іс-шара барысында кеңес әскерлер тобының республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстағы филиалының директоры Сабыралы Қыдыралиев сөз алып, бүгінгі жастар тәрбиесі мен мемлекеттік тіл жайында мәселе көтерді. Қазіргі ұрпақты отансүйгіштікке баулу керектігін, оларға ана тіліміздің қадір-қасиетін терең түсіну қажеттігін жеткізе келе ел қорғаған бабаларымыздың ерлігін ұмытпау парыз екенін сөз етті.

Кездесу аяқталған соң, Нұргүл Тау «Тектұрмас» этно-тарихи кешенінің және «Шөлдала» тұрғын алқабында орналасқан жайлы мектептің жұмысымен танысты.

 

Нұржан ӘЛІШ