Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «ШЫҰ плюс» саммитінде сөз сөйледі
Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысынан кейін саммит «ШЫҰ плюс» форматында жалғасты.
Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Шанхай ынтымақтастық ұйымының халықаралық аренадағы рөліне айрықша тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев бейбіт және үйлесімді даму мәселесін ілгерілетуді ШЫҰ аясындағы көпжақты ынтымақтастықтың басты міндеті ретінде атап өтті.
Қазақстан Президенті Біріккен Ұлттар Ұйымының 80, сондай-ақ ШЫҰ мен БҰҰ ынтымақтастығының 20 жылдығына қарай «Әділ әлем, келісім және даму жолындағы жаһандық бірлік туралы» бастаманы қолдау үшін БҰҰ Бас Ассамблеясының резолюциясын қабылдауды ұсынды.
Мемлекет басшысының пікірінше, сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға айрықша мән берген жөн.
Мемлекет басшысы Азияның экономикалық тұрғыдан өркендеуіне көбіне ШЫҰ-ға мүше елдердің ықпалы зор екенін атап өтті. Сондай-ақ, Қазақстан тарапы Қытайдың ішкі ауқымды нарығына ШЫҰ елдерінің қолжетімділігін арттыру және Ұйымға мүше елдермен тауар айналымын 3 триллион долларға дейін жеткізу ниетін құптады.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан Еуразиялық көлік жүйесінің ең маңызды бөліктерінің бірі саналады. Сондай-ақ, еліміздің «Бір белдеу, бір жол» мегажобасын, Транскаспий көлік бағытын және «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізін өзара ұштастыру, стратегиялық порттар мен логистикалық орталықтардың серіктестік желісін құру ісіндегі бастамалары туралы мәлімдеді.
Мемлекет басшысы қазіргі жағдайда экология және климаттың өзгеруіне қарсы күрес салаларындағы ынтымақтастықтың өзектілігі арта түскеніне тоқталды.
Мемлекет басшысы ішкі су көздерінің деградацияға ұшырау проблемасын шешу, жаңа су үнемдеу технологияларын енгізу жөніндегі іс-қимыл жоспарын әзірлеуді ұсынды. ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің бұл бағыттағы ортақ күш-жігері БҰҰ Бас Ассамблеясы жариялаған Мұздықтарды сақтаудың халықаралық жылы аясындағы мақсаттарды жүзеге асыруға ШЫҰ-ның қосқан нақты үлесі болмақ.
Президенттің пікірінше, ШЫҰ қызметінің аса маңызды бағытының бірі – мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту. Бұл сала Қазақстанның Ұйымға төрағалығы кезінде ұдайы назарда болды.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ-ға мүше елдердің жас көшбасшылары мен таланттарының жыл сайынғы кездесуін өткізу, диалог аясындағы серіктестердің жаңа оқу орындарын қосу арқылы ШЫҰ университеттері желісін кеңейту, техникалық мамандықтар үшін бөлінетін грант санын жылдан-жылға көбейту жөнінде ұсыныс айтты.
Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, Қазақстанның ШЫҰ аясындағы және «ШЫҰ плюс» форматындағы жан-жақты әрі өзара тиімді ынтымақтастыққа бейілді екенін мәлімдеді. Сондай-ақ серіктес елдердің барлық конструктивті ұсынысы Ұйымның одан әрі қарқынды дамуына тың серпін беретініне сенім білдірді.
Саммитте Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерриш, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Иран Президентінің міндетін атқарушы Мұхаммед Мохбер, ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Пәкістан Премьер-министрі Шахбаз Шариф, Ресей Президенті Владимир Путин, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Үндістан Сыртқы істер министрі Субраманьям Джайшанкар, Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсух, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов, Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған, БАӘ Жоғарғы кеңесінің мүшесі, Рас-Әл-Хайма әмірлігінің билеушісі шейх Сауд бен Сақр Әл Қасими сөз сөйледі.
Akorda.kz