Әлеуметтік нысандар ел игілігіне берілді
Астана күні қарсаңында өңірде бірқатар әлеуметтік нысандар халық игілігіне берілді. Осы күні Жамбыл ауданы, Өрнек ауылында спорт кешені ашылды. Салтанатты іс-шараға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қатысып, жаңа нысанның жай-жапсарымен танысты.
«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында бой көтерген спорт кешенінің құрылысы екі жыл бұрын басталған. Жобалық құны 313 миллион теңгеге бағаланған нысан құрылысын «Авторремстрой» компаниясы жүргізген. Осы уақытқа дейін балалар бұқаралық спортпен жаздың күні аулада, ал күн суықта мектепте шұғылданып жүрген. Енді 200 балаға арналған кешен ауылдық жерден мықты спортшылардың шығуына, жеткіншектердің кәсіби деңгейде спортпен шұғылдануына сеп болмақ. Ауыл тұрғындарын жаңа нысанның ашылуымен құттықтаған облыс әкімі Әулиеата өңірінің спорт саласындағы әлеуетіне тоқталды.
Екі қабаттан тұратын ғимаратта жаттығуға арналған құрал-жабдықтар қамтылып, толықтай заманауи үлгіде жасақталған. Мекеменің сыртқы ауласы абаттандырылып, іші толық жылу жүйесімен қамтылған. Мұнда балалар футбол, күрес, волейбол, бокс сынды түрлі үйірмелерге қатыса алады. Жиында сөз алған ауыл тұрғыны, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Ілесбек Амалов елді мекен тұрғындарының спортта жеткен жетістіктеріне тоқталып өтті.
Айта кетейік, Жамбыл ауданында 142 спорт кешені бар. Бүгінде мұнда тұрғындардың спортпен шұғылдану пайызы 40,5 пайыз болса, аймақтағы спорт кешендерімен жабдықталу үлесі 63 пайызға жеткен. Биыл жыл соңына дейін осы аудандағы бірқатар елді мекенде футбол алаңшалары соғылып, бес ауылда футбол алаңдары заманауи үлгіде жаңартылмақ. Бұдан бөлек, аймақ басшысы Аса ауылындағы халық 33 жылдан астам уақыт сарыла күткен теміржол станциясы арқылы өтетін жаяу жүргіншілерге арналған аспалы көпірдің ашылу салтанатына қатысты.
Тұрғындардың ұсынысын ескеріп, жергілікті мәслихат депутаттарының қолдауымен жүзеге асқан жоба өткен жылдың тамыз айында басталған. Құрылысын «Д&K» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген нысанның жобалық құны 336 миллион теңгені құрайды.
Көпірдің биіктігі 6 метр, ұзындығы 41 метр. Алты тораптан тұратын көпірде қауіпсіздік шаралары да қарастырылған. Мұнда жаяу жүргіншілер жолағы, мүмкіндігі шектеулі жандарға ыңғайластырылып, лифт қойылған.
Бұған дейін 13 мың тұрғыны бар асалықтар айналма жолдан өтуге қиынсынып, теміржолды төтесінен кесіп жүрген. Олардың арасында жасы да, үлкені де бар, тыйым салынған белгілерге қарамастан пойыздардың астымен өтетін. Жаңа нысанда облыс әкімі аспалы көпірдегі лифтінің жұмысымен танысып, мұнда тұрғындардың қауіпсіздігі басты назарда болуы керектігін айтты.
Айта кету қажет, осы күні аудандағы Қаракемер ауылында да жаңа спорт кешені халық игілігіне берілді. Сонымен қатар, алдағы уақытта Тастөбе мен Қызылқайнар ауылдық округінде спорт кешенін соғу жоспарлануда.
Нұрболат АМАНБЕК