Жаңалықтар

Қызмет сапасын жетілдіру – маңызды мақсат

Бүгінде мемлекет пен халық арасында байланыс орнату мақсатында түрлі бірлестіктер мен қоғамдық ұйымдар жұмыс жүргізіп келеді. Аталған құрылымдар өз кезегінде мемлекеттік саясатты әртараптандырып, саяси тұрақтылықты қамтамасыз ететіндігі сөзсіз. Осындай міндетті арқалаған облыстық Қоғамдық кеңесте бірқатар нәтижелі жұмыстар жүргізіліп келеді.

Осыған байланысты облыстық Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы Қазақстан Республикасының «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңына сәйкес қоғамдық бақылаудың нысаны – есептік тыңдау түрінде өтті. Күн тәртібіне сай есептік тыңдауда білім басқармасының басшысы Рауан Садырқұлов білім саласында көрсетілетін мемлекеттік қызметтер түрлерінің нәтижелері туралы есеп берді. Басқарма басшысының сөзінше, бүгінде аталған салада 34 түрлі қызмет түрі ұсынылады.

– Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізіліміне сәйкес білім саласында 34 мемлекеттік қызмет түрі көрсетіледі. Оның біреуі қағаз түрінде, жиырма жетісі электронды және қағаз түрінде, қалған алтауы электронды түрде жүзеге асады. Соның ішінде білім басқармасымен үш мемлекеттік қызмет түрі көрсетіледі. Олар: Педагогтерді аттестаттаудан өткізу үшін құжаттар қабылдау; мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен педагогтерін лауазымға тағайындау, лауазымнан босату қағидасына сәйкес құжаттар қабылдау; техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру бойынша конкурсқа құжаттар қабылдау.

Басқарманың ресми сайтында арнайы мемлекеттік қызметтер бөлімі бар. Білім саласында көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің қағидалары, тоқсандық есептер, талдамалық анықтамалар орналастырылған. Instagram, Facebook әлеуметтік желісіндегі ресми парақшаға қойылған сауалдар бойынша мерзімінде жауап беріледі. Қоғаммен байланыс орнату, ашықтық, қызмет алушылардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару мақсатында басқарманың әлеуметтік желілеріндегі ресми парақшаларында үздіксіз ақпараттар жарияланып, жұмыс жүргізіледі. Осы мақсатта басқармада Call-орталық та құрылған. Call-орталыққа келіп түскен сауалдарға жауапты мамандардан кеңес алынып, заң аясында жауап беріледі немесе қызмет алушы бас маманмен байланыстырылады, – деді Рауан Садырқұлов.

Сондай-ақ, ол білім басқармасы тарапынан әзірленген edushool.kz, edugarden.kz, zhambyltipo.kz ақпараттық жүйелерінің жұмыстарына да тоқталып, аталған бағыттағы жұмыс ақауларына қатысты кеңес мүшелерінің сұрақтарына жауап берді.

– Еdushool.kz, edugarden.kz, zhambyltipo.kz ақпараттық жүйелерді ай сайын сүйемелдеу ақылы болғандықтан, 2021 жылдың ІІ тоқсанынан бастап министрліктің тапсырмасына сәйкес «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді автоматтандыру» ақпараттық жүйесіне ауыстырылды. Дегенмен, кейбір мемлекеттік қызмет түрлерін Министрлік тарапынан әзірленген is.eas.kz ақпараттық жүйесімен көрсету барысында техникалық проблемалар бар, яғни, e-gov.kz ақпараттық жүйесімен интеграция жоқ. Бүгінгі таңда мектепке дейінгі ұйымдарға жіберу үшін мектеп жасына дейінгі балаларға жолдама беру уақытша тоқтап тұр, – деді Рауан Нұрғалиұлы.

Бұдан бөлек, мектеп директорларын тағайындау да бүгінгі күннің өзекті мәселесі екені анық. Осы мәселе төңірегінде ой қозғаған кеңес мүшесі Жангелді Омаров әлеуметтік желідегі жұрттың базынасын жеткізіп, халық өңірдегі білім ордаларында жүзге тарта мектептің басшысы жоқ екендігін жеткізді.

– Біріншіден, жүзге тарта мектептің басшысы жоқ деген жалған ақпарат. Бұл ретте тұрғындардан тек ресми мәліметке сенуін сұраймын. Жыл басында басшылық қызметке келген тұста облыста жалпы саны 59 білім ордасында басшылық лауазым бос болатын. Соның 13-і конкурс арқылы тағайындалды. Сонымен қатар, әлеуметтік желіде 10 ауданда білім бөлімінің басшысы жоқ екендігі жиі айтылады. Алайда, тек екі ауданда ғана аталған лауазым орны бос тұр. Оның біреуіне конкурс жарияланған, – деді басқарма басшысы.

Есептік тыңдалымда облыстық Қоғамдық кеңес төрағасы Марат Әбдірайымов аймақтағы білім беру ұйымдарындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтің сапасына соңғы үш айда жүргізілген мониторингтің қорытындысын айтып, басқарма басшысына сұрақтар қойды.

– Мониторинг жүргізу барысында колледжде көрсетілетін 7 мемлекеттік қызметті қарадық. Жаңатас көпсалалы колледжінің ғимараты жақсы, бірақ, 2023-2029 жылдарға арналған білім беруді дамытудың Тұжырымдамасында бекітілген «Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында білім алушыларға жатақхана беру» қызметі көрсетілмеген. Неге жатақхана жоқ? – деген сұраққа, жауаптары: «жатақханаға қасымызда тұрған ғимаратты алайын деп отырмыз, оған жөндеу жұмыстары жасау керек», – деп отыр. Біздің ойымызша, бұл жақын арада бітпейтін мәселе. Колледж тарапынан заңнамамен бекітілген 7 мемлекеттік қызметтің біреуі көрсетілмей отыр. Осындай жағдай Сарысу ауданы, Ұйым ауылындағы колледжде де орын алған. Сонымен қатар, «Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім туралы құжаттардың төлнұсқаларын (дубликат) беру» қызметі бойынша бекітілген журналдар толыққанды толтырылмаған, басқарма тарапынан тексеру жұмыстарының құжаттары, кемшіліктерді жою бойынша анықтамалар көрсетілмеген, – деді төраға.

Жиынды қорытындылай келе, Қоғамдық кеңес «Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында білім алушыларға жатақхана беру» мемлекеттік қызметі бірқатар колледждерде көрсетілмеуіне байланысты колледждердің білім беру қызметтерінің лицензиялау талаптарына сәйкестігіне талдау жүргізіп, қорытындысын жолдауды ұсынды.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыс бойынша департаментінің ұсынысы бойынша Қоғамдық кеңестің 2024 жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес жүргізілген есептік тыңдауда білім басқармасының есебі «қанағаттанарлық» деп танылды. Есептік тыңдау қорытындысы бойынша білім саласында көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру және жетілдіру мақсатында айтылған ұсыныстар тиісті мемлекеттік органдарға жіберілді.

 

Жанар ОРЫНБАЕВА,

облыстық Қоғамдық кеңестің хатшысы.