Білім

Бала санасы құндылықтан нәр алады

«Ел боламын десең – бесігіңді түзе», деген дана халқымыз. Ұлт болашағын тәрбиелеу бесіктен, тіпті ананың құрсағында жатқан кезден бастау алатынын ұлы ғалымдар дәлелдеп қойған. Жердің бетінде тіршілік еткен әрбір жаратылыстың өзіне тән мақсаты бар. Олар сол мақсатқа сүйеніп өмір сүреді. Мүмкіндігіне қарай дегеніне талпынып, күн көріс қамын жасайды. Ал адамдардың олар қарағанда ойлау кеңістігі әлдеқайда жоғары. Ғылым мен білімнің жолында өздерін жетілдіріп, биік армандарға қол жеткізеді. Сол секілді ұрпақ тәрбиесіне де үлкен даналық қажет екенін кейбіріміз аңғармаймыз.

«Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың – қас жауы», – дейді әл-Фараби. Баладан бұрын соған әке- ана атанудың жауапты іс екенін сезініп, өзіңді тәрбиелеп алу қажеттігін терең түсіну керек. Өскелең ұрпаққа өнеге беретіндей бойыңда үлгілі қасиеттер қалыптасуы тиіс.

Ілгеріде баласына бал жеуді қойдыра а лмай жүрген ана бір дана адамға барыпты. Перзентінің тәттіге тым құмарлығын жеткізіп, одан тез тыю керектігін өтіне айтқан анаға әлгі данышпан үш күннен кейін келуін талап етіпті. Үш күннен соң қайтадан алдына келген балаға данышпан «Әй, бала, бал жеме», десе, сол күннен бастап бал жеуін доғарса керек. Сәбидің анасы «сіз бұл сөзді бұдан бұрын келген кезде неге айтпадыңыз», деп таңғала сұрапты. Бұл сұраққа данышпан ол уақытта өзінің балды көп жейтіндігін және содан тыйылғанын алға тартыпты. Яғни, ол алдымен өзін тәрбиелеп содан соң ғана бала тәрбиесіне көңіл бөлген екен. Ұрпақ тәрбиесінің маңыздылығы осындай даналықтармен өлшенеді.

Отбасында ата-ана баланың алдында мәдени қарым-қатынасты сақтауға тырысу керек. Жеткіншектің алдында жағымсыз қылықтарын жасырып, жақсы қасиеттерін көрсете білуі қажет. Сәбидің санасына рухани асыл қасиеттерді сіңіріп, қоршаған орта құндылығын әрдайым құрметтеуге бейімдеу маңызды. Қазақ ұл-қызын «Ұят болады», «Жаман болады», «Обал болады», деп тәрбиелеген. Бұл сөздерді отбасында жиі естіп өскен баланың жан дүние сі жамандықпен былғанбайды. Керісінше, ол айналасындағы адамдарға жақсылық жасауға талпынады. Дәстүрімізде ұрпақ тәрбиесіне қатысты ырым-тыйымдар көп. Бабаларымыз сол дәстүрдің шеңберінде ұл-қызына тек түзу жол көрсете білді. Қызын қырық үйден тыю арқылы оның арын қорғады. Ұлын алты жастан атқа мінгізіп елін, жерін қорғауға баулыды. Жеткіншекке жеті атасын жаттатып, еліміздің өткен тарихын білуге үндеді. Әжелеріміз бесік жырын айтып, ба ланы әнмен жұбату арқылы бойына рухани құндылықтарды сіңірді. Балаға батырлар жырын жаттатып, жүрегіне ерліктің дәнегін екті.

Ал бүгінгі заманның тәрбие ісіндегі талабы басқаша. Бесіктегі баланыда телефон тәрбиелеп жатыр. Жылаған сәбиді жұбату үшін смартфонға жүгінеміз. Мұндай заманауи бағытта бала тәрбиелеудің өзіндік жөні бар шығар. Бірақ осы құрылғылардың кейде теріс тәрбие беретінін де ұмытпайық. Смартфонға психологиялық тұрғыдан тәуелділікке ұшыраған балаларда бар. Таңнан кешке дейін құрылғыны құшақтап жататын сәбилер шын өмірдің мән-мағынасын түсінуден қалады. Тәй-тәй басқан жеткіншектің әр қадамын бақылап, оның дұрыс жетілуіне жан-жақты жағдай жасау маңызды. Оларды қоғамдық ортаға бейімдейтін арнайы орталықтардың да рөлі ерекше. Себебі, ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы. «Ұлтыңды с ақт аймын десең – қызыңды тәрбиеле, рухыңды сақтаймын десең – ұлыңды тәрбиеле», – деген даналар. Бұрынғы ата-бабаларымыздың заманындағы білім саласы төмен болған дейміз. Десек те, ұрпақ тәрбиесіне келгенде оларды көреген, тәжірибелі деп айтсақ қателеспейміз.

 

ГауһарКҮЗЕНБАЕВА,

№38 «Толағай» бөбекжай-бақша меңгерушісі.

Тараз қаласы