Әлеумет

Сапалы мобильді интернет – қоғам игілігі

Бүгінгі таңда өңіріміздегі 367 елді мекеннің 50-і 2G, 69-ы 3G және 248-і 4G мобильді интернетімен қамтамасыз етілген. Ал, 199 ауыл тұрғындары талшықты-оптикалық байланыс желісінің игілігін көруде. Айта кетейік, 2023-2024 жылдары «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында мобильді операторлар тарапынан 180 елді мекенге 4G базалық станциясын орнату жоспарланған. Қазіргі күні осы бағытта бас-аяғы 72 ауылда бірқатар жүйелі жұмыстар атқарылған. Бұл туралы облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте кеңінен айтылды. Жиында әуелі облыс әкімдігі цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Руслан Нокрабеков баяндама жасады. Оның айтуынша, «Қолжетімді интернет» Ұлттық жобасы аясында 2023-2024 жылдары «Мобайл Телеком-Сервис» серіктестігі 68 елді мекенде 4G базалық стансасын орнатуды жоспарлауда. Бүгінде 18 елді мекенде тиісті жұмыстар аяқталған.