Қоғам

Мәңгілік жастықтың символы

Қазақ даласында ертеден емдік қасиетімен танылған өсімдіктің бірі – мия. Елімізде емдік шөптің есек мия, ақ мия, жалаң мия, қызыл мия, миятамыр сынды бес түрі кездеседі. Мия тамыры косметологияда, медицинада, тамақ өнеркәсібінде кеңінен қолданылып, терінің қартаюының да алдын алады. Осы қасиеті үшін де «сұлулық сиқыры» деген атауға ие өсімдік бүгінде еліміздің оңтүстік, оңтүстік-шығыс аймақтарында, Сырдария, Іле, Шу өзенінің аңғарларында өседі.

Бұл өсімдіктің қасиетін әлемнің көп елдері ертеден-ақ анықтаған. Мия тамыры, тіпті Тутанхамон қабірінен табылған, яғни ежелгі мысырлықтар емдік шөптің фармацевтикалық қасиеттерін жақсы білген. Қазір оны тамақ өнеркәсібінде, косметологияда қолданбайтын елдер кемде кем. Мәселен, Германияда мия тамырынан жақпа майлардың 20-30 пайызы жасалады. Тибетте мия тамырын «ұзақ өмір сүрудің сиқырлы тамыры» деп атайды, жастық реңді сақтау үшін қайнатып ішеді. Ал Қытайда мия тамырының адамды жасартатын қасиеті үш мың жыл бұрын дәлелденген. Бұл елдің дәстүрлі медицинасында мия тамырынсыз бірде-бір дәрі жасалмайды. Тері қартаюының алдын алатын қасиетін бағалап, қытайлықтар оны мәңгілік жастықтың символикасы санаған. Тіпті, шикізат тапшылығынан Қытай билігі 2008 жылдан бастап мия тамырын баж салығынсыз тасымалдауға рұқсат берген. Яғни, Қытай миядан 70-80 пайызға дейін пайдалы заттарды өндіріп алады. Бұдан бөлек, Үндістаннан Моңғолияға дейінгі аумақты мекендеген көшпенді скифтер де қызылмия тамырын пайдаланған. Ал гректер кезінде Дон өзенінің төменгі жағалауын мекендеген халықтан және Дунайдағы көшпелілерден қызыл мия тамырын сатып алатын болған. Бұл туралы 1778 жылы шыққан алғашқы орыс фармакопеясында жазбалар бар. Косметологияда көші ілгерілеп отырған Оңтүстік Корея да емдік шөп тамырын ұдайы қолданушылардың қатарында. Алайда, шикізат тапшылығынан олар мияны бүгінде қолдан өсіруге көшкен.

Ал қызыл мия тамырын халық медицинасында көптеген ауруларды емдеу үшін, мәселен стресс алғанда және күрделі оталардан кейін, іріңді жараларды, ұмытшақтық, қалқанша без ауруларын емдеуге ұдайы қолданған. Сондай-ақ, мия тамырын ауыр өнеркәсіпте де, оның ішінде, темірдің қуатын күшейтуге, тоқыма өнеркәсібінде де қолданады. Соңғы ғылыми зерттеулердің нәтижесі бойынша мия тамырының құрамындағы флавоноидтар асқазан-ішек жолдарының ауыр ауруларын тудыратын Helicobacter бактериясымен күресуге қабілетті екенін көрсеткен. Күн сайын шамамен 100 миллиграмм мия тамыры қандағы холестеринді төмендетіп, денсаулық пен өмірді ұзарта отырып, жүрек-қан тамырлары жүйесінің жақсы жұмысын қамтамасыз ете алады.

Мия тамыры өзінің негізгі компоненті – глициризинге бай. Тәтті дәмге ие бұл компонент асқазанның шырышты қабаттарына қабынуға қарсы әсер етеді, осылайша ауырсынуды жеңілдетеді және қабыну процестерін басады. Глициризин қарапайым қантқа қарағанда 50 есе тәтті, сол үшін де қанттың орнын алмастыруға қабілетті. Бұл өз кезегінде қант диабетіне шалдыққандар үшін өте пайдалы.

Осы қасиеттері үшін де әлемнің жетекші елдерінде кең сұранысқа ие мия тамыры қайсыбір жылдары заңсыз түрде жаппай эскпортталған. Мәселен, Қытайда «алтын шөп» деп аталған бұл өсімдік тамыры қымбатқа бағаланады. Сол үшін де емдік шөптің мәртебесіне мемлекеттік деңгейде сан мәрте сауал тасталған. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде мия тамыры бүгінде ерекше қорғауды қажет ететін дәрілік өсімдіктер қатарына енгізілген.

 

Нұрболат АМАНБЕК