Су айдындарындағы қауіпсіздік бақылауда
Жайдары жаз келе салысымен жас пен кәрінің ыстықтан қорғанып, суға сүңгігісі келіп тұратыны белгілі. Алайда, мұндай алып-ұшпалықтың арты қайғылы оқиғаға ұласып жататыны жасырын емес.
Мұндай оқыс жағдайларды болдырмау үшін облыстық төтенше жағдайлар департаменті жыл сайын кешенді қауіпсіздік шараларын жоспарлайды. Мәселен, 2024 жылғы шомылу маусымы кезеңінде су айдындарында қайғылы оқиғалардың алдын алу мақсатында күшейтілген профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Ол іс-шараларға ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолдану кең етек алған. Мамыр айында облыс әкімінің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте «Шомылу маусымын қауіпсіз өткізу» тақырыбында баяндама оқылып, құзіретті мекемелерге тиісті тапсырмалар берілген болатын. Нәтижесінде қазіргі таңда 1050 рейдік іс-шара жүргізіліп, 20 000 жадынама таратылды. Полиция департаментімен өзара әрекеттесу барысында кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекциямен және патрульдік полициямен, сонымен қатар, білім мекемелерінің қызметкерлерімен су айдындарындағы қауіпті учаскелерде кезекшілік ұйымдастырылып тұрады. Су айдындарының қауіпті учаскелеріне 496 ескерту белгісі, 38 билборд және 38 стенд орнатылған. Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер халықты қауіпсіздікке шақыру бойынша кеңінен пайдаланылуда. Сондай-ақ, қауіпсіздік ережелері халықтың көп шоғырланатын орындарында және су акваторияларына жақын орналасқан елді мекендерде дауыс зорайтқыш құрылғылары арқылы ұдайы ескертіліп отырады. Сонымен қатар, «77 TV» телеарнасында күнделікті 5 рет судағы қауіпсіздік бойынша бейнероликтер ұсынылуда. Қала және аудан орталықтарында ЛЭД экрандар арқылы «Судағы қауіпсіздік ережелері» тақырыбында 95 рет бейнероликтер көрсетіліпті.
Әлбетте, мұндай ескертулер мен жадынамаларға қарамастан, ереже бұзып, жазаға тартылып жатқандар да жоқ емес екен. Нақтыласақ, профилактикалық іс-шаралар барысында «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» Кодекске сәйкес, 476 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, хаттамалар толтырылған. Оның ішінде 412 бап, «Су айдындарында қауіпсіздік қағидаларын бұзу немесе орындамау» бойынша 20 хаттама толтырылып, 287 976 теңге айыппұл салынған. 364 бап, «Ортақ су пайдалану қағидаларын бұзу» бойынша 123 адамға ескерту берілген. 440 бап бойынша «Алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу» бойынша 333 хаттама толтырылып, 3 517 301 теңге айыппұл салынған.
Кез келген оқыс оқиғада жылдам шешім қабылдау мен шалт қимыл-қозғалыстың өте маңызды екені белгілі. Мұндайға мысал болатын деректер аз емес. Талай азаматтың суға батып бара жатқан балаларды өз өмірін қатерге тігіп құтқарып қалғанын көзіміз көріп, «бәрекелді» десіп жатамыз. Міне, осындай жанқиярлыққа бара алатын 749 бала шомылу маусымында ақысыз негізде суда жүзу дағдыларына үйретілген. Бүгінгі таңда облыстың су айдындарында бес мобильді және бір стационарлы құтқару бекеттері құрылған. Жуырда жедел құтқару жасағының құтқарушыларымен Тараз қаласы, Талас өзенінде рейдтік іс-шаралар барысында екі бала суда ағып бара жатқан жерінен құтқарылып, олардың ата-анасына әкімшілік шара қолданылған.
Атқарылған іс-шаралар аясында биылғы шомылу маусымы басталғалы қайғылы оқиғалар тіркелмеген. Профилактикалық рейдтер мен патрульдеу жұмыстары үздіксіз тұрақты негізде бекітілген кестелерге сәйкес ұйымдастырылып келеді.
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ