Жаңалықтар

Еңбекақы төлеу ерекшеліктері

Еңбек заңнамасында әрбір жұмыскерге бiрдей еңбегi үшiн қандай да болмасын кемсiтусiз бiрдей ақы алуға кепілдік берілген. Қызметкерге Қазақстан Республикасының нормативтiк-құқықтық актiлерiнде, еңбек шартында, ұжымдық шартта, жұмыс берушiнiң актiлерiнде көзделген жалақы мен өзге де төлемдердi уақтылы және толық мөлшерде төлеу жұмыс берушіге міндеттелген.

 

Жалпы, еңбекақы төлеу мөлшерi мен өзге де шарттары міндетті түрде жұмысшы мен жұмыс беруші арасында жасалған еңбек шартының мазмұнында көрсетілуге тиісті. Сондықтан да әрбір адам жұмысқа орналасу барысында жұмыс берушімен еңбек шартын жасасуда еңбек шартының мазмұнына өзінің еңбегіне төленетін жалақы мөлшерінің нақты көрсетілуін талап етуі қажет.

Жалақы мөлшерінің еңбек шартында көрсетілуінің өзі, әсіресе, жұмыс беруші тарапынан келісілген жалақы төлемі дұрыс немесе уақытылы төленбей жатқан кезде арада туындаған дауды шешу үшін тиісті органдарға шағымдану барысында бір дәлелді құжат ретінде пайдаланылады.

Жалақы төлеудiң тәртiбi мен мерзiмдерi Еңбек Кодексінің 113-бабына сәйкес жүргізілуі қажет. Осы баптың талабына сәйкес, жалақы ұлттық валютада ақшалай нысанда айына кемiнде бiр рет, келесi айдың бiрiншi онкүндiгiнен кешiктiрiлмей төлену керек. Жалақы төленетiн күн еңбек шартында, ұжымдық шартта көрсетілуі тиіс.

Сонымен бірге жалақы төлеу кезiнде жұмыс берушi әрбiр жұмыскерге тиiстi кезеңдегi тиесiлi жалақының құрамдас бөлiктерi, жүргiзiлген ұстап қалулардың мөлшерлерi мен негiздерi туралы, оның iшiнде ұстап қалынған және аударылған мiндеттi зейнетақы жарналары туралы, сондай-ақ төленуге тиiстi жалпы ақша сомасы туралы мәлiметтердi жазбаша түрде ай сайын хабарлауға мiндеттi.

Жалақы төлеу күнi демалыс немесе мереке күндерiне тура келген кезде төлем олардың қарсаңында жүргiзiлуі қажет. Жұмыс берушiнiң кiнәсiнен жалақыны және жұмыскермен еңбек шартын бұзуға байланысты өзге де төлемдердi төлеу кешiктiрiлген кезде жұмыс берушi жұмыскерге берешек пен өсiмақыны төлейдi. Өсiмақы мөлшерi жалақы төлеу жөнiндегi мiндеттемелердi орындау күнiне Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң қайта қаржыландыру ставкасын негiзге ала отырып есептеледi және төлем жүргiзiлуге тиiстi күннен кейiнгi күннен бастап әрбiр кешiктiрiлген күнтiзбелiк күн үшiн есептеледi және төлем жасалған күнмен аяқталады.

Егер де қызметкермен еңбек шарты тоқтатылса жұмыс берушiден қызметкерге тиесiлi барлық сомаларды төлеу шарт аяқталған күннен кейiнгi үш жұмыс күнiнен кешiктiрiлмей жүргiзiлуге тиісті, яғни шарт аяқталған күннен кейiнгi үш жұмыс күні ішінде қызметкерге тиісті төлемдер төленуі қажет.

Сонымен қатар, жалақыдан ұстап қалу мәселесіне тоқталатын болсақ, ол Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексінің 115-бабына сәйкес сот шешiмi бойынша, сондай-ақ еліміздің заңдарында көзделген жағдайларда жүргiзiледi. Еңбек заңнамасының талабына сәйкес, жұмыскердiң өзi жұмыс iстейтiн ұйымға берешегiн өтеу үшiн оның жалақысынан ұстап қалу қызметкердiң жазбаша келiсiмi бар болған кезде, жұмыс берушiнiң актiсi негiзiнде жүргiзiлуi мүмкiн. Жалпы, ай сайынғы жалақыдан ұстап қалудың жалпы мөлшерi қызметкерге тиесiлi жалақының елу пайызынан аспауы тиiс.

 

Әдина ИСАТАЙ,

облыс әкімдігі еңбек инспекциясы басқармасының баспасөз хатшысы.