Орны бөлек оңалту орталығы
Мүмкіндігі шектеулі жандарға барынша кедергісіз орта қалыптастырып, қоғамға бейімдеу – мемлекетіміздің маңызды мақсаттарының бірі. Бұл тұрғыда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та өзінің өзекті тапсырмаларында жыл сайын айтып келеді. Былтыр Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, халықаралық мүмкіндігі шектеулі жандар күні қарсаңында өңірімізде облыстық әлеуметтік оңалту орталығы игілікке берілген болатын. Қазір бұл орталықта 120 азамат қажетті ем шараларын алуда.
«Маңызды мәселе – мүмкіндігі шектеулі адамдарға барынша қолайлы жағдай жасау. Ең алдымен, барлық санаттағы мүгедектікті анықтау рәсімдерін түбегейлі жеңілдету керек. Қазір күтімге мұқтаж адамдардың өзіне тиесілі әлеуметтік қызметтерді пайдалануы өте қиын», – деген еді Мемлекет басшысы өз сөзінде. Жалпы, елімізде мүмкіндігі шектеулі жандарға қамқорлық шаралары ешқашан назардан тыс қалған емес. Президент тапсырмасына сай 2025 жылға дейін елде 12 оңалту орталығы бой көтеруі тиіс.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректеріне сүйенсек, өткен жылы 130 мың адам арнаулы әлеуметтік қызмет алған, оның ішінде 10 мыңнан астам мүгедектігі бар адам еліміздің 32 мемлекеттік оңалту орталығында ем-дом қабылдаған. Алайда республикада мүгедектігі бар адамдардың жалпы саны 711 мыңнан асады.
Әрқайсысы 150 орындық оңалту орталықтары инклюзивті топ өкілдерін оңалту кезеңінде тәулік бойы қабылдайды. Осылайша жыл сайын жаңа заманауи орталықтарда 1 500-1 800 мүгедектігі бар адам денсаулығын жақсартады деген болжам бар.
Былтыр өңірдегі заманауи кең орталықтың ашылуына облыс әкімі Ербол Қарашөкеев арнайы қатысып, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қуанышымен бөліскен еді.
«Мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын арттыру және әлеуметтік қолдау мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі және негізгі міндеттерінің бірі. Бүгінде ерекше қажеттілігі бар жандардың жағдайын жақсартып, қоғамда тең мүмкіндіктерге қол жеткізуін қамтамасыз ету, олардың мәселелеріне қоғамның назарын аудару, құқықтарын қорғау, қоғам өміріне белсене араласуына жағдай жасау бойынша түрлі шаралар қолға алынған. Президентіміз өз Жолдауында: «Әлеуметтік жағынан әлсіз топтағы азаматтарға қолдау көрсетеміз. Мүмкіндігі шектеулі жандарға да көмектесеміз», деген еді. Осындай ізгі қамқорлықтың нәтижесінде республика аумағында мүгедектігі бар адамдарды оңалту мен бейімдеуге ерекше көңіл бөлінуде. Бұл бағытта облыста да тиісті жұмыстар атқарылуда», – деп атап өткен болатын Ербол Шырақпайұлы.
Осылайша тарихы талай жылдарға жүк болатын өңірдегі әлеуметтік оңалту орталығы жаңа ғимаратқа көшкен еді. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға бұрын бұл орталықта 70 білікті маман қалтқысыз қызмет көрсетсе, бүгінде 170-ке жуық қызметкер еңбек етуде. Өз ісін жетік білетін тәжірибелі мамандар тарту ісінде орталық Жамбыл медициналық жоғары колледжімен берік әріптестік байланыс орнатқан.
– Ескі мекемеде жетпіс орын еді, қазір орталық 150 орынға арналған. Қызметкерлер саны 170-ке артты. Науқастарға әлеуметтік, медициналық, психологиялық, құқықтық, экономикалық, мәдени, тұрмыстық, яғни сегіз бағытта қызмет етеміз. Көбісі үйде отырып, қоғамнан шеттетіліп қалған жандар. Кез келген санаторий, аурухана он күннен артық ешкімді жатқызбайды. Ондай мүмкіндік тек бізде ғана бар. Арбаға таңылып, отырып қалған кісілерге өздері тамақ істеп, киімдерін тігіп кетуге дейін үйретеміз. Бұрынғы ескі мекемеде 3 физкабинет болса, қазір сондай 14 кабинет бар. Бәрі дамыған, ең соңғы технологиялармен жабдықталған. Мысалы, физкабинеттердегі бұрынғы құрылғылар жалпы саны 5-6 қызмет түрін жасаса, қазіргі құрылғылар 11 қызмет атқарады әрі барлығы толығымен автоматтандырылған. Диагноздары жазылған, кез келген науқасқа түбегейлі ем жасай алады. Бізге осы мекеменің іргетасын қалаған кезден бастап құрылғылардың жұмысына үйретті. Қазір мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған «Г», «Д» корпустарында бар, онда 100 палата бар. Оның бірінші қабаты толығымен арбаға таңылған азаматтарға арналған. Әр науқас жеке палатада ем алады. Жуыну бөлмелерінен бастап, мамандарды шақыру түймелеріне дейін қамтылған. Екінші қабатта қолөнер туындылары орналасса, үшінші қабатқа толығымен медициналық қызметтер топтастырылды. Тұзды шахтамыз да өңірде бірден бір қызмет түрі. Экзоскелетіміздің өзі 40 миллион теңгенің аппараты. Ол тірек-қимылы бұзылған, мүлде жүре алмайтын адамдарға арналған. Бізге келушілер сол құрылғымен қимыл жасайды. Нәтижелерін де көрсетеді. Науқастарымыз әр күнін осындағы заманауи спорт залда жаттығудан бастайды. Арнайы ванналардың өзі гидромассажбен қамтылған. Бүгінгі таңда 120 азамат ем алуда. Бұрын емдік шараларға парафинді қолданатынбыз, енді БТЛ парафинге тапсырыс бердік. Бұрынғы парафинді ерітудің өзі қосымша жұмыс еді. Қазіргісі өзі дайын күйде келеді. Сонымен қатар, енді физкабинеттерімізге лазермен емдеу жүйесіне тапсырыс беріп қойдық. Бұрын алпыстан аса маманымыз еңбек етті. Әрине, бұл бүкіл облысқа аздық ететін. Осы тұста жаңа ғимаратқа көшіп, қызмет саны да, сапасы да артқанына қуаныштымыз. Қазіргі таңда орталыққа келетін жолдың мәселесі қаралуда. Жол болмаған соң қоғамдық көлік те келе бермейді. Дей тұрғанмен, бұл мәселе де ұзақ күттірмей, оң шешімін табарына сенімдіміз. Әзірге маман тапшылығы жоқ. Себебі, біз Жамбыл жоғары медициналық колледжімен тығыз жұмыс жасаймыз. Мамандарымыздың 80 пайызы жастар. Аталған оқу орнына арнайы кабинет ашып бердік. Осында оқытушылар сабақтарын өткізіп, студенттер тәжірибеден өтуде. Біздегі мамандардың басым көпшілігі аталған оқу орнының түлектері, – дейді салада 35 жылдан аса еңбек өтілі бар білікті маман, облыстық әлеуметтік оңалту орталығының аға медбикесі Роза Сабырқұлова.
Қазіргі таңда орталықтағы 14 физкабинетте Жамбыл медициналық жоғарғы колледжінің түлектері қалтқысыз қызмет етуде. 2008 жылы небәрі тоғыз адамға арналып ашылған орталық 2011 жылы жетпіс адамға қызмет көрсетіп, уақытпен санаспай мүмкіндігі шектеулі жандардың риясыз алғысына бөленуде.
– Біздің физкабинетке көбіне бел және мойын омыртқалары зақымданған кісілер келеді. Біз жаңа құрылғыларға сол науқастарды дайындаймыз. Екі ай бойы бізге құрылғылармен жұмыс жасау үйретілді. Шведтік құрылғылар науқастардың жағдайын жақсартуға негізделген. Өзім бала күнімнен медициналық салада еңбек етуді армандап өстім. Себебі анам да осы салада талай жыл табан аудармай қызмет жасаған маман. Осылайша Жамбыл медициналық жоғары колледжінде фельдшер мамандығын алдым. Еңбек жолымды облыстық балалар ауруханасында бастап, салада 16 жыл медбике болып жұмыс істедім. Қазіргі таңда аталған колледжде білімімді жетілдіру үстіндемін. 20 жылдан кейін қайтадан жоғары медбике мамандығын оқуға бел будым. Арнайы физкабинетте күніне кемінде 15-20 адамға қызмет көрсетеміз. Мұндағы ванналар арқылы науқастардың бұлшық ет жұмыстары жақсарып, қан айналым жүйесі қалпына келеді. Бұл істе мен үшін ең бастысы – мүмкіндігі шектеулі жандардың алғысын алу. Ол кісілердің денсаулығындағы әрбір оң көрсеткіш мені кәсіби тұрғыда жігерлендіреді,–дейді медбике, Сарысу ауданының тумасы Айгерім Дәулетова.
Игілігі мол орталықта тағдыр тауқыметін арқалап, тән саулығы оңалту мақсатында 120 адам ем алуда. Әлеуметтік қызмет түрлері қызмет алушының денсаулығына байланысты 43 күннен бастап алты айға дейінгі мерзімде көрсетіледі. Орталықта жыл сайын 1000 мүгедектігі бар адам оңалтудан өтеді деп жоспарланған.
– Жуалы ауданында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беріп, ел қатарлы еңбек етіп жүргенімде кенеттен 2017 жылы қан қысымым көтеріліп, инсульт алып қалдым. Қан қысымым 280 болып құладым. Содан қажетті ем шараларын алып, бірден осы орталықтың көмегіне жүгіндім. Содан бері осы орталықпен байланысым үзілген емес. Отбасым, бала-шағам, немерелерім де бар. Орталыққа келгелі бері қайтадан аяққа тұра бастадым. Мамандардың еңбегінің нәтижесінде өздігімше жүріп-тұра алатын халге жеттім. Жыл сайын осында үш ай жатып ем қабылдаймын. Бұрынғы ескі ғимаратта да мамандар сапалы қызмет көрсетті. Бірақ, ол жер шынтуайтында тар еді. Қазіргі ғимарат өте кең, оған қоса ем қабылдау барысында тігін тігіп, қолөнермен де айналысуға мүмкіндік мол. Мұндағы мамандар мен үшін дәрігер немесе медбике емес, отбасымыздың бір мүшесі секілді жақын болып кетті, – дейді ем алушы Фатима Боранбаева.
Жалпы, облыс бойынша 45 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тіркелген. Арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну мақсатында өңірімізде 21 медициналық-әлеуметтік мекеме жұмыс атқарады, онда 1 689 азамат қызмет алуда.
Ал солардың ішінде негізгі күшті арқалап, көпшіліктің алғысына кенеліп отырған орталықтың жаңа ғимараты 2021 жылы басталған болатын. Мердігер ұйым «ТаразСтрой-2004» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Орталықтың жалпы аумағы – 4,932 гектарды құрайды. Бес блоктан тұратын нысанда сауықтыру-жүзу бассейні, акт залы, спорт залы, үш қабатты емдеу корпусы, ас блогы, екі қабатты стационар бар. І және ІІ топ мүгедектігі бар адамдарға физио-емдеу, электрмен емдеу, инелі рефлексотерапия, озакерит-парафинмен емдеу, ингаляция, емдік шынықтыру, емдік уқалау, галокамера, бассейн, жарықпен емдеу, жеке және топтық сабақтар, патронаж, компьютерлік техникаға баулу, кесте тоқу және бисер, тігін, табиғи материалдармен жұмыс істеу, қолданбалы өнер, фитотерапия, мүсін шеберханасы, кескіндеме, аяқ киім тігу, жөндеу, ағаш күйдіру, музыкаға баулу, театр студиясы, кітапхана, зейнетақы, жәрдемақылар, жеңілдіктер түрлерін алуға көмек ету, заңды тұрғыда кеңестер беру, хат жазу мен жолдауға көмек беру қызметтері қамтылған.
Тағдыр сынынан сүрінсе де, сынбаған жандарды аяққа тұрғызып, рухын көтеріп, қоғамға қайта бейімдеп отырған орталық мамандарының жұмысы қашанда құрметке лайық.
Нұржан ҚАДІРӘЛІ