Спорт және туризм

Біз білмейтін спорт түрлері

Жасыратыны жоқ, ел-жұрттың басым бөлігі футбол, волейбол, баскетбол, хоккей және бокс сияқты көпшілікке кеңінен танымал спорт түрлерін ғана біледі. Өйткені, түрлі әлеуметтік желілер мен телеарналарда көрсетілетін де осы ойындар. Алайда, әлемдік спорттың энциклопедияларында сегіз мыңнан астам спорттың бағыттары бар екен. Олардың бірін біз білгенімізбен, өзгесінің атауын естімегенбіз. Ендеше, солардың ішінде адамның күлкісін келтіретін біртүрлі әрі ерекше бірнеше спорттың түрлеріне тоқталсақ.

БАРМАҚПЕН КҮРЕС

1974 жылы Ұлыбританияда пайда болған осынау спорт түрі қазіргі таңда біртіндеп танымалдылыққа ие болып келеді. Жалпы, бұл спорт түрі – кәдімгі қол күресіне өте ұқсас. Тек мұнда қолмен емес, аяқтың бас бармағымен күресуге тиіссің. Ойын ережесі осы. Шарт бойынша сынға түскен спортшылар бас бармақтарымен бір-біріне жабысып, аяқтарын екі тақтайдың арасына қояды. Кімнің аяғы ең бірінші тақтайға тисе, сол жеңіліс табады. Бұл күнде кейбір адамдарға бармақпен күрестің ұнағаны соншалық, Солтүстік Ирландия мен Ұлыбритания елдерінің ұлттық спортына да айналып үлгерген.

АСҚАБАҚПЕН ЕСУ

Аты күлкілі естілгенімен, асқабақпен есу – халықаралық деңгейде мойындалған су спорты. Жыл сайын АҚШ, Канада мен Жаңа Шотландияда өткізілетін бұл жарысқа әлемнің түкпір-түкпірінен келетіндердің қарасы аз емес. Сайысқа қатысушылардың асқабағы шынайы болуы міндетті. Орташа алғанда көкөністің салмағы шамамен 350 килограмды құрауы қажет. Асқабақтың іші отыратын жер болатындай етіп ойылса, әлдеқайда жеңіл әрі жақсы жүзуге мүмкіндік туады. Бұл жарыс жыл сайын әртүрлі бағытта өткізілетіндіктен, қатысушылар соған сәйкес костюм таңдап, кемелерін безендіріп, жарысқа тыңғылықты дайындалатын көрінеді.

ХОТ-ДОГ ЖЕУДЕН ЖАРЫС

Мұндайды естіп көрмеген сіз бен біз әуелгіде «Спорттың мұндай да түрі бола ма?» деуіміз мүмкін. Себебі, бұл АҚШ- тағы танымал спорттардың бірі екен. Тіпті, осынау сайыс Америка Құрама Штаттарының тәуелсіздік күні – 4 маусымда ұйымдастырылады. Қомақты қаржыға кенелгісі келетін «спортшылар» әлемнің түкпір-түкпірінен келеді екен. Әзірге бұл спорт түрінен әлемдік рекорд орнатқан жапондық Такеру Кобаяши. Күншығыс елінің ұланы осы спорттың алты дүркін чемпионы. Бұл жігітті былайғы жұрт «Жапондардың тамақ жейтін көлігі» деп те атайды.

ФАЙЕРБОЛ

Қазақ халқы ұл-қызына бала кезінен отпен ойнама деп ескертеді. Ал, индонезиялықтар перзенттеріне керісінше, отпен ойнауды үйрететін секілді. Индонезия тілінде бұл ойын «Sepak Bola Api» деп аталады. Айта кетерлігі, бұл атау спорттық емес, ең алдымен салтанатты мағынаға ие. Индонезия тұрғындары қасиетті Рамазан айында отты доппен футбол ойнауды әдетке айналдырған. Ал, отты доп кокос жаңғағынан жасалады. Жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін жаңғақ ескі және құрғақ болуы керек. Кейіннен жаңғаққа керосин құйып жандырады. Жарыс барысында 11 ойыншы домаланған отты допты қарсылас қақпасына сүңгітуге әрекет етіп, гол соғуы тиіс. Жалпы, бұл ойын біртүрлі ғана емес, ең қауіпті ойын түріне жатады.

СУ АСТЫНДАҒЫ ХОККЕЙ

Хоккейді тек мұз бетінде ғана емес, сонымен қатар, су астында да ойнауға болады. Өткен ғасырдың 50-жылдары ұлыбританиялық «Sub-Aqua» клубының иесі Алан Блейк су астындағы хоккей ойынын ойлап табады. Ол ойынды алғашында «Сегізаяқ» деп атауды жөн көреді. Бұл ойынның жалпы ережелері кәдімгі хоккейге ұқсас. Тек мұнда матч су астында яғни, бассейннің түбінде өтеді. Қатысушылар қорғаныс құралдарының орнына тыныс алу маскалары мен желбезектер киеді. Мақсат айқын. Мүмкіндігінше қарсылас қақпасына көп гол соғу. Жарыс 15 минуттық екі кезеңнен және үш минуттық үзілістен тұрады. Матчты арнайы сүңгуір жабдықтары бар су астындағы қос төреші мен су бетіндегі бір төреші бағалайды. Ал, ойынның ең қиын тұсы – шайбаны қолдану. Себебі судың астындағы әр қимыл екі есе ауырлай түсетіні аян. Қазіргі таңда бұл спорт түрі көптеген елдерде танымал және тұрақты чемпионаттар ұйымдастырылып тұрады. Бастысы, көрермендердің ойын барысын су астындағы арнайы бейнекамералар арқылы бақылап, жанкүйер болуына жағдай жасалады.

 

Есен ӨТЕУЛІ