Бақыттың бастауы – ризашылық
Біреуді қуанту, біреуге жақсылық жасау – асыл қасиет. Осы асыл қасиеттің қоғамда азайып бара жатқаны жасырын емес. Қазіргі таңда біреуге көмектесетін адамның көпшілігі түптің түбінде оның да маған жақсылығы тиеді деген ұстаныммен, есеппен әрекет етеді. Қалай десек те, ізгі қасиеттерден гөрі, табыс пен пайда алғашқы орынға шыққан заманда өмір сүріп жатырмыз.
Ал, сенің жақсылық жасауға тиіс алғашқы адамың кім? Ол – анаң мен әкең. Әсіресе, түн ұйқысын төрт бөлген ананың қарызы мен парызынан құтылуымыз еш мүмкін емес. Сөйте тұра, кейде анасына ауыр сөз айтатын, ана көңілін қалдыратын, анасын ғайбаттайтын перзенттер де бар.
Бұл мысал әңгімені көпшілікке және жастарға әсері болса деген ниетпен баяндап отырмыз. Ертеректе Баязит Бастами деген тақуа өмір сүріпті. Оның қарт анасы бар екен. Бір күні түннің бір уақытында анасы Баязитті шақырып алып: «Су ішкім келіп жатыр», – дейді. Баласы жүгіріп барып, үйіндегі ыдыст ардан су таппайды. Осылайша Баязит анасының көңілі үшін түн ішінде бұлаққа суға барады. Суды әкелгенінше анасы тәтті ұйқыға берілген екен. Баязит содан анасының таңға жуық оянған сәтін күтіп отырыпты. Анасы оянғанда бұлақтың мөлдір, салқын суын ұсыныпты. Сонда анасы: «Уа, Алла, мен балама ризамын. Сен де риза бол», – деп қолын жайып, дұға жасапты. Кейінірек Баязит Бастами тақуа адам ретінде үлкен абыройға жетіпті. Сонда Баязит: «Бұл абырой маған анамның дұғасымен, аппақ ниетімен келді», – деп үнемі есіне алып, ризашылық білдіреді екен.
Ата-ананың алғысын, ризашылығын алу – адамның ізгі қадамы, ол жақсылыққа жол ашады. Көпшілігіміз осыны әлі түсіне алмай келе жатқанымыз қандай өкінішті.
Есет ДОСАЛЫ