Бренд қалыптастырған наубайхана
Жеке кəсіпкер Александр Козин он бір жылда өзінің ішкі нарықта «Хлебный дар» нан өнімдері желісін қалыптастырған. Осы кәсіпті он бір жылдан бері дөңгелетіп отырған кәсіпкер елдің алғысына бөленіп келеді. Қазір оның «Козин А.А.» наубайханасында нан өнімдерінің 100 түрі дайындалып, ол еліміздің бірнеше қаласына өткеріледі. Тараз қаласынан бөлек, наубайханада дайындалған нан өнімдері арнайы жабдықталған, бүйірінде «Хлебный дар» деген бар белгісі 11 ГАЗгазель көлігімен Қарағанды, Алматы және Түркістан облыстарына тасымалданады.
Жеке кəсіпкердің айтуынша, осы кəсіпті бастамас бұрын ол өзге наубайханаларда жұмыс істеп, тəжірибе жинапты. Сөйтіп, «Козин А.А.» жеке кəсіпкерлігін ашып, нан пісіру жəне тарату қызметімен айналыса бастаған. 2012 жылы нан-тоқаш және кондитерлік өнімдер шығаруды бастағанда қарамағында бірнеше адам жұмыс істесе, қазір жұмысшы саны жүз адамға жеткен.
– Еліміз үшін нан пісіру және кондитерлік тамақ өнеркәсібі маңызды салаларының бірі. Оның даму деңгейі халықтың өміріне әсер етеді және мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтады. Сондықтан да осыдан он бір жыл бұрын несие алып, кәсібімді бастадым. Кәсібімді кеңейту үшін екі жыл бұрын Тараз қаласындағы «Даму» қорына жүгінген едім. Қаржы алып, құрал-жабдықтарымды жаңартып, өнім қуаттылығын бүгінде екі есеге артырып отырмыз, – дейді Александр Козин.
Кәсіпкер «Даму» қорының көмегімен несиесін «ForteBank» АҚ-нан қомақты қаржы алған. Яғни, кәсіпкер өз жобасын «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында жүзеге асырып отыр. «Даму» қоры несие бойынша жалпы жылдық 15 пайыздық мөлшерлеменің 9 пайызын субсидиялаған.
Құрал-жабдықтарды жаңартудың арқасында ұннан жасалған кондитерлік өнімдер, торттар, тәтті бәліштер, пирогтар мен печенье, жеміс торттары, құймақ, вафли сияқты өнімдер пісіріле бастапты.
Кондитерлік цехтың технологы Галина Кнышова құрал-жабдықтардың жаңартылуымен жұмыстың әлдеқайда жақсарғанын айтады. «Наубайхана Тараз қаласының өзінде 30 дүкендер желісімен тығыз байланыста жұмыс істеуде. Аудандарға да тасымалдап жеткізіп береміз. Одан бөлек, Қарағанды, Шымкент пен Алматы қалаларына «Хлебный дар» көліктері күнде барып-келіп тұрады. Астана қаласына да бірқатар өнімдерімізді жіберіп отырамыз. Басқа нан өнімдерін айтпағанда, тәулігіне 20 мың бөлке нан пісіріледі», – дейді ол.
Қамыр ашыту цехында Шынар Жылқыбаеваның жұмыс істеп жатқанына жеті жыл болыпты. «Жұмысым өзіме ұнайды. Құрал-жабдықтарды жаңартқалы бері жұмысымыз әлдеқайда жеңілдеп қалды. Тәулігіне үш ауысыммен жұмыс істейміз. Ауысым соңында жұмысшыларға тегін нан беріледі. Жалақымызды да уақытылы алып отырмыз», – дейді ол.
Марат ҚҰЛИБАЕВ