Бір жазбадан бүлік шықпасын десек...
Қазіргідей ақпараттық дәуірде алып-қашпа әңгіме таратып, елдің есін шығаратындар аз емес. Қоғамды дүрліктіретін арам пиғылды адамдар бірде білім ошағына «террористер шабуыл жасағанын» айтса, енді бірде түзеу мекемесіндегі тұтқындардың «жаппай қашып кеткенін» айтып дабыл қағады. Өкінішке қарай, отандастарымыздың кейбірі дәл осындай фейк ақпаратқа имандай сенетінді шығарды. Өз кезегінде бұл құқық қорғау органдарын ел ішіндегі мұндай жөнсіздікке қатысты қатаң шаралар қабылдауға мәжбүрлеп отыр. Шын мәнінде, кез келген ресми ақпарат бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ел-жұртқа таралатынын естен шығармаған жөн.
Төтенше жағдайды «тиімді» пайдаланғысы келген
Әсілінде, кез келген адам айтқан сөзіне, әрбір ісіне және әлеуметтік желіде жариялаған жазбасына мұқият болу қажет-ақ. Егер айтқан сөзі мен жариялаған мақаласы жала немесе өтірік болса, оның ақыры өкініш болары анық. Одан кейін қанша бармақ тістесең де, ештеңені өзгерте алмайсың. Өйткені, еліміздегі қолданыстағы заңға сәйкес жалған хабар таратып, қаннен-қаперсіз отырған ағайынның мазасын қашырғандар әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Кез келген ақпаратты оқып, ой елегінен өткізбейтіндердің басым бөлігі мәліметтің рас-өтірігін ажырата алмай жататыны жасырын емес. Әсіресе, апатты және төтенше жағдайлар мен саяси оқиғалар кезінде әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жалған хабарламалар лезде көптеп тарайды. Яғни, арандатушылар ұрымтал сәтті күтіп, дайын отыратын секілді. Мәселен, қазақстандық полицейлер су тасқыны болғанда жалған ақпарат таратып, жұртты дүрліктерген жас жігіттің заңға қайшы әрекетін әшкереледі. Ол Tik-Тok әлеуметтік желісінде сумен бірге қасқырлар мен жабайы қабандар шықты деген хабарлама таратқан. Ал, оның құрдасы «төтенше жағдайдың салдарынан екі бала қайтыс болды» деп жарияға жар салған. «Шындыққа сәйкес келмейтін ақпаратты таратушылардың екеуіне де әкімшілік материал жиналды. Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 456-2-бабының 3-бөлігіне сәйкес, оларға 20 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады», – делінген экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының өкілдері таратқан ақпаратта.
Салмағы ауыр, салдары қиын
Шүкір, құқық қорғау құрылымдарының тиімді жұмыс жүргізуі арқасында ел іші жарылыстар мен атыс-шабыстан аман. Оның үстіне, бүгінгі таңда құқық қорғау органдары мұндай қылмыстарға қарсы күресу үшін заманауи техникалық құралдармен толыққанды жабдықталған. Тіпті, қоңырау шалған адам өз даусын өзгертіп сөйлесе де, сим-картасы мен телефонын ауыстырса да, қазіргі құрал-жабдықтар қылмыскерді анықтап ұстауға толық мүмкіндік береді. Оған бұзақылардың 90 пайыздан астамы бір тәуліктің ішінде «ізі суымай» табылып жатқандығы нақты дәлел бола алады. Бұрын таксофон арқылы қоңырау шалған адамды іздеп табу қиындық туғызатын болса, қазіргі ақпараттық технологиялармен жасалған кез келген әрекеттің ізін жасыру мүмкін емес. Осы орайда, «бәлен жерге бомба қойылды» деп жалған хабарлама беріп, бүкіл елді дүрліктіру әзіл де, ермек те, батырлық та емес екенін еске саламыз. Керісінше, бұл әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке алып келетін ойсыз әрекет.
Өкінішке қарай, жалған хабарлама жасайтын бұзақылар мұндай оқиғаның салдары қаншалықты ауыр болатынын әсте біле бермейді. Тіпті, білген күннің өзінде оған салғырт қарайды. Мысалы, көпшілік орында тез арада сыртқа шығу туралы дабыл берілгенде адамдар қорқыныштан бір-бірін итеріп, таптап, мертігіп қалуы ғажап емес. Олардың арасында жүкті әйелдер, мүгедектер, қарттар мен кішкентай балалар да болуы әбден мүмкін. Ал, бұл жағдай олардың денсаулығына ғана емес, психологиясына да кері әсерін тигізері белгілі. Тәртіп сақшылары мұндай қылмыстарды көбіне еріккен жастар мен жасөспірімдер және өз әрекетіне есеп бере алмайтын мас адамдар жасайтынын алға тартады. Бұған дейінгі жағдайларға көз жүгіртсек, белгілі бір мекеменің басшылығынан кек алу, мектептегі сабаққа қатыспау секілді себептермен, тіпті, жай ғана ерігіп отырып осындай қадамдарға барғандар көп. Кәмелетке толмаған жасөспірімдер көбінесе достарының алдында өзінің «батыр» екенін көрсету, тәуекелге бара алатынын, шешім қабылдай алатынын дәлелдеу немесе үй тапсырмасын орындамағандықтан сабаққа қатыспау үшін жалған қоңырау шалады екен. Ал, террористік акт туралы жалған хабарлама жасайтын ересектер көбіне алкогольді ішімдікке мас немесе психикасы бұзылған адамдар болып келеді. Олар мұндай қылмыстарды бұзақылық және пайдакүнем ниетпен істейді.
Нақты деректерге сүйенсек, соңғы бес жылда жалған хабарлама бергендердің 48-55 пайызы бұл қылықты мас күйінде жасаған. «Жалған террористің» әлеуметтік портретіне мұқият назар аударсаңыз, барлық қылмыстың 88 пайызын жұмыссыздар жасағанын анық аңғарасыз. Кейінгі 10 жылда жалпы саны 592 адам ұсталған болса, солардың 450-і, яғни 76 пайызы еш жерде тұрақты жұмыс істемейтіндер болып шыққан. Сондай-ақ, олардың арасында 55 мектеп оқушысы да бар. Айта кетейік, бұрын террористік акт туралы жалған хабарламалар көбіне көшедегі таксофондар арқылы түсетін болса, қазір басым көпшілігі, яғни, 85 пайызы ұялы телефон арқылы хабарланады. Ақпараттық технологиялардың дамуына байланысты интернет арқылы келіп түскен хабарламалар да бар. Олардың үлес салмағы – сегіз пайыз шамасында. Тағы бір тоқталар мәселе, көбіне мұндай қоңыраулар жарылғыш затпен байланысты болғанымен, арасында басқа да қауіпті жағдайлар жайында телефон шалатындар бар.
Бұзақылар көпшілік орындарды әдейі таңдайды
Мұндай қылмыстардың ел ішінде қорқыныш пен үрей туғызатыны өз алдына, одан бөлек, мемлекеттік органдардың, кәсіпорындар мен мекемелердің жұмысына кедергі келтіріп, орасан зор шығынға батыратыны бесенеден белгілі. «Жарылғыш зат қойылды» деп хабарланған ұйымның, әуежайлар мен сауда орындарының жұмыс кестесін бұзып, ұшақтардың ұшу уақытының кешігуіне немесе сауда-саттықтың тоқтауына түрткі болады.
Ал, полицейлердің осындай жалған шақыртуға бір рет шығуының өзіне 200-300 мың теңге көлемінде қаражат жұмсалады екен. Бұдан бөлек, ірі сауда орталықтарының жұмысы тоқтаса, әр сағат сайын миллиондаған теңге шығынға бататыны тағы бар. Қылмыстық істерді тергеу барысында мемлекетке келтірілген материалдық залалдың өзі жыл сайын 500 мыңнан бастап 2 миллион теңгеге дейінгі соманы құрайды. Ғимаратқа жарылғыш зат қойылғаны туралы хабарлама түскенде оның рас не жалған екенін бірден анықтау мүмкін емес.
Жалпы, мұндай «жарылғыш заттарды» қоюға қоғамдық дүмпу тудыру үшін адам көп жүретін қоғамдық орындар мен мекемелер әдейі таңдалады. Мәселен, сауда орындары, университеттер, мектептер, базарлар, мемлекеттік мекемелер. Сондықтан болуы ықтимал апаттың және адам шығынының алдын алу мақсатында құқық қорғау органдарына барынша жедел әрекет етуге тура келеді. Ең алдымен, тәртіп сақшылары адамдардың бәрін қауіпті аймақтан эвакуациялайды. Сосын ғимаратты бірнеше сағатқа жауып, арнайы мамандар хабарламаның рас-өтірігін анықтау үшін ғимараттың ішін түгелдей тексереді. Ол жерге полициядан бөлек, ұлттық қауіпсіздік органдарының, өртке қарсы қызмет және медициналық жедел жәрдемнің күш-құралдары жұмылдырылады. Осылайша, жарылғыш затты іздеу және оның салдарын болдырмау үшін кезек күттірмейтін шаралар қабылданады. Айта кету керек, бүгінге дейін елімізде телефон арқылы түскен жалған хабарламалардың барлығы да расталған жоқ. Алайда, «құмыра да мың күнде сынбайды, бір күнде сынады» деген бар. Мамандардың әрбір келіп түскен ақпаратқа селқос қарамай, жіті тексеруі сондықтан. Өйткені оның артында, ең біріншіден, адам өмірі мен денсаулығы тұр.
Жалған дерек авторлары қылмыскер саналады
Біздің елдің заңнамасына сәйкес, фейк ақпарат таратқандар әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Әйткенмен, көпшілік мұндай әрекеті үшін қылмыстық жауапкершілік жүктелетінінен мүлде бейхабар секілді. Осы орайда, жалған хабар таратушылар қандай жазаға кесілетініне тоқтала кетейік. Елімізде жалған ақпарат таратқаны үшін 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлеуден бастап, жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Жалған ақпарат тарату 2015 жылы жаңа Қылмыстық кодекс қабылданғаннан кейін қылмыс түрінде қарастырыла бастады. Десе де, жалған ақпарат таратуға қатысты жауапкершілік тек мұнымен шектелмейді. Заңды бұзған адам Қылмыстық Кодекстің бірнеше бабы бойынша жазаланады. Мәселен, 174-бап бойынша әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздырғандар ісі қаралады. Жария немесе бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздырса екi жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.
Сонымен қатар, 273-бапта «терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау» жайлы айтылған. Мұндай жағдайда 5 мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынып, түзеу жұмыстарына немесе бес жылға дейінгі мерзімде бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. Көбіне фейк таратқандар ісі 274-баппен қаралады. «Көрінеу жалған ақпарат тарату» дейтін бөлімінде қоғамдық тәртіпті бұзып, азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне, қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіру қаупін төндіретін дерек үшін түзеу жұмыстарына жегіліп, 400 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту қарастырылыпты. Кей кезде бір жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесіледі. Ал, әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексте жалған ақпарат тарату екі түрлі баппен қаралып, көбіне айыппұл салынады. Заңгер Болатбек Ержан жалған ақпараттар қоғамды елеңдетіп, дүмпу тудырмаса, қылмыстық істі болжау аса қиын екенін айтады. Ал, жалған ақпарат тарату әрекетін психологтер қалай түсіндіреді? Бұл да бір адам ішіндегі арандатушылыққа құмар дерт емес пе? Психолог Ержан Мырзабай мемлекеттік деңгейдегі жалған ақпаратты таратуда батылдық қажет екенін жеткізді.
– Көп жағдайда психотип бойынша жалған ақпаратты жеке тұлғалар немесе белгілі бір мүдделі топтар ұйымдастырып, таратады. Ал, мемлекет деңгейіндегі жалған ақпараттарға келсек, бұған тереңірек үңілу керек. Менің ойымша, мұндай жағдайда ішкі және сыртқы күштердің қатысы бар. Олардың өзге жалған ақпарат таратушыларға қарағанда ерекшелігі көп. Ең бастысы, батылдыққа ие. Ақпаратты қалай жеткізіп, қалай өңдеу жолдарын, жалпы, техника мен тәсілдерді біледі, – дейді маман.
ТҮЙІН:
Қорыта айтқанда, жалған сөздің жазасы қашанда ауыр. Ендеше, кейбір азаматтарымыз осыны шын түйсініп, қоғамның дүрлігуіне жол бермегені жөн. Ал, жауапты мекемелер мен құқық қорғау органдарының дер кезінде халықпен кері байланысқа шығуы – жалған ақпараттың жолын кесудің бірден-бір тәсілі. Сонда ғана фейк мәліметтерге тосқауыл қоюға болады. Тіпті, ел ішіне жалған хабар таралған күннің өзінде қарапайым жұртшылық құзырлы органдардың ресми ақпаратына сенері анық. Осылайша, өтірік ақпарат таратушының сөзі заяға кетеді. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының да көздегені дәл осы.
Есен ӨТЕУЛІ