1 шілдеден бастап қандай мамандарға қосымша үстемақы төленеді?
Биылғы 1 шілдеден бастап еліміздің орман және табиғат қорғау мекемелерінің қызметкерлері лауазымдық жалақыларына үстемеақы ала бастайды, деп хабарлайды aqjolgazet.kz
Тиісті қаулыға ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов қол қойды.
Атап айтқанда, орман және табиғат қорғау ұйымдарының қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесін, шарттары мен мөлшерін жақсарту мақсатында «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» ҚР Үкіметінің қаулысына өзгерістер енгізілді.
Құжатқа сәйкес орман өртін сөндіру стансаларының, орман мекемелерінің, табиғат қорғау және орман орналастыру ұйымдарының қызметкерлері лауазымдық жалақыларына 100%-ға дейін үстемеақы алады. Олардың ішінде орман өртін сөндірушілер, өрт сөндіру машиналарының жүргізушілері, тракторшы-машинистер, радиооператорлар, өрт сөндіру машиналарын, жабдықтары мен аппаратураларын жөндейтін слесарлар, өрт-бақылау мұнарасының бақылаушылары бар.
Сондай-ақ 113 авиациялық күзет өрт сөндіруші-десантшысының жалақысы өседі. Қаулыны іске асыруға 2024-2027 жылдарға арналған республикалық бюджеттен 8 480,1 млн теңге көлемінде қаржылық шығындар көзделген. Барлығы 3,3 мыңға жуық қызметкер қосымша ақымен қамтылады.
Жергілікті атқарушы органдардың орман шаруашылығы мекемелерінің орман өрт сөндіру стансаларының 1619 қызметкеріне қосымша ақы төлеуді қаржыландыру жергілікті бюджет қаражаты есебінен жоспарланады.
Бұған дейін ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ольга Булавкинаның сұрауына жауап бере отырып, Үкімет басшысы орман және табиғатты қорғау мекемелерінің барлық қызметкерлерінің жалақысын көтеру мәселесі өзінің тұрақты бақылауында екенін және тиісті қаулының жобасы дайындалғанын айтты. Депутат «Семей орманы» РММ Бородулиха филиалының қызметкерлері үшін қосымша ақылар тақырыбын көтерді.
Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылдың шілдесінде Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасын іске асыру аясында орман құрылымдары қызметкерлерінің өміріне және денсаулығына қауіп төндіретін жұмысы үшін лауазымдық жалақыларына 100% үстемеақы белгіленді.