Аймақтық БАҚ өкілдері спартакиадада бақ сынасты
28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында «Тараз-Арена» спорт кешенінде БАҚ өкілдері арасында Шерхан Мұртаза атындағы облыстық спартакиада өтті. Додаға аймақтың басылымдары мен телеарналардың, ақпараттық агенттіктердің журналистері қатысып, спорттың алты түрі бойынша өзара бақ сынасты.
Салтанатты жиынды облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Ұлана Сламбекова ашып беріп, сала мамандарын айшықты мерекесімен құттықтады.
– Ақпарат саласы – қоғамдық пікір қалыптастыратын маңызды сала. «Халықтың көзі, құлағы һәм тілі» ретінде елге адал қызмет ету – әр журналистің абыройлы міндеті. Сіздер қашанда ұлт мүддесін бәрінен биік қойып, ел қамы үшін қалам тартып жүрсіздер. Мемлекетшілдік құндылықты дәріптеп, жасампаздық пен жақсылықтың жаршысы болып келесіздер. Ақпарат саласын дамытуға мемлекет тарапынан қашанда ерекше көңіл бөлінеді. Өз кәсібінің майталманы болған қарымды журналистерге қолдау көрсетіледі. Жыл сайын дәстүрлі түрде БАҚ өкілдері арасында өткізілетін облыстық спартакиада соның бір көрінісі, – деді басқарма басшысы Ұ.Сламбекова.
Облыстың 85 жылдығымен тұспа- тұс келген спорттық жиын командалық жарыстармен басталып, доданың алғашқы кезеңі арқан тартыста «Jambyl TV» командасы бірінші орынды иеленді. Ал, екінші, үшінші орындарды «Taraz Pressа», «Ақпарат медиа» командалары өзара бөлісті.
Бұдан кейінгі өткен үстел теннисінен ерлер арасында үшінші орынды «Taraz Pressa» командасының өкілі Нұржан Туғанбай иеленсе, Сарысу ауданының командасынан Айбек Жұмаділда екінші орынды, «Салық тәртібі» командасының мүшесі Нұрбол Қашаған бірінші орынды алды. Ал, әйелдер арасында «Жастар медиа» командасының мүшесі Шолпан Бөгенбаева үшінші орынды місе тұтты. Екінші орынды «Jambyl TV» командасынан Эльвира Әмзеева, бірінші орынды «Taraz Pressa» командасынан Гүлдана Ализа иеленді.
Қол күрестен 77 телеарнасының инженер- қызметкері Әділхан Сайлау бірінші орын иеленіп топ жарды. Екінші орын «Тaraz Pressa» командасынан Серік Тәжібаевқа бұйырса, «Салық тәртібінен» Айдос Абилов соңғы орынға жайғасты. Сонымен қатар, әйелдер арасында үшінші орынды «Салық тәртібі» командасынан Гүлдерайым Әлімжанова иеленді. «Теле-радио» командасының мүшесі Гүлмира Садықова екінші орынды алса, жүлделі бірінші орынға «Ақпарат медиа» командасынан Мераш Жолаева тұрақтады.
Ақыл-ойды аса қажет ететін интеллектуалды ойын түрі дойбыдан ерлер арасында «Салық тәртібі» командасынан Сүндетулла Абилов шын мықты екендігін дәлелдеді. Ал, «Taraz 24» командасынан Нұрбол Қыстаубек екінші орынды, «Ақпарат медиа» командасынан қатысқан «Jambyl- Taraz» газетінің бас редакторы Саятхан Сатылғанов жүлделі үшінші орынды иеленді. Әйелдер арасында Шу ауданының командасынан Меруерт Тоқмолдаева үшінші орынды, «Ақпарат медиа» командасынан Айдана Қуатова иеленіп, «Taraz Pressa» командасынан қатысқан Ұлдана Жұбай алдына қара салмады.
Сондай-ақ, командалық эстафетадан «Taraz 24» командасы үшінші орынға тұрақтап, екінші орынға «Салық тәртібі» жайғасты. Жүлделі бірінші орын «Taraz pressa» командасына бұйырды. Ал, байрақты бәсекенің басты додасы саналған кіші футболдан жүлделі бірінші орынды «Jambyl TV» командасы иеленді. Екінші орынға «Салық тәртібі», үшінші орынға «Теле- радио» командасы тұрақтады.
Осылайша ақпарат саласының өкілдері үшін жылдың басты спорттық іс-шарасы саналған облыстық спартакиадада жалпы командалық есеп бойынша үшінші орынды «Jambyl TV» командасы иеленсе, екінші орынға «Салық тәртібі» командасы тұрақтады. Ал, «Taraz pressa» командасы бірінші орын иеленіп, жеңіс биігінен көрінді. Спартакиада соңында чемпиондарға құрмет көрсетіліп, арнайы сертификаттар мен қаржылай жүлделер табысталды.
Нұрболат АМАНБЕК