Он жетісінде от кешкен майдангергер Мейман Қожаназаровтың туғанына - 100 жыл
Коммунистік идеологияның күштілігі ғой, кешегі кеңестік кезеңде жастардың бойында отаншылдық сезім керемет болған. Әсіресе, ел басына күн туған Ұлы Отан соғысы кезінде өмір мен өлім таразыға түскен қасат майданға өзі сұранып аттанғандар қаншама! Жұлдызды Жуалының перзенті Мейман Қожаназаров солардың бірі болатын.
– Апа, мен де майданға барып елімізге опасыздықпен басып кірген басқыншы фашистермен соғысып, жауды жайратқым келеді, – деген Мейман анасы Әлишаға майданға ауыл азаматтарының кезекті тобын шығарып салып тұрғанда.
– Жасың 18-ге толған жоқ қой әлі, жарығым-ау.
– Несі бар, бір жас қосып жазып берсеңіз болғаны. Қолыңызда тұр ғой, – Мейман анасы Әлишаның ауылкеңес төрайымы екенін еске сала сөйледі. – Мына майданға аттанып бара жатқандардың біразы менің тай-құлындай тебісіп бірге өскен достарым. Олардан менің нем кем немесе артық?
Намысты ұлының мына сөзі Әлишаның ойын қозғап, көңіліне қонғандай. Әлиша – саяси сауатты. Информбюро қаншама жұмсартып жеткізгенімен жау еліміздің аумағына дендеп еніп келе жатқанынан хабардар. Сондықтан жуық арада жаудың беті қайтатын түрі жоқ. Ендеше, келер жылы 18-ге толатын ұлының ерте ме, кеш пе әскерге шақырылатыны сөзсіз. Олай болса, баласының бетін қайтармай майданға аттандырса, несі бар. Осы ойға бекінген Әлиша ауылкеңес жалғыз ұлы Мейманды келесі топпен майданға шығарып салды.
– Ойбай-ау, Әлишаның жалғыз ұлының жасын толтырып жазып әскерге жібергені несі! – деп ауылда таңғалмаған адам жоқ.
– Қырық жыл қырғын болса да ажалды өлер, ұлым майданға кебін емес, кебенек киіп аттанып барады. Амандық болса, жауды жайратып оралады әлі! – деп жауап берді Әлиша ондай әңгіме өрбіткендерге.
– Жаудың қаңғыған оғынан қаза болып кетсең, иманың жолдас болсын! Тұз-дәм тартып аман-сау оралуыңды тілейміз ғой, дегенмен, – деп баласына бата бергендей болған Қожаназар тақуа таспиғын тартқан күйі төрде отырып қалған. Қайтсін, енді. Өзі әке-шешеден ерте қалып, күнкөріс қамымен тәуіпшілікті кәсіп етіп Мойынқұм асып, Шудың бойын жағалап кеткенінде Құдайдан сұрап алған жалғызы ғой. Сәтін салғанда Оман төренің қызы Әлишамен көңілі жарасып қосылып, жағдайы енді жарасып келе жатқанда шолақ белсенділер қожа-молда, тәуіптердің соңына шам алып түсіп, Қожаназар амалсыз Жуалысына қайтқан еді.
Оман төре астына жарау атын мінгізіп, күйеубаласын шығарып салған. Мейманын алдына алып, Әлишасын артына мінгестіріп келген Қожаназарды ағайындары құшақ жая қарсы алды.
Мұнда келген соң ұжымшар жұмысына жегілген отағасы оқта-текте біреулер өздері өтініш жасап келіп қалмаса, тәуіпшіліктен тыйылған. Қожаназардың жасаған емі шипа болып жазылып кеткендер де бар осы ауылда. Бірақ, жария түрде емшілікпен айналысқан жоқ.
Керісінше, алдымен ауыл молдасынан дәріс алып, одан кейін ликбезде жаңаша сауатын ашқан Әлишаның еті тірі екен. Келе ұжымшардың жұмысына белсене араласып, енді, міне, ауылкеңес төрайымы болып отыр.
Әлиша анасы айтқандай, майданға кебін емес, кебенек киіп аттанған Мейман 1418 күнге созылған соғыста 1413 күн жаумен шайқасып, 1945 жылдың мамырында елге жеңіспен оралды.
Жауды аяған – жаралы, соғыста сен жауды өлтірмесең, жау сені өлтіреді. Сондықтан өзі өлім тілеп келген фашистерді аяған жоқ. Бірақ, қанша немісті өлтіргені есінде емес. Соларды кім санаған, әйтеуір, жауға шабуыл жасағанда алдыңғы жақты нысанаға алып тырылдата беретін автоматын.
Ол жауынгерлік жолын Калинин майданының 332 дивизиясындағы 119 полкінде 1-батальонның құрамында бастап, кейіннен Украина, Белоруссия, 1-Балтық майдандарында қиян-кескі ұрыстарға қатысқан. Сол ұрыстардың ішінде ерекше есте қалғаны – 1943 жылы Украина жерінде батальон командирі Евсеев екеуінің «тіл» алып қайтқаны. Бұлар кезекті шабуыл алдында жау жағының жағдайын біліп қайтуға барлауға жіберілген. Орман ішінде талдарды тасалап келе жатқанда 3 немісті аңғарып қалады. Бұқпантайлап жылжуларына қарағанда, олар жау барлаушылары сияқты. Аралары жақындай түсіп, бір-бірлерін байқап қалған екі топ амалсыз атысқа көшіп, отты қаруға жүгінген. Бұлар алдын алып үлгеріп, жау барлаушыларының екеуі оққа байланып, үшіншісі қолға түсті.
Тұтқынға түскен фашисті дедектетіп алдыға салып, жау шебінен өтіп үлгерді-ау ақыры. Бұлар әкелген «тілден» өте қажетті мәліметтер алынса керек, сол жолғы шабуылда бұлар жауды едәуір жерге шегіндіріп тастаған. Жауынгерлік тапсырманы мүлтіксіз орындаған Мейман Қожаназаров пен Евсеев екеуі де ІІ-дәрежелі «Отан соғысы» орденін омырауға тақты. Соғыстың басынан аяғына дейін қатысқан Мейман осы кезеңде 3 рет ауыр, 2 рет жеңіл жараланып, екінші дәрежелі мүгедектікпен аман-есен елге оралды.
Бұл ауылда оның тілеуін тілеп отырған ата-анасы мен болашақ жары Анардың тілеуінің орындалғаны деп білген дұрыс. Ал, Анар сол кездегі Күреңбел ауылдық кеңесінің құрамындағы Түркісіб ауылының тұрғыны Жүзбай қарттың қызы. Мейман майданға дейін оқыған ауылдағы мектепте Анар да оқыды. Мейман – жоғары, Анар төменгі класта.
Анар – ауылдағы көзге түсер көрікті қыздардың қатарынан. Ибалы, ізетті. Әкесі Жүзбай – төңірекке танымал бағбан. Ауыл-аймаққа сыйлы кісі.
Әлиша ұлын майданға шығарып салғаннан кейін көп ұзамай Жүзбайдың осы қызына құда түсе барған.
– Сіздерде – қыз, бізде ұл бар. Ата-бабаларымыз ақ тілекпен әлі туылмаған балаларын да атастырып жатушы еді ілгеріде. Ондай емес, біздің балалар бірін-бірі жақсы біледі. Мейманымның аман-есен оралуына бізбен бірге тілектес болсын, Анарыңды ұлыма айттыра келдім. Келіссеңіздер келін етіп үйіме алып кетем. «Он үште – отау иесі» деген бар қазақта, Мейманым 17-де, Анар – 14-те. Балам жауды жеңіп оралғанша қызымдай күтем, – деген әдемі сөйлей білетін Әлиша сөзін әдіптеп.
Мейман ауылда жүргенде жақсы бозбалалардың бірі болатын. Алдарынан кесіп өткен емес. Ата-анасы ауылдағы танымал тұлғалар санатында. Осының бәрін ой таразысында безбендеген Жүзбай әйелімен ақылдаса келе, қызын «ұзатуға» келісімін берген. Мейманды жақсы білетін, ата-анасының сөзінен шықпаған Анар айтқанға көнді. Сөйтіп, күйеу жігіті майданда жаумен шайқасып жүрген қалыңдық келін болып Қожаназар үйінің босағасын аттаған.
Мейман соғыста І-ІІ-дәрежелі «Отан соғысы» ордендері және «Украинаны азат еткені үшін», «Белоруссияны азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен, Бас қолбасшы Сталиннің Алғыс хатымен марапатталып, Жеңіс туын желбіретіп оралғаннан кейін ауылдағы мектепке мұғалім болып орналасқан. Жалпы, Ұлы Отан соғысына қатысушы Мейман Қожаназаров майдандағы ерліктері және одан кейінгі мерекелерге орай ұзын саны 2 орден, 11 медаль және 4 төсбелгімен марапатталыпты. Ол кезде мұғалім кадрлары тапшы, 7 кластық біліммен-ақ балаларға дәріс бергендер көп. Бірақ, Мейман ол біліммен шектеліп қалған жоқ. Шымкенттегі екіжылдық мұғалімдер институтынан қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын алып шығып, 40 жылдан астам осы пәннен сабақ берді. Шәкірттерін қазақ ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетінің жауһарларымен сусындатып, ана тілінің уызынан ауыздандырды. Еңбегі жеміссіз емес. Ұстаздық атты ұлы мамандықтың жоғары марапаты – «Қазақ КСР Халық ағарту ісінің үздігі» төсбелгісін омырауға тақты. Білім беру саласының республикалық, облыстық, аудандық басшылықтарынан алған Құрмет Грамоталары мен Алғыс хаттарында сан жоқ. Мейман үшін марапаттың үлкені ата-аналар мен шәкірттерінің алғысы болды.
– Әкеміз 40 жылдық ұстаздық қызметтегі бейнетінің зейнетін көп көре алған жоқ. Пайғамбар жасына шығар шағында дүниеден озды. Жақсы қызметі мен ортасына сыйлылығының белгісіндей Кәріқорған (бұрынғы Казанка) ауылында бір көшеге Мейман Қожаназаровтың аты берілген. Биыл туғанына 100 жыл толады, – деді майдангер ұстаз туралы ұлы Шарханбек пен келіні Шамгүл.
Мейман Қожаназаров туралы осыдан 30 жыл бұрын өзім қызмет еткен «Ақ жол» газетіне оның атына көше берілгенде де жазған болатынмын.
«Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өлетін» соғыстан аман-есен оралып, 40 жыл ұстаздық қызметте ел экономикасын дамытуға өзіндік үлестерін қосқан, шәкірттер тәрбиелеген Мейман Қожаназаров – елдің демографиялық саясатын дамытуға да зор үлес қосқан әке. Ол өмірлік серігі, асыл жар, ардақты ана Анар екеуі Рүстем, Жандос, Шарханбек, Арыстанбек, Балқия, Айна, Рауан, Зәмза атты төрт ұл, төрт қызға өмір сыйлап, оларды жақсы тәрбиелеп өсірді. Перзенттері өз қалаулары бойынша мамандықтар алып, өмірден өз орындарын тапқан. Мейман мен Анардың олардан тараған немере-шөберелері аталары мен әжелерінің өмірін жалғастыруда. Артында ізін өшірмей, ісін жалғастыратын ұрпақ қалдырған ата-ана үшін одан артық бақыт болар ма?!
Осы жерде бөліп айтар бір мәселе, Мейман ұрпақтары «мұғалімдер әулеті» деген атауға лайық. Мейманның ортаншы ұлы Шарханбек, келіндері Құрбанкүл, Бағдат, Шамгүл, Үмиягүл, кенже қызы Зәмза, немерелері Аян, Клара – мұғалім мамандығын таңдағандар. Өмір алда, олардың саны арта түсетіні сөзсіз.
Әке аруағын әспеттеген Қожаназаровтар әулеті біраз жылдан бері футболдан Мейман Қожаназаров атындағы жүлде сарапқа салынған турнир өткізуді дәстүрге айналдырған. Биыл да әкелерінің туғанына 100 жыл толуына орай, ұрпақтары осы үлгілі үрдісті жалғастырғалы отыр.
Болат ЖАППАРҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Жуалы ауданы