Қаламгер қазақ қыздары
Қазақ журналистикасының тарихы XIX ғасырдың соңынан бастау алатыны белгілі. Осы кезеңде алғаш қазақ даласына тараған «Түркістан уәлаяты» мен «Дала уәлаяты» газеттері маңызды ағартушылық міндетті атқарды. Кейіннен тұңғыш қазақ журналы «Айқап» пен Алашорданың партиялық басылымы саналған «Қазақ» газеті, аймақтық басылымдар ұлттың еңсесін тіктейтін тағылымды дүниелерімен танылды. Осы басылымдарда жұмыс істеген көзі ашық ұлт азаматтары ел тұтқасын ұстаған тұлғаларға айналды. Олардың қатарында әйел азаматтар да аз болмады.
Нәзипа – қазақтың тұңғыш журналист қызы
Қазақ журналистикасында тұңғыш әйел журналист дегенімізде, бірден Нәзипа Құлжанованың ойға оралатыны анық. Ол Қостанайдағы қыздар гимназиясын тәмамдап, Семейдегi мұғалiмдер семинариясында сабақ беріп жүрген кезінен-ақ қазақ әйелдерi арасынан дараланып, ұлттың жоғын жоқтады. Қазақ мектептеріне арнап оқулық жазды. Тек педагог, ғалым ғана емес, қаламы қарымды журналист ретінде де қоғамға үн қосты. «Қазақ», «Айқап», «Бірлік туы», «Жаңа мектеп» секілді басылымдарда Нәзипа қазақ тағдырына, оқу-ағартуға қатысты мақалаларын жариялады. 1923 жылы «Мектептен бұрынғы тәрбие», 1927 жылы «Ана мен бала тәрбиесі» секілді әдістемелік кітаптарын дүниеге әкелді. Екіншісіне Ахмет Байтұрсынов алғысөз жазды. Нәзипа Абайды қазаққа танытқан зиялылардың бірі болатын. Жүсіпбек Аймауытов «Айқап» журналына бұл туралы: «Біздің қазақта ұлтқа қызмет еткен әйелдің алды Нәзипа ханым болып шежіреде жазылуы тиіс», деп жазды.
«Қазақ» газетінің қаракөздері
1914 жылы «Қазақ» газеті Орынбордан шығып тұрған кезінде редакцияда үш қыз жұмыс істеген. Тіпті үшеуінің бірге түскен суреттері де сақталған. Осы үш қыз Ғайнижамал Дулатова, Аққағаз Досжанова және Гүлайым Балғынбаева болатын. Олар туралы Тұрсын Жұртбай: «Аққағаз Досжанова – қазақтың ішінен шыққан атақты қыздардың бірі. Аққағаз Батыс Алашорда әскерінің барлаушысы болған. Ол тұңғыш рет қазақ қыздары арасында толық дәрігерлік курсты бітіріп, «дәрігер, ғалым-зерттеуші» деген атақ алған. Түркістан орталық комитеті Қазақ автономиясы «Аққағаздың жұмыс істегеніне бір жыл толды» деп той қылып, атап өткен. Ал, Гүлайым Балғынбаева Германияда оқыған. Ол кезде оқыған қазақ қыздарының «Алаштың» жұмыстарынан тысқары қалуы мүмкін емес. Аққағаз да, Гүлайым да, Ғайнижамал да «Алаштың» бүкіл жазуларын қағазға түсіріп отырған», деген еді.
Аққағаз Досжанова негізінен, медицина тақырыбындағы мақалалар жазды. Одан бөлек, «Әйел теңдігі», «Абай», «Жас азамат» басылымдарына бұратана халықтардың басындағы теңсіздік пен әділетсіздікке қатысты өткір мақалаларын шығ арды. 1921 жылдың 11 қыркүйегінде «Степная правда» газетіне Аққағаз «Түркістанда» деген мақаласында ел ішінде белең алған жұқпалы аурулардың қаупі туралы жазған. Нәзипа қазақтан шыққан тұңғыш қазақ журналисі болса, Аққағаз тұңғыш дәрігер болды. Сондықтан оның мақалалары, негізінен, осы салаға тікелей байланысты еді.
Ал, «Қазақ» газетіндегі үш қыздың біреуі Міржақып Дулатовтың жары Ғайнижамал болды.
«Айқаптағы» арулар
Қазақтың тұңғыш журналист қыздарының буынын қалыптастыруда «Айқап» журналының рөлі зор. Бұл туралы алаштанушы-ғалым Қайрат Сақ: «Журнал басшылығы ұлт баспасөзі тарихында тұңғыш рет қазақ қыздарын тілшілік қызметке тартты. Басылымда тырнақалды туындылары жарық көрген Сақып жамал Тілеубайқызы, Мәриям Сейдалина, Күләйім Өтегенқызы–қазақ қыздары арасынан шыққан алғашқы журналистер. Бүгінде еліміздің бұқаралық ақпарат құралдарында халыққа қалтқысыз қызмет етіп жүрген қазақ қыздарының алғашқы бастауы «Айқаптан» арна тартады» деп жазды.
Солардың бірі – белгілі заңгер Жансұлтан Сейдалиннің қызы – Мәриям Сейдалина. Жастайынан өлең шығара бастаған Мәриям «Айқап» журналына ұлт жоғын жоқтаған мақалаларымен қатар, «Зарлау», «Көздер», «Тұр, қазақ!» секілді отты жырларын жариялады. Қазақ зиялысы Сейілбек Жанайдаровқа тұрмысқа шықты. Сөйтіп, екеуі 1916 жылы бірінші дүниежүзілік соғысқа аттанды.
Ал, Сақыпжамал Тілеубайқызы «Айқап» журналына озбырлықты, зорлық-зомбылықты айыптаған дүниелерін жариялады. Одан бөлек, еркіндік, әйел бостандығы, өнер- білім секілді мәселелерді қозғады. «Айқапта» Сақып жамалдың «Қазақ қыздарының аталарына», «Мұңдастарыма бір-екі сөз», «Ұзақ күткен үмітім һәм бас адамдарға бір-екі сөз» секілді мақалалары жарияланды. Осындағы 1911 жылы жарық көрген «Қазақ қыздарының аталарына» деген мақаласында Сақыпжамал: «Шариғат бұйрығынша, ер бала мен қыз бала тең болуға тиісті. Ер баланы артық көріп тәрбие қылсын да, қыз баланы кем көріп тәрбие қылмасын деген шариғат бар ма? Қыз баланы кемге тұтыну жаһиттік белгісі емес пе?» деп жазды. Осылайша, журналист қазақ қыздарының қалыңмалға сатылып, сүймеген адамына еріксіз ұзатылатындығын, сөйтіп қалған өмірі қорлықта өтетіндігін сын садағына алды.
Күләйім Өтегенқызы көркем публицистикалық мақалаларымен көрінді. Ол да өлең жазды. Күләйімнің «Қазақ қыздарына» деген өлеңі «Айқапқа» жарияланғаннан кейін сол кездің қыз-келіншектері бостандықтарын бағалауға, білім алуға ұмтыла бастаған. Күләйімнің бұл өлеңі журналдың 1912 жылғы №8, №9 сандарында жарияланған.
Кеңестік дәуір тілшілері
Кеңес заманы журналистерінің бірі – Сара Есова. Сара да Нәзипа секілді еңбек жолын мұғалімдіктен бастады. 1919 жылы Орынбордағы әйелдер педагогикалық училищесін бітіріп, Қызылорда, Ташкентте бала оқытты. Революциядан кейін партия ісіне араласты. 1920 жылдан бастап, Ғани Мұратбаевпен бірге Түркістан комсомолы Орталық комитетінде қызмет істеді. Ал 1925 жылы «Әйел теңдігі» журналының (қазіргі «Қазақстан әйелдері») редакторы болып тағайындалды. Одан кейін Сараның өмірі саясатпен біте қайнасты. 1938 жылы «Қызыл террорда» Сара зайыбы Ораз Исаевпен бірге қамауға алынды. Тоғыз айдай тергеу абақтысында отырды. Соңында Сара Есованы Надежда Крупская құтқарды. Ол Сталиннің қабылдауында болып, «күйеуі үшін әйелі жауап бермейді» деп Сараны абақтыдан алып шықты. Ал жары Ораз 1939 жылы ату жазасына кесілді. Сара 1939-1973 жылдары Орталық музейде қызмет істеді, жиырма жылдай музей басшысы болды.
1920-1930 жылдардағы газет- журналдарда Нағима Арықованың аты жиі кездеседі. Ол жүзге тарта мақала жазған. Сол мақалаларынан жинақталған «Өкіл әйелдер не істеу керек?» секілді кітаптары жарық көрген. Нағима 1926 жылы Мәскеуде өткен Жұмысшылар кеңесіне Шығыс әйелдерінің атынан барып баяндама жасаған. 1933-1937 жылдары «Әйел теңдігі» журналына басшылық етті. Отызыншы жылдары Кремльге хат жазып, Қазақ даласында болып жатқан жантүршігерлік азаптаулар жайлы баяндады. Сөйтіп, әділдік іздеген Нағима одан арғы қызметін сот ісі бойынша жалғастырды.
Алма Оразбаева да Шы ғыс әйелдерінен шыққан талантты журналист болатын. Ол да Сара Есова сияқты Кеңес өкіметі орнаған күннен бастап, әйел теңдігі, жесір дауына қатысты мақалаларымен көрініп, қазақ әйелдерінің санасын оятуға тырысты. Алманың да журналистикадан кейінгі өмірі саясатқа арналды. А.Затаевич Алма жайлы «Оразбаева менің жұмысыма барынша ықылас білдірген және маған өте құнды деректер берген бөкейлік бірінші қазақ қызы болды», деп жазды.
Алғашқы қарлығаштардың қатарында Шолпан Иманбаева да болды. Оның еңбектері «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде жарияланып, өлеңдері «Қызыл Қазақстан», «Жас қазақ», «Әйел теңдігі», «Лениншіл жас» басылымдарында жарық көрді. Шолпан Иманбаева, Нәзипа Құлжанова, Алма Оразбаева, Нағима Арықова, Сара Есовамен жақсы байланыста болды. Сәкен Сейфуллин «Еңбекші қазақ» газетінің 1926 жылғы санында: «Шолпан қазақтың алғашқы ақын қыздарының бірі еді. Ол кедейлердің арасынан шықты. Алайда, далада жайқалған раушан гүліне айналды», деп жазған. Ақын қыздың өлеңдерін 1927 жылы Нәзипа мен Сара кітап қылып шығарған.
Нұрболат АМАНБЕК