«Масс-медиа»: жаңа заң – қоғамның талабы
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев біраз күн бұрын «Масс- медиа» туралы заңға қол қойғаны белгілі. Жалпы, бұл заң Президенттің 2022 жылғы 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты халыққа арнаған Жолдауында айтылғандай, мемлекет мүддесін, қоғамның сұраныстарын және медиа саласының даму үрдістерін ескере отырып, бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңды қайта қарау туралы берген тапсырмасын орындау мақсатында әзірленді. Осылайша, жаңа заңға «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» және «Телерадиохабарларын тарату туралы» негізгі ережелері енгізілген. Ал, аталған Заңдар алдағы уақытта өз күшін жояды.
Айта кетейік, заң жобасын әзірлеуге білікті заңгерлер мен сарапшылар атсалысқан. Бұл заңда журналистердің мәртебесін көтеру, мемлекеттік ақпараттық саясатты қаржыландыру тетіктерін реформалау, өзін-өзі реттеу институттарын дамыту, телерадиохабарларын тарату саласындағы трендтерді өзгерту мәселелері кеңінен қамтылған. Бас-аяғы 78 баптан тұратын құжат бұған дейін көпшіліктің талқылауына шығарылып, қоғамның қызу талқысына түсті. Сонда ұтымды ұсыныстар назарға алынып, журналистің этикалық-құқықтық нормаларымен қатар әлеуметтік жағдайы да кеңінен сөз болды. Жаңа заңның ішінде журналист қауымына берілетін кепілдік жөнінде тайға таңба басқандай етіп жазылуы керек десті жұртшылық.
Жасыратыны жоқ, бұған дейін журналистер мемлекеттік органдардан ақпарат алу мәселесін жиі көтеріп жүрді. Ақпарат жедел берілмегендіктен, мақаланың маңыздылығы жойылып, тұрғындар да жедел ақпараттан қағылатын. Сондықтан журналистің ақпаратқа қолжетімділігін қамтамасыз ету маңызды қадамдардың бірі екені айтпаса да түсінікті. Бұл ретте, заң жобасында сұраныс хатқа жауап беру мерзімі қысқартылған. Қолданыстағы нормада ол жеті күн болса, жаңа құжатта бес күн деп көрсетілген. Бұл әрине, БАҚ өкілдері үшін Заң жобасының жағымды бір тұсы.
Сондай-ақ, жаңа Заңда бірқатар тың ережелер қарастырылған. Атап айтқанда, бұқаралық ақпарат құралдарымен қатар, интернет-ресурстарды да қамтитын «масс- медиа» деген жаңа әрі анағұрлым кең ұғым енгізілді. Мемлекеттік ақпараттық саясат жүзеге асырылатын Бірыңғай медиа платформа құру көзделген. Оның ішінде, мемлекеттік емес бұқаралық ақпарат құралдарына гранттар беру, аккредиттеудің оңайлатылған тәртібі арқылы (аккредитация карталарын берудің автоматтандырылған процесі) журналистерді мемлекеттік органдар мен ұйымдарға тіркеу және басқа да міндеттер қарастырылған. Ең маңыздысы, журналистер үшін қосымша құқықтық кепілдіктер белгіленген. «Журналистің ерекше мәртебесі» деген ұғым енгізілді. Яғни, журналистің құқықтары мен бостандықтарының қорғалуын, олардың ақпарат іздеу, сұрату, алу және тарату кезіндегі, сондай-ақ «Масс-медиа туралы» заңда белгіленген өзге де ерекше құқықтарын журналист мәртебесі деп түсіну керек.
Ал, шындыққа сәйкес келмейтін және азаматтардың ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді теріске шығару туралы БАҚ- қа талап қою мерзімі бұқаралық ақпарат құралдарында мәліметтер жарияланған күннен бастап бір жыл деп белгіленсе, шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдіктері мен олардың журналистерін аккредиттеу тәртібі жетілдірілген. Бұдан бөлек, БАҚ- тың өз қызметін өзі реттеу мақсатында Заңда қоғамдық-кәсіптік кеңестер құру көзделген. Кеңестер республикалық және өңірлік деңгейлерде құрылуы мүмкін. Бұл кеңестердің негізгі қызметі – журналистердің әдеп кодексін әзірлеу. Жаңа Заңға сәйкес гранттық қаржыландыруды енгізу арқылы мемлекеттік ақпараттық саясатты қаржыландыру тетіктері жетілдірілді. Ұлттық теле-радио хабарларын тарату мүддесін қорғау мақсатында мемлекеттік тілдегі отандық теле- радио бағдарламалардың апта сайынғы көлемі 50 пайыздан 60 пайызға дейін ұлғайтылды. Отандық теле-радио арналарда шетелдік теле-радио бағдарламаларын ретрансляциялау көлемі 20 пайыздан 10 пайызға дейін төмендетілді. Атап өту керек, бұдан былай өз- өзіне қол жұмсауды насихаттайтын ақпаратты, өзін-өзі өлтірудің жолдары мен оған үндейтін ақпаратты таратуға және жариялауға тыйым салынады.
Шын мәнінде, журналистердің тек құқықтық мәртебесі емес, олардың қоғамда алатын орны анық болуы қажет. Тіпті, кейбір елдерде мұндай Заң жоқ. Солай болған күннің өзінде де мұндай Заң біздің елге ауадай қажет. Өйткені, жаңа қоғамның жаңа талаптары бар. Соны ескеру маңызды. Бір сөзбен айтқанда, «Масс- медиа туралы» Заңда тек журналистер емес, оларға деген қоғамның қатынасы да реттелуге тиіс. Міне, осы үшін де бұл Заң көкейкесті. Жаңа Заң аясында билік пен халыққа ықпалы болатын БАҚ өкілдеріне мемлекет тарапынан қолайлы жағдай жасалуы тиіс. Президент қол қойған заңның ең негізгі міндеті де – осы.
Есен ӨТЕУЛІ