Жаңалықтар

Азаматтардың құқықтары қорғалып келеді

Прокуратура органдарының негізгі бағыттарының бірі – өзін-өзі қорғай алмайтын адамдардың және қоғамның мүддесін қорғау. Аталған жұмыстарды жетілдіру барысында облыс прокуратурасы жаңа әдістер мен тәсілдерді кеңінен енгізуде. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров мәлімдеді. Прокурордың айтуынша, туындаған проблемалардың салдарын ғана анықтамай, олардың себептерін жою мақсатында шаралар қабылданады. Сондай-ақ, брифингке Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің облыс бойынша өкілі Берікбол Байхожаев та қатысып, өз саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Биыл облыс прокурорлары жер, еңбек, кәмелетке толмағандар, мүмкіндігі шектеулі адамдар, бизнес пен инвесторлар, қылмыстық қудалау және айыптау бағыттарын қамтыған 59 мың азаматтың құқықтарын қорғаған.

– Қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше қамқорлықты талап ететін мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқықтарын қорғау – қызметімізге және лауазымымызға қарамай, барлығымыздың парызымыз болып саналады. Осыған қарамастан кейбір лауазымды тұлғалар мен азаматтар мүгедектігі бар адамдардың әлсіздігін пайдалана отырып, олардың құқықтарын бұзуда.Тек биылғы жылдың өзінде прокурорлар 500-ге жуық мүмкіндігі шектеулі және егде жасқа жеткен адамдардың құқықтарын қорғады.

Прокурорлардың араласуынан кейін ол тұлғалар санаториялық емделуге жолданып, тегін протездер беріліп, күтушілермен және инватаксимен қамтылды.

Ең сорақысы біз алаяқтардың бірінші топтағы мүгедек 80 жастан асқан қарт кісінің психикалық және физикалық әлсіздігін пайдаланып, пәтерін заңсыз сатып жібергенін анықтадық. Осыған байланысты прокуратура пәтерді иесіне қайтару үшін сотқа талап қою беріп, күдіктілерге қатысты қылмыстық іс қозғады, – дейді Нұрғалым Мәжитұлы.

Ағымдағы жылғы бес айда кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыстардың саны 22 пайызға, 31-ден 38-ге дейін артып, оларға қатысты қылмыстар 13 пайызға, яғни 62-ден 54-ке дейін төмендеген.

Бұл ретте балалар қауіпсіздігіне жалпы уәкілетті органдар мен қоғамның жауапты екенін ескере отырып, прокуратура өз жұмысын мемлекеттік емес ұйымдармен, қоғамның белсенділерімен үйлестіре отырып жүргізген.

Психологиялық көмекті жетілдіру мақсатында әкімдіктің қолдауымен «Саған көмек» және «Бестерек» жобаларын бастаған. Жоба балалардың психологиялық көмекке онлайн мессенджерлер арқылы қолжетімділігін арттырады. Жоба шеңберінде 634 мектеп психологының біліктілігі көтерілген. Мысалы, «Саған көмек» жобасы арқылы мектептердің оқушылары облыстың 452 мектебінде орналастырылған арнайы QR кодты сканерлеп, психологтармен анонимдік чаттарға қосыла алады. Осыған дейін 300-ден астам сигнал түскен болса, прокуратура 24 буллингтің, 4 суицидтің, 2 бопсалаудың алдын алған.

Нәтижесінде, суицид жасауға қаупі бар 11 балаға көмек көрсетіліп, олар қалыпты жағдайға қайтарылған. Одан бөлек, 25 бала тәрбиелеп отырған 4 жайсыз отбасыға коммуналдық пәтерлер берілген. Мысалы, Шу ауданында 8 жылдан аса тұрғын үйге кезекте тұрған тұрмыстық жағдайы нашар 6 балалы отбасы анықталған.

Қабылданған ден қою шаралары бойынша көпбалалы отбасына 3 бөлмелі пәтер берілді. Дәл осындай, қамқорлықсыз қалған жетім балалардың құқықтары назардан тыс қалмады. Меркі ауданында 2 жыл бойы пәтер ала алмай жүрген 4 жетім балаға пәтерлер беріліп, 3 бала кезекке қойылды, ал Мойынқұм ауданында 6 бала пәтер кезегінің тізіміне енгізілді.

Еңбек заңнамасының сақталуы да облыс прокуратурасының ерекше назарында.

Биыл прокурорлардың араласуымен мыңнан аса жұмысшының 281 миллион теңгеге жалақы қарызы өндірілген. Жіті қадағалау барысында өндірістік мекемелерде адамдардың жарақат алуы мен жазатайым оқиғаларының жиілеп кеткені мәлім болған.

Өңіріміздегі кәсіпорындарда жұмысшылармен еңбек шарттарының орнына қызмет көрсету шарттарын жасасу жағдайлары көп кездеседі. Қалыптасқан жағдай қауіпсіз еңбекті қамтамасыз етуге мүмкіндік бермейді. Мәселен, Қордай ауданында жүнді өңдеу цехында қайтыс болған қызметкер үшін жұмыс беруші жауап бермеген. Қылмыстық іс еңбек қатынастарының болмауынан тоқтатылған.

Осы әділетсіздікті жою мақсатында прокуратура органдары асыраушысынан айырылған отбасының әйелі мен 3 баласының мүддесіне сотқа талап қою беріп, еңбек қатынастарын дәлелдеді. Нәтижесінде, кәсіпкерден зардап шеккен отбасыға 3 миллион теңге өндірілді, қылмыстық іс қайта жандандырылды.

Прокуратура болашақта осындай келеңсіз жағдайлар қайталанбас үшін облыс тұрғындарын тек еңбек шартымен жұмыс істеуге шақырады.

Бизнес пен инвестициялар – бұл экономиканың өсуі. Кәсіпкерлер көбінесе мемлекеттік органдардың қысымына шағымданады, ал бұл жалпы инвестициялық ахуалға әсер етеді. Осы орайда спикер инвесторлар мен кәсіпкерлікті қорғау мәселелерін де сөз етті.

Бұл бағытта прокуратурада мобильді топтар жұмыс істейді, әр түскен сигнал бойынша кәсіпкерлердің тікелей қатысуымен олардың дәлелдері тексеріледі. Кәсіпкерлердің қызметіне бақылаушы органдардың араласуы мен шектеулері ерекше бақылауда, ол үшін арнайы «Прокурорлық сүзгі» жұмыс істейді.

Негізсіз тексерулер мен айыппұлдар кәсіпкерлікке кедергі әкелетіні бесенеден белгілі. Сондықтан бақылаушы органдардың жұмысы ерекше зерделенуде. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 16 заңсыз жоспарланған тексерудің, салық органдарының 2,5 мыңнан астам хабарламасы мен әкімшілік жауаптылыққа тарту туралы қаулылардың күші жойылды.

Инвесторларды қорғау бағытындағы жұмыс Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ұйымдастырылуда. Жыл басынан бері жобалардың құны 494 миллиард теңгені құрайтын 14 инвестордың проблемалары шешілді. Мысалы, 100 жаңа жұмыс орнын ашуды жоспарлап отырған қазақ-неміс «КнауфГипсТараз» компаниясына зауыт құрылысын жүргізу үшін қосымша жер учаскесі берілді. Тағы бір мысал, 2012 жылдан бастап өз жұмысын дұрыс істемей тұрған Шу ауданындағы «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймақтың мәселесі. Ол бұған дейін «Тараз химиялық паркі» деп аталатын. Мұндағы құрылыс объектілерінің аяқталмауы себебінен келтірілген залалдың сомасы 2 миллиард теңгені құраған.

Бүгінгі уақытта прокуратураның талабы бойынша «КАТЭК» ЖШС Консорциумы, «Build Stroi» ЖШС, «ISS Engineering» ЖШС атты үш жосықсыз мердігерден 278 миллион теңге өндірілген. Қалған сома өндірілуде. Бұдан бөлек, экономикалық аймақта бірнеше жыл бойы іске аспаған жобалар бойынша 81 гектар жер қайтарылды, ол жаңа инвесторларға жол ашты. Атап айтқанда, инвестиция көлемі 45 милиард теңгені құрайтын кәсіпкер өз жұмысын бастады. Натрий цианидін өндіретін зауыт салуды «Altynalmas Reagents» ЖШС жоспарлап отыр. Осылайша прокуратураның араласуынан кейін, республика көлемінде ірі арнайы экономикалық аймақтың бірінде инвесторлар өз жұмысын бастаған.

Сонымен қатар, прокуратура органдары жергілікті халықтың проблемаларын шешу бойынша үйлестіру жұмыстарын тұрақты жүргізуде. Прокуратураның араласуынан кейін Тараз қаласында, Аса, Жұма, Шайқорық станцияларының саяжайларындағы 5,5 мың тұрғыны бар аймақтардың электр желілері заңдастырылды. Жамбыл ауданында Бесағаш және Түрксіб ауылдарындағы 1,5 мың үйге ауыз су берілді.

Қылмыскерлік бағытта да азаматтардың құқықтарын қорғау ісі өз нәтижелерін беруде. Қоғам мен бұқаралық ақпарат құралдарының санасында Тараз қаласының қылмыстық имиджі қалыптасқан. Ол шындыққа жанаспайды. Иә, бізде резонанстық қылмыстар болады, бірақ олар әрқашан халықпен талқыланып, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады, бұл облыс тұрғындарының қылмысқа қарсы күрестегі белсенді ұстанымын көрсетеді.

Құқық бұзушылықтардың саны екі есеге немесе 8712-ден 4326-ға дейін азайған.

Бұл республиканың облыстары арасындағы, 20-ның ішінен 19-орынды алған қылмыстың ең төменгі көрсеткіштерінің бірі.

Жағдайды жақсарту элементтерінің бірі – облыс орталығында және өңірдің ірі аудандарында іске асырылып жатқан «Тараз – қауіпсіз қала», «Қауіпсіз – Қордай», «Қауіпсіз – Шу» сияқты жобалар болды.

Жалпы, қабылданған шаралардың нәтижесінде қылмыс 12 пайызға, оның ішінде ұрлық 27 пайызға, тонау 23 пайызға, алаяқтық 9 пайызға және адам өлтіру қылмыстары 54 пайызға төмендеген.

Құқық бұзушылықтардың алдын алумен қатар, прокуратура қызметкерлерінің басты мақсаты – азаматтардың қылмыстық қудалау әрекетінде конституциялық құқықтарының бұзылуына жол бермеу.

2023 жылдан бастап азаптау қылмыстарын тергеп-тексеруді прокуратура органдары жүргізеді. Содан бері азаптау мен тергеудің рұқсат етілмеген әдістерінің жолы қатаң кесілген. Жүргізілген тексерулер барысында биыл прокурорлар қылмыстық қудалау органдары ғимараттарында және изоляторларда заңсыз ұсталған 28 адамды босатты.

Пенитенциарлық мекемелер мен қылмыстық қудалау органдарында үздіксіз бейнебақылау орнатылды. Аталған шаралар азаптауға және тергеудің рұқсат етілмеген әдістеріне шағымдардың санын едәуір азайтуға мүмкіндік берген. Нәтижесінде, сотталушылардың өз-өзіне зиян келтіру фактілері 66,7 пайызға төмендеген.

Мемлекеттік айыпты қолдау бағытында прокурорлар тек қана айыпты қолдаумен шектелмейді. Керісінше сот үкімдерінің заңға сәйкес болуын қадағалайды, олай болмаған жағдайда өтінішхаттар енгізеді.

2024 жылдың бес айында прокурорлардың өтінішхаттарымен 29 адамға қатысты қылмыстық сот актілері өзгертіліп, заңға сәйкестендірілген, оның ішінде сотталғандардың 9-ның жазалары жеңілдетілген.

Прокурорлардың тек мемлекеттік органдармен ғана жұмыс істемейтінін, соңғы жылдары азаматтардың құқықтарын қорғау саласындағы жұмысты Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің облыс бойынша өкілі Берікбол Байхожаевпен бірлесе атқарып келе жатқанын алға тартқан Нұрғалым Мәжитұлы бұл жұмыстардың одан әрі жалғасатынын жеткізді.

 

Үміт БИТЕНОВА