Жаңалықтар

Баланы жақсы көрудің де жөні бар

«Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар – тәннің құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды. Һәм өзі өспейді, қуат таппайды. Бұл – тән азығы. Екіншісі – не көрсе де қызығып, талпынып, жалтыр-жұлтыр еткен болса, оған қызығып,аузына салып, дәмін татып қарап, сырнай-керней болса дауысына ұмтылып, ит үрсе де, мал шуласа да,біреу күлсе де,жыласа да тұра жүгіріп «ол немене?», «ол неге үйтеді?»,«бұл неге бүйтеді» деп көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, көрсем екен, үйренсем екен деп тұрады. Бұл – жан азығы». Абай Құнанбаев жетінші қара сөзінде дүниеге келген жас балалардың мінез-құлқы туралы осылай дейді.

Бала тәрбиесімен ата-ана дүние есігін шыр етіп ашқаннан бастап айналысу керек. Сол отбасындағы ана мейірімі, әке қамқорлығына қанық балалардың өмірге бейімділігі, тәрбиесі, білімі олардың ойынан айқын көрінеді.

Алаш қозғалысының қайраткері, ақын, қазақ әдебиетінің жарқын жұлдызы Мағжан Жұмабаев «Тәрбие деген не?» дегенге, «Тәрбие, кең мағынасымен алғанда, қандай да болса бір жан иесіне тиісті азық беріп, сол жан иесінің дұрыс өсуіне көмек көрсету деген сөз. Ал енді адамзат туралы айтылғанда, адамның баласын кәмелет жасқа толып, өз-өзіне қожа болғанша тиісті азық беріп, өсіру деген мағынада жүргізіледі. Дұрысын айтқанда, адамға шын мағынасымен «адам» деген атты осы жан ғана беретіндіктен, адам баласын тәрбие қылу дегенде, әрине, адам баласының, әсіресе, жанын тәрбие қылу керек деп ұғу керек. Ал адам баласы туғанда іңгәлаған айғайы мол бір кесек ет. Ақылы, есі жоқ. Денесі тым әлсіз. Өсуі, ұлғаюы тым баяу, тым шабан. Мінекей, адам баласы осылай өте әл сіз боп туып, аса сараң өсетіндігінен, оның денесіне,жанына азық беріп, өсуіне көмек көрсетпей, яғни оны тәрбие қылмай болмайды». Абай мен Мағжан ойындағы үндестік осы екі ойда дәлелді айтылған.

«Балаңды аясаң, аяма» деген аталы сөздің астарында үлкен мән бар. Тәрбие мен еңбекке аяусыз баулу, ол – болашақтың жемісі. Себебі қазіргі кездегі тәрбие мен еңбек, білімнің жағдайы мәз емес екені ащы да болса шындық. Баланы өмірдің қиындығына төтеп беруге үйретпейміз. Қандай да бір жағдай болса, өзгені кінәлап, тамыр-таныс іздеп мәселенің шешімінің оңай жағына жүгінеміз. Оқиғаның себебі мен салдарын анықтауға тырыспаймыз. Ертең ол қоғамға араласады, сол кезде ел- жұрт оның әке-шешесіндей болмайды. Ол да тәрбиенің қазіргі кездегі әлсіз тұстары.

Қорыта келе, «балам, балам» деп өбектеуді азайтқан абзал. Өзін-өзі басқарып, аяқтан тұрып кететін мықты тұлға етіп қалыптастыру – ата-ананың міндеті. Баланы «айналайын» деп басынан сипап қана қоймай, өмірдің қатал сынына төтеп беруге де үйреткен жөн секілді.

 

Аян ШАДЫБЕКОВ,

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті конвергентті журналистика мамандығының 2-курс студенті.