Құқық

Өмірлерін «Өртеген» өрендер

Ата-бабамыздың өткен тарихына бажайлып қарасақ, жаман әдетке үйір болмаған. Рас, Абай заманында болыстар орыс шенеуніктеріне жағымпазданамыз деп бірге ішімдік ішіпті деген әңгіме бар. Сол тұста қазақтың тәуірлері шақша жасатып, насыбай атады екен. Даланың дарабоз ақылдысы Құнанбай қажы насыбай ататындардың езуін тіліп, жазалапты деген де сөз бар.

Статистика көрсеткендей жаман жолға түскендердің барлық ауылда кездесетіндігі қорқынышты. Алайда, үздіксіз жұмыс жүргізудің арқасында нашақорлар мен есірткі бизнесімен айналысатындардың саны жыл сайын азайып келеді.

Қазіргі таңда аудан әкімдігімен бірлесе «Дрон» құрылғысын алуға «Билборд» эскиздері бойынша сұрау хаттары берілді және осы техникалық құрылғымен есірткі қылмыстарын анықтауда ҚР ҚК-нің 300-бабы арқылы оң нәтиже шығару жоспарлануда, – дейді полиция майоры.

Нашақорлық пен есірткі саудасының алдын алу үшін аудандық прокуратура да нақты жұмыстар жүргізуде. Ал аудандық аурухананың бас дәрігері Есмұхан Имаммырзаевтың бізге ұсынған деректерінен де біраз нәрсені анғаруға болады. 2024 жылдың 1 қаңтарына дейін аудан бойынша 217 науқас есепте тұрған. Оның ішінде маскүнемдікпен 166 науқас ( әйел – 23, еркек – 143), нашақорлықпен 51 – науқас (әйел тіркелмеген). Науқастардың 18-35 жас аралығындағылардың саны – 26.

Жыл басынан бері үш науқас есепке алынды және төрт науқас маскүнемдіктен есептен шығарылды. Облыстық наркологиялық диспансерге емделуге басынан бері сегіз науқас жіберілген.

Әртүрлі дәрежедегі 323 сараптама жүргізілді. Оның ішінде екі сараптама жүйке жүйесіне әсер ететін марихуана қолданған екі адам анықталып, нашақор ретінде есепке алынған.

Бір сөзбен айтқанда, ауданда нашақорлықт ан, е сірткіден е сі кеткендердің саны азайғанымен, біржолата тыйылмай отыр.

«Саламатты өмір салтын орнықтырамыз» деп үгіт-насихат жұмыст арын жүргізгенімізбен, қоғамды жайлап бара жатқан бұл кеселдің алдын алу үшін әлі де болса құқық қорғау органдары, зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік ұйымдар бірлесе жұмыс істеу керек. Әсіресе, жастар орталықтары белсене араласулары қажет. Ақсақалдар кеңесінің де көмегі тиетінін байқап жүрміз. Мысалы, өткен жылдары Ойық ауылында бір отбасы ішімдікке салынып, балалары сабаққа бармай, азғындау фактісі тіркелгенде, сол ауылдың билер алқасы әлгінің үйіне барып, ортаға салып, ақырында ол отбасын азып-тозудан сақтап қалды. Мұндай оқиға Тамды ауылында да кездесті. Ауылдағы билердің араласуымен кеселдің алды алынды.

Барлығын жылы жауып қоя беруге болмайды. Нашақорлықпен, есірткі саудасымен күресу үшін соңғы жылдары заңдар қатаңдатылды. Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілу кезінде шетелдік тәжірибелер де сарапталды.

Халықаралық тәжірибе бүгінгі күні есірткімен күресуде қылмыстық шараларды қатаңдатпай, оны жою мүмкін емес екендігін көрсетті. Мысалы, Ұлыбритания, Бельгия, Грекия, Ирландия, Канада, Франция және басқа да елдер осы қылмыстар үшін өмір бойы бас бостандығынан айыруды белгіледі. Есірткіні сатқаны үшін өлім жазасына кесу Иран, Қытай, Сингапур, АҚШ және Тайланд заңнамаларында көрсетілген.

Осыған байланысты «Қазақстан Республикасының Қылмыстық, Қылмыстық-іс жүргізу кодекстеріне және Есірткінің заңсыз айналымы аясындағы жауапкершілікті күшейту мәселелері» бойынша «Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылықтары жөніндегі кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы әзірленіп, маусым айында қабылданды.

Бұл заң тек аса ауыр есірткі қылмыстары үшін қылмыстық жауапкершілікке тартады, олар ҚР ҚК-нің 250, 259, 260, 262, 264 және 266 баптары бойынша белгіленеді.

Осылайша жаңа заңға сәйкес, келесі қылмыстық санкциялар қолданылуы мүмкін:

– аса ірі көлемде есірткі контрабандасы үшін – 15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойы бас бостандығынан айыруға; лауазымды тұлғаның қызметтік жағдайын пайдаланып, есірткіні сатқаны үшін – 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыруға;

– оқу орындарында және кәмелетке толмағандардың есірткіні сатқаны үшін – 15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойы бас бостандығынан айыруға; ұйымдасқан қылмыстық топпен есірткіні сатқаны үшін – 15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойы бас бостандығынан айыруға; кәмелетке толмағандарды, екі немесе одан да көп адамдарды, сондай-ақ күш көрсетумен есірткіні пайдалануға тартқаны үшін – 7 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыруға;

– есірткіні пайдалануға тартып, соның негізінде адам өліміне әкеліп соққаны үшін - 15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойы бас бостандығынан айыруға;

– есірткіні пайдалану үшін притондар ұйымдастырғаны үшін – 3 жылдан 7 жылға дейін, ал қызметтік жағдайын пайдаланғаны немесе ұйымдасқан топпен ұйымдастырғаны үшін 7 жылдан 12 жылға дейін.

Сонымен қатар, есірткі қылмысы тікелей заңсыз табыс табумен байланысты болғандықтан, осындай қылмыстың әрбір құрамы үшін мүліктерін міндетті түрде тәркілеу енгізілген.

Заң талаптарын жұртшылыққа түсіндіру құқық қорғау органдарының басты міндеттерінің бірі деп білеміз. Бұл жерде жалпақ шешейлікке жол беруге мүлдем болмайды. Өйтсек, ұлтымыздың болашағына балт а шабамыз. Сыртқы күштердің де арманы – халқымыздың санасын улау, тәні мен жанының сапасын құрту, сөйтіп, өздерінің ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстау. Айналып келгенде, мәңгүрт ұлтты басқару оңай. Осыны әрбір адам түсіну керек. Ұлтымыздың ұсақталып кетуіне жол бермеуіміз керек.

 

Сәулембай ӘБСАДЫҚҰЛЫ,

билер кеңесінің төрағасы

Талас ауданы