Насыбай тұтынушылар толастамай тұр
Бүгінгі таңда ел жастарын еліктіріп, есінен тандырып тұрған екі зиянды өнімнің бірі – насыбай. Болашағынан зор үміт күттіретін жасөспірімдер есірткімен қоса, нәубеті мол насыбайға елітіп жүргені жасырын емес. Жастардың бірі оны саудалайды, бірі пайдаланады. Ең сорақысы, мектеп түлектері мен мұғалімдердің де бұл қылмысқа қатыстылығы әшкереленуде. Осыдан-ақ, адам баласының санасын улап, жадын өшіретін өнімнің тұтастай қоғам үшін қандай қауіп төндіріп тұрғанын аңғаруға болар.
Дәл осы зиянды әрекеттерге қатысты Мемлекет басшысы Атырауда өткен Ұлттық Құрылтайдың үшінші отырысында насыбай таратушылар үшін заң жүзінде белгіленген жауапкершіліктің тым төмен екенін айтқан еді. «Денсаулыққа зиян әрі ұят әдеттің бірі – насыбай ату. Оның қалай жасалатыны белгілі. Ешқандай санитарлық талап сақталмайды. Құрамында түрлі дертті, оның ішінде онкологиялық ауруларды қоздыратын заттар бар. Насыбайды өндіруге және таратуға 2015 жылы тыйым салынған. Бірақ, әлі күнге дейін көшеде, тіпті азық-түлік дүкендерінде ашық сатылып жатыр. Құқық қорғау мекемелері ешқандай шара қолданып жатқан жоқ», – деді Президент.
Жалпы, насыбай – құрамында есірткі бар алқа тұқымдасына жататын темекі өсімдігінен жасалатын, құмарлық үшін тұтынатын зат. Ресеймен, Қытаймен етене араласып, сауда-саттық жасаудың нәтижесінде қазақ даласына темекі келіп, насыбай жасау етек жайғаны белгілі. Темекінің құрғатылған жапырағынан мүштікке салып тартудың пайда болуы тәрізді, темекіні ұнтақтап, оған түрлі заттар қосып насыбай дайындауды көшіп-қонып жүрген қазақтардың әу баста өзгелерден үйренгені хақ. Ұлттық болмысымызға жат насыбай ату әдетінің ел арасында кеңінен тарағаны соншалық, біздің тілімізде «Адам көңілі бір атым насыбайдан қалады» деген мәтел де бар. Осылайша, насыбайдың зияндылығы естен шығып, ел азаматтарына қолжетімді болды. Тіпті түнде жылқы баққан немесе жолға шыққан атты кісілер, ауыл-аймақты күзеткендер де, көңіл-күйін көтергісі келгендер де насыбай атты. Себебі, насыбай ату – қан қысымын көтеріп, ұйқыны қашырады.
Жалпы, дәрігер мамандардың айтуынша, насыбайдың адам денсаулығына тигізер зияны өте көп. Оның құрамына никотин, синиль қышқылы, көмір қышқылы, сірке қышқылы, азот, эфир майы және өкпе обырына ұшырататын әртүрлі радиоактивті қоспалар қосылады. Әрі насыбай ату адамның өмір сүру жасын қысқартады. Оны пайдаланатындар ауыз қуысы, ас қорыту жүйесінің қатерлі ісігіне ұшырайды. Өмір сүруге, еңбек етуге деген ынта-ықыласты азайтады. Тыныс алу жолдары қабынады. Ұдайы насыбай ату ұйқысыздыққа әкеліп соғады. Тамаққа деген тәбетті жойып, адам ағзасы әлсірейді. Онколог және нарколог дәрігерлер насыбай қолданғандардың өмір сүру ұзақтығы кем дегенде 10-15 жылға кемитінін, астыңғы ерін ауыз қуысы, өңеш, асқазан, тері обырына себепкер бірден-бір зиянды зат екенін баяғыда-ақ дәлелдеп қойған.
– Әсері бірден миға шабатындықтан, ми тамырларының қысылуынан инсульт және инфаркт болу қаупі басым. Құрамындағы әкті жұтатындықтан, гастрит, асқазан жарасының да пайда болуы мүмкін. Санитарлық талаптарға сай емес, үй жағдайында дайындалатынын ескерсек, ішек инфекциясы да тез байқалады. Жануарлар тезегі қосылатындықтан, өкпеде құрт пайда болуы мүмкін. Ең ауыры – әйелдер бала туудан қалып, еркектер белсіздікке ұрынады, – дейді нарколог- дәрігер Манап Қалиев.
Өкінішке қарай, бұл күнде қала ішінде орналасқан кез келген базардан насыбайды оңай тауып алуға болады. Мәселен, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы орналасқан ғимараттың артындағы кішігірім дүкеннен бұл өнімді көптеп кездестіруге болады. Мұндағы сатушы темекі, шемішкемен бірге еш қымсынбай- ақ насыбайды ашық түрде сатып тұр. «Бәрі сатып жатыр ғой, біз базардағы сатушылардан аламыз. Оларға Алматыдан жеткізіледі. Мұның не зияны бар? Ата-апаларымыз бұрыннан бері атып келеді емес пе? Егер тыйым салатын болса, сатпаспыз», – дейді өзін Нұрлан деп таныстырған ер адам.
Айта кетейік, насыбай салынған кішкентай полиэтилен жасыл қапшықтардың біреуі – 180- 200 теңге тұрады. Бұл шамамен екі бөлке нанның бағасына жуықтайды. Өнімді сатып алушылар көп. Әйтеуір, жас та, жасамыс та насыбай алуға құмар. Соның бірі – Мейірлан есімді жігіт. «Бірге оқитын жолдастарымның бәрі алып жатқасын, қызығып атып көрдім де, тәуелді болып кеттім. Бірақ, көбірек атып қойсаң, басың ауырып, жүрегің айнып, құсасың, тамаққа тәбетің болмай қалады. Бүгінде бұл өнімді пайдалануды сиреттім. Қазір анда-санда бір аламын. Негізі қажеті жоқтығын ұғып келемін», – дейді ол.
ТҮЙІН:
Сонымен, бұдан былай насыбаймен күрес мемлекеттік деңгейде жүргізіледі. Заң бойынша бұл өнімді сатсаң да, сатып алсаң да жауапкершіліктен құтылмайсың. Бастысы, ұлттың денсаулығына қауіп төндіріп, тұрғындарды тәуелділікке алып келетін насыбаймен күресте құзырлы органдар дәрменсіздікке бой алдырмаса болғаны. Өз кезегінде бұл істе ел азаматтары да шет қалмай, жасырын сауда нүктелерін анықтап, ұл-қызын зияды өнімнен сақтауы қажет-ақ.
Есен ӨТЕУЛІ