Жаңалықтар

Үздік полицейлер марапатталды

Жыл сайын 23 маусым күні елімізде Қазақстан Республикасының полиция күні меркесі қарсаңында үздік полицейлер марапатталады. Биыл қазақстандық полицияның құрылғанына 32 жыл толып отыр.

Айта кетейік, 1992 жылы еліміздің Жоғары Кеңесі «Қазақстан Республикасы Ішкі істер органдары» туралы Заң қабылдады. Бұл – Қазақстан полициясының істері мен қызметін анықтайтын алғашқы акті. Ал, 2007 жылдан бастап 23 маусым – Полиция күні ретінде ресми бекітілді. Кәсіби мерекеге орай облыстық полиция департаментінде салтанатты іс-шара өтті. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қатысқан жиын Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасов пен қызметтік борышын орындау барысында қаза тапқан ішкі істер органдары қызметкерлерінің ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Аймақ басшысы қауіпсіздікті қамтамасыз етуде жамбылдық полицейлердің еселі еңбегін атап өтіп, қоғамдық тәртіп пен заңдылықты сақтауда құқық қорғау қызметкерлерінің жұмысын жоғары бағалады.

Бұдан кейін, облыстық мәслихаттың төрағасы Абдалы Нұралиев пен облыстық полиция департаментінің бастығы, генерал-майор Арманбек Баймурзин тілегін білдірді. Мұнан соң, қызметтік міндеттерін үлгілі орындаған бірқатар тәртіп сақшыларына «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі, облыс әкімі мен облыстық мәслихаттың Құрмет грамотасы және Алғыс хаты табысталды. Жалпы, осы күні азаматтардың қауіпсіздігі мен қоғам тыныштығының күзетінде тұрған бас-аяғы 258 қызметкер марапатқа ие болды. Полицейлер ел тыныштығын күні-түні күзетіп, қоғамдық тәртіпті кірпік қақпай қадағалайды. Тіпті, кейбірі халыққа төнген қауіпті ауыздықтау кезінде ерлікпен қаза табады. Бұл күні антына адалдық танытып, өз қызметін атқару кезінде мерт болған полицейлер де назардан тыс қалған жоқ. Нақтылай түссек, бұл күні жиналғандар қапияда қаза болған қызметкерлердің отбасыларына құрмет көрсетті.

Жиын соңында көпшілік облыстық полиция департаменті жеке құрамының жауынгерлік өнерін тамашалап, мұражайдағы бағалы экспонаттармен танысты. Атап өтейік, биыл полиция департаментінің материалдық-техникалық базасын жақсарту мақсатында бюджеттен 4,1 миллиард теңге бөлінген. Бұл қаржының басым бөлігі цифрлық технологияларды тиімді пайдалану үшін жұмсалмақ. Мұндай мемлекеттік қолдау полицейлердің жұмысын жеңілдетіп, оларға жүктелген міндеттердің дер кезінде сапалы әрі кәсіби орындалуына өз септігін тигізері анық.

 

Есен ӨТЕУЛІ