Жаңалықтар

Сот жүйесі қызметкерлеріне құрмет көрсетілді

Заң – кез келген елдегі теңдік пен тыныштықтың, тұрақтылық пен татулықтың темірқазығы. Ал, демократиялық мемлекеттің негізгі құқықтық институты ретінде заң талаптарының сақталуына әрі заң үстемдігінің орнауына бірден-бір кепіл болатын орган – сот жүйесі. Осы себепті, егемен ел атанғалы бері бұл салада көптеген ілкімді реформалар кезең-кезеңімен жүзеге асып келеді.

Ы. Дүкенұлы атындағы Тараз қалалық Мәдениет үйінде судья және сот қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған іс-шара барысында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев осы саланың дамуына ерен еңбек сіңіріп, қоғамда заңдылықты нығайтуға үлес қосқан бірқатар азаматтарды марапаттады. Аймақ басшысы іс-шара барысында өз міндеттерін адал атқарып, ел Конституциясы мен заңдарына сәйкес бейтарап және әділ шешім қабылдайтын сала қызметкерлерінің жұмысына табыс тіледі.

Адам құқықтары мен бостандықтарын тек жоғары санатты және әділ сот қана сенімді қорғай алады. Сондықтан, мемлекеттегі тұрақтылық пен сот жүйесіне деген қоғамның сенімі сіздердің кәсіби шеберліктеріңізге байланысты болмақ. Жалпы, облысымызда 126 судья қызмет атқарады. Судья – сот саласының тірегі. Бұл ретте өңірлік соттардың тәжірибесін ерекше атап өткім келеді. Билер кеңесі жоғары деңгейде ұйымдастырылуда. Бүгінде облыстық соттың өзіндік орны қалыптасты. Жергілікті билік пен соттың тығыз қарым-қатынаста болуы – әлеуметтік және еңбек проблемаларын заң аясында шешуге мүмкіндік береді. Халықтың сот жүйесіне деген сенімін арттыру – басты борышымыз. Өз міндеттеріне асқан жауапкершілікпен қарап, әділ және адал болғандарыңыз үшін сіздерге алғыс білдіре отырып, зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Сот төрелігі мен ашықтығын қамтамасыз етуде жетістіктерге жете беріңіздер, – деді Ербол Шырақпайұлы.

Сонымен қатар, іс-шара барысында Жамбыл облыстық сотының төрағасы Ербол Ахметжанов, облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров, сот әкімшілігінің облыс бойынша департаментінің басшысы Берік Құлтасов және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігі облыс бойынша департаментінің басшысы Руслан Шарипов сөз сөйлеп, демократиялық қоғамда сот билігінің маңыздылығына кеңінен тоқталды. Бұдан кейін, елімізде әділ сот төрелігін қалыптастыру мен жетілдіру жолында қажырлы еңбек еткен сала мамандары мен сала ардагерлеріне құрмет көрсетілді. Марапатталғандардың бірі – сот әкімшілігі департаменті басшысының орынбасары Гузаль Турдыева. Оның айтуынша, қоғамдағы даулар мен жанжалдарды шешу үшін судьялардың бойынан жоғары білім, тәжірибе әрі мінсіз адами және тұлғалық қасиеттер табылуы тиіс.

 

Есен ӨТЕУЛІ