Жаңалықтар

Мемлекеттік қызмет – мәртебелі міндет

Мемлекеттік қызметшілер күніне орай, облыс әкімі Ербол Қарашөкеев аймақтың дамылсыз дамуына жан-жақты атсалысып жүрген бірқатар мемлекеттік қызметшілерге алғыс білдірді.

Ербол Шырақпайұлы ел дамуының қозғаушы күші, дүйім жұрт пен биліктің дәнекері болып жүрген мемлекеттік қызметшілердің қоғамдағы орны мен оларға жүктелген жауапкершіліктің зор екендігіне тоқталды.

Мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту мәселелерін шешуге, халықпен қарым-қатынасты және өзара іс-қимылды күшейтуге, мемлекеттік қызметке жас дарындарды тартуға, кадр процестерін автоматтандыруға және мемлекеттік органдардың кадрлық әлеуетін күшейтуге бағытталған шаралар қабылдануда. Бүгінде Президентіміз талантты жастарды мемлекеттік басқару ісіне тарту мәселесіне де ерекше ден қойып отыр. Облыста қазіргі таңда 4475 мемлекеттік қызметкер болса, оның 2450-і жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері. Ал, жастардың үлесі 1461 бірлікті немесе 32,6 пайызды құрап отыр,– деген облыс басшысы Президенттік жастар кадрлық резерві жобасын да айрықша атап өтті.

Биыл өңірлік кадрлық резервке іріктеу басталғанын, оған аймақтан 443 үміткер құжат тапсырғанын жеткізген Ербол Шырақпайұлы тұтас елдің дамуы жолында тез әрі дұрыс шешім қабылдай білетін білікті мамандардың еңбегі еш кетпейтінін айтты.

Мұнан соң облыстық мәслихаттың төрағасы Абдалы Нұралиев те аймақтағы мемлекеттік қызметшілерді кәсіби мерекесімен құттықтады. Басқосу барысында облыс әкімі Ербол Шырақпайұлы мемлекеттік қызметшілер арасында еңбек етіп жүрген нәзікжандылардың еңбегін де ерекше атап өтіп, бірқатар мамандарды «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісімен, облыс әкімінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапаттады.

 

Нұржан ҚАДІРӘЛІ