«Тараз» футбол клубының тірлігін қалай тіктейміз?
Футбол – күллі әлем көз тігетін спорт бәсекелерінің бірі әрі бірегейі. Ала доптан әр ел өз спортшыларымен мақтанады. Әсіресе, Еуропадағы футбол мектептерінің теңдессіз екенін қазір жасыл алаңда ойнап жүрген үздік футболшылар дәлелдей түсуде. Сол аяқдоп шеберлерінің көпшілігі шағын ауыл мен қаладан шықты. Кейін сол елдегі үздік футбол академияларына шақырту алып, шеберлігін шыңдап, үлкен футболға қадам басты.
Ал «Қазақстанда футболдан қай өңірдің түлектері мықты?» десе, бірден Жамбыл облысы еске түседі. Бұл өңірден түлеп ұшқан футболшыларға да ел клубтарынан сұраныс жоғары. Расымен, Тараз – таланттар мекені. Өткен ғасырдың орта тұсынан бері біздің аймақтан аяқдоп шеберлері көптеп шыққан. Өйткені, бұл өлкеде бұрыннан қалыптасқан дәстүр бар. Жамбылдық Ваит Талгаев, Владимир Никитенко, Дмитрий Огай және тағы басқа футболшылар кезінде Ресейде ойнаған. Футболдан тұңғыш Олимпиада чемпионы Евгений Яровенко да Жамбыл облысының түлегі. Ол КСРО құрама командасында Сейділда Байшақовпен бірге өнер көрсеткен Вахид Масудовтың өзін бүкіл Кеңес Одағы біледі. Сонымен қатар Нұркен Мәзбаев, Азамат Ниязымбетов, Ерлан Елеусінов, Нұрмат Мырзабаев, Олег Литвиненко, Мұрат Тілешовтер де осы өңірдің үздіктері. Бұған қоса үш жыл қатарынан «Жыл футболшысы» атанған Олег Воскобойниковті де айрықша атап өткеніміз абзал.
Кейінгі кезде Бауыржан Исламхан бастаған жігіттер де жарқылдап шығып, «Қайрат» командасының жүрегіне айналды. Тіпті, ресейлік даңқты футболшы Андрей Аршавин оның әлеуетін «атақты армениялық Мхитарияннан кем емес» деп бағалаған. Бұдан бөлек, Бауыржан Байтана, Еркебұлан Сейдахмет, қазір Түркияның «Бешикташ» командасы сапында жақсы ойын өрнегін көрсетіп жүрген Бахтиер Зайнутдинов, қақпашы Мұхаметжан Сейсен де Тараз топырағынан. Кейінгі уақытта жамбылдық Абылайхан Жұмабек, Дінмұхамед Қараман секілді жас футболшылар да мақтау естіп жүр. Мұның өзі Жамбыл облысының футболға ерекше ден қойып отырғанын айғақтайды.
Қазақстан ғана емес, шет мемлекеттерге де дарынды футболшылар сыйлаған «Тараз» футбол командасының көкке өрлеген кездері әлі күнге жұртшылықтың жадында. Айталық, команда 1996 жылы ел чемпионы атанса, 1995, 1997 жылдары күміс жүлдеге қол жеткізді. Сондай-ақ, 2004 жылы футболдан Қазақстан кубогында топ жарса, 1992, 1993, 2013 жылдары аталған додада ақтық айналымға дейін алқынбай жетіп, күміс жүлдені қанағат тұтты. Осы жылдар ішінде «Тараз» командасы түрлі тоқырау мен өрлеуді бастан кешірді.
Өздеріңізге белгілі, жақында «Тараз» футбол клубына жаңа басшылық келді. Клубқа жаңа леп, көзқарас, қарқын қажет! «Тараздың» даңқын, атағын қайтаруға, сақтап қалуға күш салу керекпіз.
Облысымыздың бас командасы «Тараз» былтыр бірінші лигаға түсіп қалғаны белгілі. Төменгі лигада да команданың қазіргі жағдайы керемет деуге келмейді. Дегенмен, солай екен деп қол қусырып қарап отыруға болмайды. Ендігі мақсатымыз – «Тараз» командасының тірлігін тіктеп, жұмысын жүйелеуге бағытталмақ. Ол үшін бірқатар кешенді жоспарлар қолға алынып отыр.
Әуелі, клубтың ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету қажет. Яғни, командада болып жатқан барлық тың жаңалықтар мен ақпараттар клубтың әлеуметтік желідегі парақшалары, түрлі сайттар арқылы көпшілікке жедел әрі ұғынықты тілде жеткізілуге тиіс. Бұл өз кезегінде бұқарамен берік байланыс орнатуға жол ашады. Мемлекет басшысы ұсынған «Әділетті Қазақстан» идеясының негізгі мәні де осыдан бастау алады. Ашықтық болған жерде көңілде еш күдік қалмайтыны да ақиқат.
Сондай-ақ, клуб ойыншыларының ғана емес, бапкерлік, әкімшілік-басшылық құрамның да салауатты өмір салтын ұстануына баса мән берілуі қажет.
«Тәртіпке бас иген құл болмайды» деп даңқты жерлесіміз Бауыржан Момышұлы айтқандай, команданың әрбір ұстанымы темірдей тәртіпке негізделгені жөн. Одан ұтпасақ, ұтылмасымыз анық.
Тағы бір мәселе – облыс аудандарында балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту. Ол үшін облыстық әкімдік, дене шынықтыру және спорт басқармасы және Футбол федерациясы тығыз байланыс орнатуы керек. Жасыратыны жоқ, жас, талантты футболшының аты шыға бастаса, әлемнің үздік клубтары сөзсіз оған назар аударады. Егер алаңдағы шеберлігіне көзі жетсе, бірден өз қатарларына қосып алуға дайын тұрады. Бұл да болса талантты жастарға барлық жағынан өзін көрсетуге толық мүмкіндік бар екенінің дәлелі. Сондықтан, әр клубтың басшылығы бірінші кезекте балалар футболының дамуына ерекше ден қояды. Өйткені, болашақ – сол жас жеткіншектерде. Осы арқылы ауыл балаларын спортқа баулуға мол мүмкіндік туғызамыз. Кез келген спортта буын алмасу үдерісі жүруі заңдылық. Бізге де жоғарыда есімдері аталған танымал аяқдопшылардың ізін жалғап, мерейімізді өсіретін жас дарындар ауадай қажет. Ал балалар мен жасөспірімдерді спортқа баулу – осы мақсатты жүзеге асырудың таптырмас тетігі.
Келесі кезекте облыс футболын дамытуға сеп болатын Бақылау кеңесін құру да – маңызды қадамдардың бірі. Аталған кеңестің құрамына Жамбыл облысы әкімдігінің, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының, облыстық Футбол федерациясының, облыстық футбол ардагерлері лигасының, «Тараз» футбол клубының, «Тараз» футбол орталығының белді өкілдері мен өңірдің түрлі дәрежедегі еңбек сіңірген жаттықтырушыларын, белсенді қоғам өкілдері-футбол жанашырларын тарту қажет.
Соңғы уақытта жанкүйерлер тарапынан «Тараз» футбол клубына байланысты сын көп айтылады. Олардың барлығы негізсіз дей алмаймыз. Әрине, жанкүйер қауым команданың ертеңіне алаңдайды, келешегін ойлайды. Бұл бір жағынан жоғарыда біз тоқталған жариялылық пен ашықтық саясатының кемшін түсіп жатқанын көрсетеді. Осы бір олқылықты түзету үшін клубтың медиа блогы арқылы қоғам және жанкүйерлермен кері байланысты күшейту қажет. Бұл қатарға баспасөз қызметінің жұмысын жандандыру, маркетинг, медиақызмет, матчтарды ұйымдастыру тағы да басқалар жатады.
Жалпы, «Тараз» футбол клубын дамытуға қатысты кешенді жоспарлы-жобаларды қамтитын арнайы тұжырымдама әзірленеді. Ол бойынша соңғы жылдары қордаланған мәселелерді рет-ретімен шешуге қатысты жүйелі жұмыстар қолға алынуы тиіс. Осы тұрғыда клубтың қаржылық мәселесін де кезең-кезеңімен шешуде бірлескен жұмыстар атқарылады. Бұл тұрғыда бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін тиімді пайдалану мүмкіндігі де қосымша қарастырылатын болады.
Бұл шаралардың барлығы қолға алынатын жұмыстардың бір бөлігі. Мұндағы алға қойған ортақ мақсатымыз – талай теңбіл доп шеберін түлеткен «Тараз» ұстаханасының тынысын кеңейтіп, бойына нәр жүгірту. Бұған жерлестеріміз бен команданың айнымас жанкүйерлері де белсене атсалысады деген сенімдемін!
Барша жамбылдық жанкүйерлердің атынан спортшыларға сәттілік тілеймін!
Ербол ҚАРАШӨКЕЕВ,
Жамбыл облысының әкімі