Жаңалықтар

Бала денсаулығы - байлықтың өзі

«Қуанса, бала қуансын» деген қанатты сөздің түпкі мағынасын оңалту орталықтарында қызмет алып жүрген балалардың жүзінен қуаныш табын көргенде түсінесің. Әрине, әрбір жанның тағдыры әртүрлі. Оларға қарап тұрып жүрегің ауырады, көңілің құлазитын кездер де көп болады. Бірақ, балалардың өмірге деген ұмтылысын, құштарлығын көріп, оларға кішкене болса да көмектескің, қолұшын бергің келіп тұрады. Өз ісіңнің нәтижесін көргенде осы мамандықты таңдағаным қандай жақсы болған деп ойлайсың.

Орталыққа келетін әрбір баланың мінез- құлқы, көңілі әртүрлі болып келеді. Олар үйде отырғаннан гөрі осында көбірек уақыт өткізгенді қалайды. Өйткені, олар мұнда достар табады, бір-біріне бауыр басып, іздеп тұрады. Менің жұмысымдағы басты мақсат – оларды қоғамға бейімдеу, оңалту қызмет түрлерін сапалы жүргізу.

Орталықта дефектолог-ұстаз қызметін атқара жүріп талай баланың сырқатынан сәл де болса айығып кетуіне қолұшымды созып келемін. Осында еңбек еткеніме тоғыз жылдың жүзі болыпты. Осы уақыт аралығында орталықта қызмет алушы 25 балаға танымдық қабілеттерін, ұсақ-қол моторика, сенсорика, қарапайым математика сабақтары бойынша орталықтағы оңалту- бейімдеу жұмыстарын жүргізіп келемін.

Қазіргі таңда орталықта қызмет алып жүрген Ғалымжан Темірбайдың ерекше қабілетін атап өткім келеді. Ғалымжанның орталыққа келгеніне жылға жуықтап қалды. Сөйлеу қабілеті тежелген ол бүгінде ағылшын, араб, қытай тілдерін оқып жүр. Ондағы дыбыстарды, сөздерді көріп, қабылдау арқылы қағаз беттеріне түсіреді. Көзбен көргенін еш ұмытпайды. Оның қабілетін одан әрі аша түсу үшін күнделікті жұмыс барысын жаймен күрделендіріп отырамын.

Әрине, жұмысымыз үлкен жауапкершілікті талап етеді. Бірақ қызмет алушылардың ой-өрісінің дамуы, олардың бір баспалдақ болса да көтерілгенін көргенде, қатты қуанып, жұмысқа деген жігерім арта түседі. Бұл мамандық менің өмірлік серігім болып қала береді.

 

Нұрбала АБДРАСИЛОВА,

облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету балалар орталығының дефектологы.