Жаңалықтар

Анамның жолын жалғап келемін

Мемлекеттік қызметші ретіндегі мансабым жуырда ғана, 10 мамырда басталды. Мемлекеттік қызметке кіру шарттарында болып жатқан өзгеріске сәйкес, Жуалы ауданы, Мыңбұлақ ауылдық округі әкімі аппаратының іс-қағаздар жүргізуші лауазымына жоғары GPA балы бойынша конкурссыз орналасуға өтініш берген болатынмын. Өтініш негізінде мемлекеттік қызмет істері агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаментінің келісімімен бас маман ретінде қызметке кірістім. 2019 жылы осы аудандағы Шерхан Мұртаза атындағы №1 мектеп-гимназиясын тәмамдап, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің философия және саясаттану факультеті психология мамандығының грантын иелендім. Аталған оқу орнын 2023 жылы үздік аяқтап, тамыз айында Жуалы ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөліміне жастар тәжірибесі аясында қабылдандым. Осы тәжірибем ескеріліп, мемлекеттік қызметтегі мансабым басталды.

Мадина АЛИХАНОВА, Жуалы ауданы, Мыңбұлақ ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы:

Ел басқару ісінде таңдаулы жастардың қатарына қосылу мен үшін зор мәртебе. Осы ретте өзіме ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның «Тірі болсам қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деген аталы сөзін ұстаным етіп қалыптастырдым. Туып-өскен ауылыма, ауданыма, тіпті тұтас мемлекетіме тамшыдай пайдам тисе бастапқы мақсатымның орындалғаны деп білемін. Бұл сала мені жастар тәжірибесімен ішкі саясат бөлімінде жұмыс істеп жүрген уақытта қызықтыра бастады. Осы мекемеде жүріп көп дүние үйрендім, тәжірибе жинақтадым. Анам да осы салада, экономика бөлімінде ұзақ жыл қызмет етті. Өкінішке қарай, өмірден ерте озды. Қазіргі таңда анамның жолын жалғап жүрмін десем де болады.

 

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ