Әлеумет

Міндетімді абыроймен атқару – басты мақсат

2019 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің заң факультетін тәмамдадым. Әуелі тәртіп сақшысы болуды мақсат еткен едім. Бірақ, университет қабырғасында мемлекеттік қызметке деген қызығушылығым оянып, мақсатымды өзгерттім. Университетте жастар ұйымдарымен жұмыс жүргізіп, нәтижеге жеттім. 2019 жылы маман атанған соң Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінде жастар ісі жөніндегі инспектер қызметіне кірісіп, мансап жолымды бастадым. 2021-2022 жылдар аралығында Түркия елінде түрік тілі «Tömer» оқыту курсында білім алдым.

Берік ДӘУРЕНБЕКОВ, Тараз қаласы әкімдігі құрылыс бөлімінің заңгері:

2022 жылдан бастап Тараз қаласы әкімі аппаратында жұмыс істеп, мемлекеттік қызметке өттім. «Билік пен халық арасындағы алтын көпірді барынша нығайту» деген ұғымды мемлекеттік қызметші ретіндегі ұстанымым деп білемін. «Отан – біздің ең үлкен анамыз. Әркім Отанына көрсеткен қызметіне жылу дәметпеуі тиіс. Ол – оның азаматтық борышы» деп Мұхтар Шаханов айтқан еді. Шынымен де, Отанға қызмет ету, оны сүйіп, ардақтау Қазақстан Республикасында туған әр азаматтың ел алдындағы парызы мен азаматтығының белгісі. Мемлекеттік қызметке келуімнің себептерінің бірі – өз елімнің дамуына көлге тамған тамшыдай болса да үлесімді қосу, егемен елімнің ертеңгі болашағын ойлау. Қазіргі таңда Тараз қаласы әкімдігі құрылыс бөлімінде заңгер қызметін атқарамын. Заңгер – қыр-сыры мол мамандық.

Отбасымда әкем – Арман Дауренбеков Байзақ ауданында полиция бастығының орынбасары қызметін атқарған. Бүгінгі таңда құрметті зейнет демалысында. Менің мемлекеттік қызметке деген қызығушылығымды оятып, үлкен өмірге аяқ басуыма демеу көрсеткен тұлға әкем болатын. Әкемнің маған артқан үмітін ақтау әрі ел алдындағы міндетімді абыроймен атқару – басты мақсатым.

 

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ