Жаңалықтар

Алаш арыстарын көрген қайраткер

Биыл Қазақстанда журналистік білім берудің бастауында тұрған Қазақ коммунистік журналистика институтының (ҚКЖИ) құрылғанына 90 жыл толды. БАҚ қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында осы оқу орнын тұңғыш тәмамдаған түлек, майдангер журналист, қайраткер Мәжит Белқожаұлы Түменов жайлы әңгіме қозғаудың реті келіп тұр.

Тарих – тағылым

Әкем Мәжит Түменов Алматы облысына қарасты Жамбыл ауданының Аңырақай ауылында 1914 жылдың тамыз айында дүниеге келген. Арғы атамыз заманында би болып, атамыз Белқожа мен әжеміз Тастан бақуатты өмір сүреді. Ел арасында сыйлы, дәулетті отбасы тағдырдың тәлкегін аз көрмейді. Өткен ғасырдың басында орын алған саяси төңкерістер ауыл тұрмысына қатты әсер етіп, ақыры 20-жылдардағы аштыққа әкеп тірейді. Содан көзі қарақты әке «Не де болса, сен аман болшы» деп сегіз жасар ұлын интернатқа тапсырады. Әкем Мәжит содан 1923-1930 жылдары Алматы қаласындағы №8 тәжірибелі-үлгілі мектепте оқыды. Алғыр бала үздіктердің қатарында болып, тілге бейімділігін танытады. Осы мектепте Алаш арысы, ақын Ілияс Жансүгіровтің жұбайы Фатима Ғабитқызының қазақ тілінен сабақ беруі де Мәжиттің болашағын айқындап бергендей. Қазақша мен орысшаға жүйрік, сауатты жаза білетін жастар ол уақытта көп емес екен. Содан 1934 жылы Қазақ коммунистік журналистика институты ашылғанда оқуға бүкіл елден талапкерлер әзер жиналады. Сол бақ қонған жанның бірі – Мәжит Белқожаұлы болды. Соның өзін көп көргендер «байдың ұрпағы» деп арыз айтып, оқудан шығартып жібереді. Жаяулап елге барып, жиын жасап, «әке-шешесі жоқ, жетім екендігін» жазғызып әкеліп, оқуын қиындықпен жалғастырады.

Бұл ел басындағы ауыр кезең еді, аштық жайлаған босқын халық, жұмыс жоқ, талғажау тамақ табу – тауқымет. Содан билік сәл еркіндік беруге, тұрмыс пен мәдениетке көңіл аударуға пейіл танытады, «жылымық» күндер орнайды. Абырой болғанда астық мол шығып, төл басы өсіп, халықтың мал ұстауына кеңшілік беріледі. Өндіріс ошақтары салынып, зауыттар ашылып, жұмыс орындары пайда бола бастайды. Жаңа Конституция қабылданып, Қазақ Советтік Социалистік Республикасы құрылады. Осы кезеңде Мирзоян халық арасында жақсы адам аталып, «Мырзажан» деген жылы сөзбен аңыз тұлғаға айналып шыға келеді. Осы даңққұмарлық оны жарға да жығады. «Әлін білмеген әлек» деген қазақта ұлағат сөз бар, Левон мырза көктегіні көксейді. Мыңжылдықта міз бақпаған Хан тәңірі «Мирзоян шыңы» аталады. Ол аздай Әулиеата-Жамбыл қаласына да Мирзоян есімі беріледі. Мұндай астамшылық жерде қалмайды емес пе? Жоғарғы билікке шағым хаттар борап, «көсеміміз» жауларын көбейтіп алады. Мәскеудің қырына іліккен «Мырзажан» қайтадан қатал большевик образына енеді, репрессияға Кремльден рұқсат сұрайды және қанды қол саясаттың көсеушісі ретінде атын тарихта қалдырады.

Іздегенге сұраған, қазақ халқының ұлт зиялыларын жою науқаны, Бүкілодақтық Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің 1937 жылғы ақпан-наурыз Пленумында Иосиф Сталиннің сөйлеген сөзінен кейін басталды. Өйткені, сол жиында Сталин «Партия жұмысындағы кемшіліктер және троцкийшілдер мен өзге де екіжүзділерді жою шаралары туралы» баяндама жасаған еді. Содан Алаш арыстары Кремль саясатының құрбаны болды. Ғалымдар «Қызыл террор» кезінде Қазақстаннан 103 мың адам қуғынға ұшырап, 25 мың адам ату жазасына кесілген дерегін беріп жүр.

30-жылдары ҚКЖИ Алматыдағы елеулі саяси-мәдени орта болғандықтан, оның тыныс- тіршілігін Алаш арыстарынан бөліп қарай алмаймыз. Яғни, әкем Мәжит Түменов тұңғыш дипломды кәсіби журналистердің бірі ғана емес, Алаш арыстарының соңғы тұяғын көзімен көріп, дәрісін тыңдаған, пікірлесіп, сөйлескен жан деп білемін…

Әкемнің сырт көзден таса қара чемоданы болды. Ұзақ жылдар оның ішіндегі түрлі құжаттар, фотосуреттер, қолжазбалар мен газет қиындылары құпия сақталып келді, сырын ашпаған еді. Мен соларды жинақтап, 2022 жылы «Қаламгер-қайраткер (Аңырақайдан шыққан тұңғыш кәсібі журналист туралы)» атты кітапты жарыққа шығардым. Енді орталық архивпен байланысып, құнды жәдігерлерді қорға өткізудің қамында жүрмін.

Түменовтер әулетінде сақталған архивтің ішінде аса құнды фотосурет бар. Ол 1937 жылы оқу орнын бітірушілер фотоколлажында 16 ұстаз бен 28 түлектің суреттері бейнеленіп, есімдері жазылған. Ортада жарқырап Санжар Асфендияров пен Сәкен Сейфуллин тұр. Құжаттар Санжар Асфендияровтың Журналистика институтында профессор штатында жұмыс істеп, тарихқа қатысты дәрістерді оқығандығын көрсетеді. Ал, Сәкен Сейфуллин әдебиет пәндерін жүргізсе керек. Сонымен, жас Мәжиттің осы екі Алаш алыбының алдында шәкірт болғаны бұлтармас ақиқат!

Қазақ тіліне реформа жасап, тілтаным мен әдебиеттанудың іргетасын қалап берген заңғар ойшыл Ахмет Байтұрсынұлының болашақ журналистерге сабақ бергендігі туралы ақпарат зерттеуді қажет етеді. Дегенмен, қайраткер мен студенттер арасында байланыс болғандығына еш күмән жоқ. Оның өмірбаянында «1934 жылы М.Горькийдің жұбайы, Қызыл Крестің мүшесі Е.П.Пешкованың көмегімен А.Байтұрсынұлы абақтыдан мерзімінен бұрын босатылып, отбасымен Алматыға оралып, қазіргі мұражайы болып тұрған үйінде өмірінің соңғы жылдарын өткізді» деп жазылған. Алайда, бұл уақытта тұрақты жұмысқа қабылданбай, түрлі мекемелерде қысқа мерзімдік қызметтер атқарады.

Сол сияқты, Алаш қайраткерлері жазушы Бейімбет Майлин, ақын Ілияс Жансүгіров пен Темірбек Жүргенов те ҚКЖИ студенттерімен тығыз байланыста болады. Сондықтан да Алаш арыстарының соңғы легін көзімен көріп, құлағымен естіген, ұлағатын түйген, даналығын бойына жинаған әкем Мәжит Түменовті мақтан тұтамын. Оқу ордасын тәмамдаған жас мамандарды коммунистік партияның үгіт-насихат бөлімі жан-жаққа жұмысқа орналастырады. М.Түменов Орталық радиокомитетке жолдама алып, жаңа қалыптасып жатқан Қазақ радиосында балалар бөлімін басқарады. Сонымен қатар, «Вожатый» журналының редакциясында жұмыс істейді. Аз уақыт Қызылорда қаласына барып, облыстық киноландыру мекемесінің директоры қызметін де атқарады.

1939 жылы партияның нұсқауымен Жамбыл облысына, «Коммунист» газетінің редакциясына жұмысын ауыстырады. Сол жылдары газетті біртуар азамат – Жайық Бектұров басқарады да, жоғарғы білімді журналистерді іріктеп, жұмысқа шақырып, жағдайларын жасайды. Мәжит облыстық газеттің бөлім меңгерушілігімен қатар, үш аудандық газеттің тілшісі ретінде талмай еңбектеніп, өңірлік баспасөздің қалыптасуына, сала мамандарының өсіп шығуына ұйытқы болады.

Анам Зәуре Олжабайқызы осы кезең туралы жиі әңгімелеп отырушы еді. Сол естеліктерінің бірі мынадай: «1938 жылы Мәжит екеуіміз үйлендік, аз уақыт Қызылорда қаласында тұрдық, тұңғышымыз Бүркіт дүниеге келді. 1939 жылдың күз айында Мирзоян қаласына көшетін болдық. Мәжитті үкімет пен партия қай жаққа жіберсе де, мен жан серігі, ақылшысы, көмекшісі болып қасында жүрдім. Онда Қарабақыр көшесінде тұрдық. Қаланың әрбір көшесінің бойында мешіт болатын. Далаға қараған үйлерінде терезе жоқ. Үйді ол кезде там деп атайтын. Мәжит еңбекқор, ақкөңіл, жаны жомарт, адал жан еді. Бірнеше тілді жақсы білетін. Бір күні бастығымен келді. Мен ет асып қойғанмын, ол кезде жаспын, бас пен жақты айыру керек екенін қайдан білейін. Жайық аға: «Келін, мына басты жақтан бөлек пісіреді, қалай жейміз, бұлтың-бұлтың етіп тұр ғой», – деп, әбден күліп, мәз болды».

Мәжит журналист болған қызметтес адамдармен күн-түн демей жұмыс істейтін, шаршауды білмейтін іскер адам еді. Күндіз редакция жұмысынан көбінесе жазуға қолы тимейтін кездерде, жазба жұмыстарын түнделетіп май шамның жарығымен жазып отыратын. Сөйтіп, байлыққа мастанбай, барына риза болып, өмір сүріп жүрген кезімізде, 1941 жылғы соғыс келіп жетті. Әкем соғысқа аттанамын деп дайындалып жүрген жерінен, бір күні Жайық аға шақырып, Мәжитке тапсырма береді. Бізге балуан-батыр Қажымұқан Мұңайтпасов келді, «Ел аралаймын, цирк өнерін көрсетіп, ұшаққа қаражат жинаймын» деп отыр. Қажымұқанды сен аралатасың деп тапсырма берді. Сонымен, Мәжит аты әлемге әйгілі балуан Қажымұқанмен ел аралауға шығады. Қажымұқан ат арбасын өзі жегіп, өзі айдайтын. Мәжиттің айтуынша, Қажымұқан балуанның ішіп-жейтін тамағы да қомақты болатын-ды. Батыр бір жегенде, қойдың бір санын бірақ жейтін, сусын ішкенде жананмен бір-ақ жұта салады екен.

Деректер Ұлы Отан соғысы басталған кезде Қажымұқанның «Ел аралап, цирк өнерін көрсетсем, сол арқылы ақша тауып, майданға көмектессем» деген ұсынысы бойынша 100 мың сомдай ақша тауып, жеңіс қорына аударылғанын көрсетеді.

Содан 1941 жылы әкеміз өзі сұранып желтоқсан айында майданға аттанады. Жеке қорында сақталған фотосуреттердің бірі соның алдында даярлық жұмыстары жүргізіліп, қала сыртында окоп қазу, мылтық ату, шабуылдау мен қорғаныс дағдыларына жаттыққан сәтін бейнелейді.

Соғыста М.Түменов 118 зеңбірек-атқыштар полкінде қатардағы жауынгер болады. Мәскеу, Орловск, Ржевск қалаларын фашистерден қорғайды, майдандық газеттерге жазып тұрады. 1944 жылы ауыр жарақат алып елге қайтып, Самсы ауылына келіп емделеді.

Соғыстан келген Мәжит қаламын қолына алып, баспасөз қызметіне қайта оралды. Тумысынан еңбекқор әкем мансап қуып, көкірегін көкке көтермеді. Ел басшылары сенім артып тапсырған қызметін абыроймен атқаруға тырысатын. Ерінбей-жалықпай ізденгіштігінің арқасында өз ісінің нағыз маманы бола білді. Бұған бір дәлел, соғыстан келген оған Орталық партияның, Жақыпбек Жанғозиннің нұсқауымен Талғар қаласындағы Іле аудандық «Сталин туы» газетіне редакторлық қызметі ұсынылды. Соғыстың ауыртпалығын көтеріп жүрген халыққа рухани азық, ертеңгі күнге деген үмітінің отын маздататын нәрсе қажет еді. Ол – газет болатын. Қан майданнан хабар күткен халық елегізіп жүретін де, газет беттерінен жақсылық хабарын іздейтін. Әкем осыны түсініп, сезіне білді. Сол себептен де өзі басқарып отырған басылым бетінде халықтың рухын жандандыратын, келер күнге сенімін оятатын мақалаларды жариялап тұрды.

Әкеміздің «Сталин туындағы» қызметі сегіз жылға созылады. Естеліктерге қарағанда, әкеміз шын берілген коммунист еді, сол кездегі көсемдер Иосиф Сталин мен Франклин Рузвельтті саяси қайраткерлер ретінде идеал тұтады. Ал, тағдыр болса әкемізді аз сынаған жоқ. Ауыр соққыны күтпеген жерден алды.

Талғар қаласында 1952 жылы «Сталин туының» кезекті саны «Сталин уы» болып басылып шығады, баспаханада көбейту кезінде «Т» әріпі ұшып кетеді. Ол заманда газет клишесі ағаштан да жасалатын, тақырыптар жеке литерлерден терілуші еді. Үлкен саяси дағдарыс орнап, баспахана жұмысшысы (печатник) еврей жігіт түрмеге тоғытылады. Майдангер журналист, бес баланың әкесі Мәжит Түменов қызметінен босап, қатаң партиялық сөгіс алады. Сол кездегі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Д.Берәлиев пен ұйымдастыру бөлімінің басшысы Т.Қатаев М.Түменовтың бұл жерде кінәсіз екендігін айтып, қорғап шығады. Сөйтіп, Нарынқолға «Советтік шекара» газетіне редакторлыққа қызметке жіберіледі. Осында жиырманың үстіндегі жас Мұқағалиға батасын беріп, өлеңдерін газетке басады.

Кейін 1957 жылы Алматы облысы, Жамбыл ауданының «Ленин жолымен» газетіне редактор болып ауысады. Өмірінің соңғы күндеріне дейін осы газет редакциясында қызмет атқарады. Арасында жұмыссыз қалған күндері де болады. Онда да партияның қитырқы саясаты жатты. Бұл енді Никита Хрущевтің асыра сілтеген, астамшыл оспадарлығы еді, 1962 жылы «Қазақ тілінде мектеп, балабақша, газет дегендер керек емес, жабылсын» деген шешім шығарады. Қызыл партия көсемі «Бүкіл әлем коммунизмге жетеді, ұлт деген жойылады, ортақ тілде сөйлейміз» деп өзеуреген күндер де болған. Сол дәуірден қазақта «Маленков берген байталды, Хрущев келіп, қайта алды» деген сөз қалады. Өмір шіркін, осылай қилы сынақтардан тұратын көрінеді.

Әкеміз Мәжит Белқожаұлы отбасы бақытын көріп, мағыналы ғұмыр кешті, соғыста алған жарақатының салдарынан қайтыс болды. Анамыз Зәуре 11 баланы өмірге әкеліп, тәрбиелеп өсірді, олардан немере, шөбере сүйді. Күйеуінің бай мұрағатын сақтаудағы еңбегі зор. Майдангер журналистке тіреу де, сүйеу де болған, көзі ашық, көкірегі ояу жан еді. 1936 жылы Самсыда мектепте оқып жүргенде жыр алыбы Жамбылмен кездесіп, омырауына қызыл галстук тағады. 1937 жылы қыздар педагогикалық училищесінде оқиды. Сауатсыздықты жою науқанына белсенді қатысқаны үшін Алаш алыбы, Бейімбет Майлиннің қолынан арнайы сыйлық алады.

Таяуда, «Abai TV» телеарнасында танымал продюсер, ақын Жаңылхан Асылбекованың ұйымдастыруымен «Ұмытпаймыз» бағдарламасының арнайы хабары тұңғыш кәсіби журналист, майдангер Мәжит Түменовке арналып, эфирге шықты. Бұл да Алаш рухының қазақпен бірге жасап келе жатқандығының, өміршеңдігі мен жасампаздығының көрінісі болды.

 

Сәуле ТҮМЕНОВА,

профессор, тарих ғылымының кандидаты.

Суреттерде: журналист Мәжит Түменов жары Зәуремен, 1939 жыл.

Майданға аттанар алдындағы даярлық сәті, ортада Мәжит Түменов. 1941 жылдың күзі, Жамбыл қаласының маңы.