Жуалылықтар енді қоғамдық көлікпен қатынайды
Жыл өткен сайын Жуалының тіршілігінің жанданып, ауданның инфрақұрылымына қан жүгіріп келеді. Тұрғындардың әл-ауқаты артып, кәсібін дөңгелетіп жүргендердің қатары көбеюде. Қайнаған тіршіліктің қамытында жүрген жуалылықтарға жуырда сүйінші жаңалық жетті. Енді аудан ішінде жолаушылар қоғамдық көлікпен қатынайды.
Жергілікті әкімшіліктің бұл шешімі жуалылықтарды ерекше қуантты. Себебі, ауыл-ауылдың арасына 500-1000 теңгемен қатынап, азық-түлікті аудан орталығынан сатып алып, ай сайын әбігерге түсіп жүргендердің қарасы көп еді. Бұл, әсіресе, Жуалының қыс мезгіліндегі қатал ауа райында жұртшылықты біршама қинайтын. Ауыл арасында арқаланып-дорбаланып жүріп бала-шағаның азығын тасу да оңай емес. Көлік іздеп сабылу да өз алдына бір жұмыс. Енді бұл мәселе оң шешімін тауып отыр.
Қазіргі таңда автобус бағыттарын зерделеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Зерделеу барысында маршрут схемасы, жүру интервалы, хронология және халыққа тиімділік уақыты анықталады. Әр маршрут орныққанға дейін елдің ыңғайына қарай бағыттар кестесі өзгереді. Жол ақысы қолма-қол ақшалай 100 теңге, ал Kaspi қосымшасындағы QR арқылы 50 теңгені құрайды. Бұл баға төрт маршрутқа қатысты. Ауыл арасындағы автобус бағыттарының бағасы арақашықтығына байланысты өзгереді, бірақ ең алыс автобус бағыты 400 теңгеден аспайды. Атап айтқанда, Қошқарата, Билікөл, Қарабастау сияқты шалғай ауылдар осы қатарда.
Жуалы ауданы әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің ұсынған мәліметіне сүйенсек, жуық арада екі автобус жұмысқа кіріседі. Бауыржан Момышұлы ауылының ішінде төрт автобус, ал жалпы аудан бойынша 15 автобус күз мезгіліне жұмысқа кіріспек. №7 автобус бағыты таңғы сағат 08:00-ден Нұрлыкент ауылы арқылы Теріс-Қосбөлтек-Көктөбе ауылдарын қамти отырып Б.Момышұлы ауылына кіріп, ішкі бағытқа қарай жүреді. №2 автобус бағыты Көлбастау ауылы арқылы Дихан ауылына баратын жолды толығымен қамтиды.
«Ауыл ішінде автобус жүреді» деген жаңалыққа жуалылықтар ерекше қуанды. Бұған дейін көбінесе такси қызметіне жүгініп келгендер үшін қоғамдық көлікпен қатынау әлдеқайда тиімді. Бағасы арзан, уақыт үнемдеуге де ыңғайлы. Әсіресе, көпбалалы отбасыларға қолайлы.
– Менің Ақбастау ауылындағы колледжде білім алатын ұлым, Шерхан Мұртаза атындағы мектепте оқитын қызым бар. Баламның қолына колледжіне жету үшін күн сайын 500-1000 теңге ұстатамыз. Таксимен жетіп алатын. Енді автобус қатынайтынын естіп, қуанып жатырмыз. Жұмыстан үйге келуге де көп шығынданбайтын болдық. Үйде қарт атамызды жиі-жиі ауруханаға апару керек. Жергілікті әкімшілікке елдің игілігі үшін жасаған осы қызметі үшін ерекше алғыс айтамын. Расында қоғамдық көлік өмірімізді біршама жеңілдетеді, – дейді аудан тұрғыны Гүлбахар Маметова.
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ