Өңірде 10 мыңға жуық интернет-парақша бұғатталды
Жыл басынан бері өңірімізде 10 мыңға жуық сайт пен қаржы пирамидаларының белгілері бар аккаунттар бұғатталған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз-брифингінде облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Руслан Касимов мәлімдеді. Оның айтуынша, осы айдың басында елорда төрінде өткен «АФМ online» конференциясы қаржы пирамидаларын тану және халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған.
– Қаржылық мониторинг агенттігінің қолдауымен өткен бұл жиынның негізгі мақсаты – жастардың қаржылық сауаттылығын арттыру және блогосферада дұрыс құқықтық ақпараттық цифрлық мәдениетті қалыптастыру. Жалпы, «АФМ online»-ның басты міндеті – өскелең ұрпаққа қаржылық сауаттылық негіздерін түсіндіру. Бүгінгі таңда интернетте заңсыз мазмұнды контентті іздеу мен бұғаттау автоматтандырылуда. Қазірдің өзінде 10 мыңға жуық сайттар мен қаржы пирамидаларының белгілері бар аккаунттар бұғатталды. Бұдан басқа, осынау жұмысты жүйелі жүргізу үшін әлеуметтік желілер арқылы алаяқтық схемаларға тартылған салымшыларды ерте анықтау жүйесі жолға қойылған, – деді Руслан Мұратұлы.
Сондай-ақ, спикер қабылданған шаралардың нәтижесінде бүгінгі таңда 126 мың жазылушы алаяқтық схемаларды жарнамалайтын түрлі аккаунтардан бас тартқанын да жеткізді. Айта кетейік, іс-шара барысында жоғары оқу орындарының студенттері үшін әртүрлі алаяқтық схемалардың алдын алуды көздеген үздік бейнероликке конкурс жариялаған болатын.
Есен ӨТЕУЛІ