Әлемде түрлі кітап бар
Білім бізді өмір жолында адастырмайтын, кез келген құлыпты аша алатын кілт. Ал, ол кілтті іздену арқылы кітаптардан ғана ала аламыз. Себебі қай елдің, қай халықтың болмасын оның мәдени деңгейі, сауаты, өркениеті әрине, кітаппен байланысты. Әр адам әртүрлі болғандықтан, олардың қызығушылықтары да түрлі болады. Мысалы, біреулерді романтика, лирика ынтықтырса, ал кейбіреулерге тарих, өткен кезеңдер, соншама жылға жалғасқан соғыстар ерекше әсер беруі мүмкін.
Негізінен әлем бойынша «көп оқылатын кітаптар» сатысында ең бірінші тұратын ол «Құран» мен «Библия». Ал қазіргі замандағы сюжеттік оқиғасы жағынан Джоан Роулингтің туғанынан сиқыршылық қабілетке ие жетім баланың өмірі жайлы жазылған том-том кітаптардан тұратын Гарри Поттер туралы романы көш басында.
Алайда, қаншама жылдар бойы сақталып, әлі де өзектілігін жоғалтпаған кітаптар да жоқ емес. Мысал айтар болсақ, үнді халқының мәдениетіне игі ықпал еткен, екі мың жылдық тарихы бар, дүниежүзілік әдебиет қазынасының бір бөлшегі болған әлемнің ең көне үнді эпостары «Махабхарата» және «Рамаяна». Бұл шығарманың кейіпкерлері көптеген ақын, жазушыларға шабыт сыйлап, өлең, әңгіме және пьеса жазуға ықпалын тигізген.
Оқырман саны көбейген сайын, сұраныс та арта береді, ал сұраныс артса оқулықтардың да түрі көбейеді. Солардың ішінде ең қымбатқа бағаланған кітап – Леонардо да Винчидің «Лестер Кодексі» атты ғылыми еңбектер жинағы. Жетпіс екі беттік кітапта әртүрлі естеліктер, суреттер, математикалық есептердің болуы мен теріс оқылатын қаріптері оқулықтың негізгі ерекшелігі.
Сонымен қатар, жұртшылықтың назарын өзіне көп аударған, әлемдегі табиғаты ең әдемі жерлердің суреттері топтастырылған «Жер» атты жинақ қазіргі таңдағы сұранысқа ие кітаптардың бірі. Бұл жинақтың ерекшелігі, ені 1 метр 83 сантиметр болса, ұзындығы 2 метр 74 сантиметр, ал салмағы 35 килограммды құрайтын әлемдегі ең ауыр кітап.
Кезінде елді дүрліктірген кітаптар да қазір көрмелерде жәдігер боп сақталуда. Себебі бұл кітап айтылған оқулықтардан да ерекше болуы мүмкін. Ол Арсен Хуссайеның «Жанның тағдырлары» атты жазбасы. Бұл кітаптың ерекшелігі – ол адамның терісінен жасалған. Алайда, ертедегі адамдар үшін теріден кітап тігу қалыпты жағдай. Себебі кейбір деректерде адам өлім алдында өзін дәл осылай есте сақтауын сұрап, арнайы жасататын болған. Тіпті қылмыскердің өз ісін мойындауы жазылған мәтін өз терісінен тігілген деректер де бар.
Осы аталған ерекше әрі қызық кітаптардың арасында швейцариялық дизайнер Пьер Мендельдің «Өлім алдындағы кітап» атты жинағы да бар. Жұмбаққа толы бұл оқулықтың ерекшелігі – автор өлер алдында өз өмірінің ең маңызды деген күндерін тізіп кітап ретінде шығарған. Сонымен қатар, кітап соңында дизайнер өзінің өмірден өткен күнін жазып қалдырған.
Негізінен жаһандық ерекше кітаптарды саралап айта берер болсақ, санына жетпеспіз. Алайда, мұндай кітаптар Қазақстанда да жарық көріп, өз оқырмандарын жинауда. Солардың бірі – өзінің 13 грамм салмағымен ерекшеленетін Ыбырай Жақаевтың «Терең ойды тергендер» атты кітабы. Бұл оқулықта «Жер – қасиетті де қастерлі. Сен ыстықсың бәрінен де...» деп туған жердің қадірін даралап айтып өткен.
Қорыта айтқанда, бірде-бір кітап адамзат санасынан тыс емес. Себебі әрбір шығарылған жинақ өзінше ерекше және оның өзіндік оқырмандары бар. Қазіргі дамыған ақпарат заманында әрбір жаңа басылып жатқан кітап ауа мен су, жарық пен азық секілді болашақта да адамзат үшін өзектілігін жоғалтпайтыны анық.
Ұлдана СЕРІКБАЕВА,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті конвергентті журналистика мамандығының 2-курс студенті.