Ұят деген ұлы ұғым
«Ұятсыздық – емсіз кесел» депті бұрынғылар. Біз осы емсіз кеселді жұқтырып, асқындырып алғандар көбейген заманда өмір сүріп жатқандаймыз.
Жақсылыққа апармайтынын біле тұра, ұятсыздықтан тартынбайтын ұрпақ өсіп шықты. Ұят деген ұғым шын мәнінде тәртіп пен тәрбиенің айнасы еді ғой.
Ұят – адамшылықтың таразысы емес пе еді?!. Ұяттың түбі ата-бабаларымыз санамызға сіңдіріп кеткен ыр ы м - тыйымдардың тамырынан таралатын. Ырым-тыйымдар адамды, әсіресе, жас ұрпақты әдепсіз қылықтардан аулақ болуға бейімдейді. Бірақ, біздің қазіргі буын, жас отбасылар бала тәрбиесінде ұл мен қызына «ұят болады» деген ақылды, тыйым сөзді үнемі айтпағандықтан жиі зардап шегетінін түсіне ме екен.
Кешкілік жұмыстан үйге қайтып келе жатқанмын. Жаяу.
Жазғы уақыт болғанмен, ымырт жабылып қалған кез. Көк тіреген ғимараттары мен биік талдарынан аспанындағы айы көріне қоймайтын Тараз шаһарды түп- түзу бағандардан жағалай төгілген электр шамдары жарқыратып тұр. Әсем гүлзарлар, сәндік ағаштар, атқылаған су бұрқақтары айрықша көрікке бөлейтін айналаға сүйсінбей қарау мүмкін емес.
Бағдаршам жасыл шырағын жақты. «Достық» алаңы арқылы театр ғимаратының тұсындағы жолмен ары қарай өткен жүргіншілердің қатарына қосылдым.
Төле би көшесіндегі айнадай тап-таза тротуар бойымен қадамдарын асықпай басқан екі қыз бізге қарама-қарсы келе жатты. Бірте- бірте жақындай берген оларды көз қиығыммен бағып келем. Қазағымның әп-әдемі қыздары. Сылаң қаққан сұлулықтарына көз тоятындай. Кенет бір-бірімен жайраңдаса сөйлесіп келе жатқан екеуінің бірінің қолындағы сусынының қақпағы жерге домалап ұшып кетті. Қыз арт жағына ұзын шашын сілки бір қарады да кете барды.
Дәл алдыма келіп қалған оған: «Тоқта! Бар да, баклашкаңнан түсіп қалған ана қақпақты көтер!» дедім. «Не үшін?!.» – деді бикеш.
– Тазалықты сақтауың үшін.
– Ол уже микроб қой. Қолым былғанады,..– деп өзін ақтайтын жауап тапқанына масайраған бойжеткеннің мына сөзі кім-кімнің болса да шамына тиерліктей еді. Даусымды қатайта үн қатам дегенімше, қасындағы құрбысы жүгіріп барып, теп-тегіс асфальт бетінде жатқан «Соса-Соlaның» қызыл қақпағын алып келіп, жол жиегінде тұрған қоқыстың темір ыдысына салып үлгерді.
– Міне, енді дұрыс болды. Бәрекелді, қызым!
Басқа айтарға сөз жоқ та еді. Немерелерімдей боп қалатын қыздарды көп ұстағым келмеді. Әрқайсысымыз өз жөнімізге кеттік...
Алайда, әлгі көрініс көкейімнен көпке дейін кетпей қойды.
Әп-әдемі екі қыз. Бірі – тыйым көрмеген ерке. Екіншісі – кісі қабағын бағып үйренген сұңғыла. Алғыр. Зерек. Сергектігін, көргенділігін көрсете алған осы екінші қыз өзінің өнегелі қылығымен қасындағы құрбысын да тәрбиеге салған шығар деп жұбандым ішімнен. Өйткені, ол қарағымның жүрегінде ұяттың сырлы дақылы ұялағаны бет-жүзінен аңғарылып тұрды. Ұяттың сырлы дақылы өсіп-өне берсе екен.
Үміт БИТЕНОВА