Мәдениет

«Мәңгілік бала бейне»

Қазақ әдебиетінде өткен ғасырдың ең зұлмат оқиғасы саналатын ядролық сынақ тақырыбында жазылған шығармалар аз емес. Мұқым ұлттың мұңына айналған ащы тақырып аясында классик Ғабит Мүсіреповтен бүгінгі заман жазушысы Думан Рамазанға дейін қалам тербеген. Осы қатарда жазушы Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» шығармасы да бар. Жиырма жылдан астам уақыт театр сахнасынан түспей келген туынды белгілі бір себептермен он жылға жуық аралықта көрермен көзінен алыстап кеткен еді. Семей сынақ полигонының жабылуына 35 жыл толуына орай қойылым үлкен сахнаға қайта жол тартты. Көркем туындының А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрында премьерасы өтті.

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы қазақ даласының саяси-әлеуметтік оқиғаларын шебер суреттеген туындыны Жамбыл жұртшылығы жылы қабылдады. Постмодернистік әдебиетке тән тәсілдермен адам жанының қа лт арысы мен бұлт арысына терең үңіліп, рухани болмысын аша түсетін шығарма сахна тілінде де өз биігін тапқандай. Мұнда, әсіресе, кейіпкерлер арасындағы тілсіз байланыс пен олардың өзара монологы әр адамның индивидті түр екендігін, тиісінше бір-біріне бергісіз өмір жолы, қуаныш- қайғысы, сыры мен мұңы барын аңғартады. Осылайша қай кезеңде де адамның даралық кейіпті сақтап қалуға мүмкіндігі барын танытады.

Ал шығарманың бас кейіпкері – Ләйлә ядролық сынақтың зардабын тартқан жандардың жиынтық бейнесі. Ол жалпыұлттық қасіреттен жапа шегіп зар жылаған қоғамның зары мен шері. Қарауылда қалған ерекше жандардың соңғы өкілдерінің бірі ретінде қоғам қателігін үнемі еске салып отырушы тұлға. Сол үшін де тобырлық сана өкілдеріне айналып бара жатқан халықтың оны ұната бермейтіндігі тағы бар. Дейтұрғанмен, бозала кеңістіктің титімдей ғана бір сәулесіндей, Ләйләнің да ара-тұра қуанып қалатын кезі болады. Алайда, ол осы бір ішкі қуанышын жан баласына жария қылған емес. Жария қылатын жақыны да жоқ. Жалғыз сүйеуі анасынан айырылған қыз нағашы әпкесі Қатираның қаһарынан қатты қаймығады. Сол үшін де ел аяғы ұйқыға кете берген тұста өзен жағасына барып, жарық аймен тілдесу оның күнделікті әдетіне айналған. Тымық түнде бар әдемісін үстіне киіп алып, ай астында тербеле билейтін кішкене қыз осылай ғана арман мен қиялына ерік береді.

Натурофилософияда табиғат саясынан тыныштық іздеп, адамның жанына жай табуы, жаратылыс күшінің алдында дәрменсіздігін аңғартып, биік болмысты пенденің де бір мұқтаждығы барын көрсететеді. Сол арқылы адам баласының Жаратушы құдіретін сезініп, рухани байланыс орнататындығын білдіреді. Ал жалғыздықтан жабыққан Ләйләнің Тереңсайға барып, терең ойға берілуіне де осы себеп түрткі еді. Ертеден қара кешке дейін кекетіп, мұқатқан жұрттың сөзі мен көзінен әбден қажыған бойжеткен осында ғана мүлде басқаша тіршілік кешеді. Мұнда ол өзін бақытты, үріп ауызға салғандай сұлу деп санайды:

«Тұлымшағы желкілдеген жас бала емес, бой түзеген Қарауылдың сұлуы Ләйләмін... Е...е...ей, Ләйлә- қызбын. Бозбаланы ынтықтырып, Тереңсайға қашамын»; «Түрім дейсің бе? Түрім әдемі...і...і...і. Кім сияқты дейсің бе? Кім сияқты десем екен? Роза Рымбаева сияқты сұлу...».

Сахнада осы бір сәт шебер көрініс тапқан. Мұндағы жарық эффектілерінің әсерінен балеринаның сызыла билеп, бойжеткеннің алыстағы арманынан хабар берсе, Ләйләнің үлкен аяқ киімі мен ұзын көйлегі қыз қиялының «әйтеуір бір өсермін» деген ойын көрсетеді. Ал оның түсіндегі бойжеткенге қызыға қарап, тамсана түсетін өзге ғаламшарлықтар бейнесіндегі мақұлықтар Қарауылдың қыршын кеткен бозбалалары. Олар осы қылығы арқылы көп көзіне сүйеу болса да тірі болып қалудың бір бақыт екендігін білдіргісі келеді.

Қойылымдағы қилы тағдыр иесінің бірі – жынды Шөкіш. Ол туған жері мен отбасына түскен қайғылы жайттан есерсоқ жындыға айналған. Баласын мүгедек болып туғандықтан, елден зәредей қорлық көрмесін, азаптанбасын деп суға ағызып жіберген. Өз ішіне өзі қамалып, есерсоқ күй кешкен бейбақтың көкейінен Ләйлә сияқты полигоннан зардап шеккен мүгедек- кемтарлардың көзін жою керек деген пиғыл мықтап орын алған. Десе де, ара-тұра аналық мейірімі әлсін-әлсін оянып қалатын Шөкіш Ләйләнің күндегі әдетінен хабардар жан болса да оны ажалға қимайды. Осындай бір түндегі Шөкіштің ойлары есерсоқ жындының емес, қасірет пен зұлымдықтан қабырғасы қайысқан жанның ішкі толғанысы ретінде көрініс береді: «Бұл кейпіңнен Қарауыл ғана емес, күллі қазақ түршігер. Аярлары құнжыңдап, білімдісі күрсініп, надандарын оятар. Қарауылдың қасіретін түсініп, оянар болса, сен керексің, мүсіркеп, мазақтар болса... қажеті жоқ, онда».

Шөкіш өзін қоғамды тазартушы катализатор санайды. Оның қолындағы күрек осыны әйгілейді. Ләйләнің аянышты тағдырына қинала қараған сайын жан жарасы сыр береді. Солай өз қылмысы өзін ар сотына итермелеп, азапқа түседі: «Орындалмас арманға құлаш сермеп, шаршадың-ау, зарықтың-ау. Күнәсіз ақ періште, кімге сөйлеп отырсың. Телміріп қиялыңды кімге айтасың. Айға?.. Тәңірге?.. Маған?.. Маған ба?..».

Қойылымнан әркім өз тағдыры мен өзін көретіні секілді бас кейіпкер де әр жанның ішкі жан тебіренісінен бір белгі береді. Бұл туралы кеш қонағы болған шығарма авторының өзі: «Шындығында әркімнің өз Ләйләсі бар. Әңгімені алғаш театрға сахналаған Болат Атабаев үнемі «Ләйлә деген мен ғой, менмін» дейтін. Сол секілді Сатыбалды Нарымбетов те оны өзінше көрді», деген еді. Шығарманың тағы бір ерекшелігі – оның жалпыдан гөрі жекеге баса мән беруінде. Бұл тұрғыда «Мәңгілік бала бейне» осы тақырыптағы «Дегелеңді» де, «Жапон балладасы» мен «Соңғы демді» де қайт а ламайды. Ал әңгіменің өзінде ядролық сынақ пен сайлау науқаны жөнінде титімдей сөз жоқ. Тек қара киімділер мен қаралы жиын ғана бар жайтты жанамалап қана өтеді.

Спектакльде осы бір саяси науқан бүгінгі заман адамының бейнесін анық байқатады. Сол арқылы сюжет желісі әңгімеден тысқары дамып, режиссердің көркемдік қырынан хабар береді. Мәселен, кандидат ауылға келген тұста халықтың: «Құдай-ау, әртіс те бастық болады екен-ау!», деуі, кандитаттың үнемі өз сөзін «ең күшті партиямен» байланыстырып бастайтындығы нәзік сарказм мен өткір иронияға толы. Бұдан бөлек, қоюшы режиссер Аридаш Оспанбаеваның шешімімен қойылымның шарықтау шегі Ләйлә мен оның парталас көршісі Құмардың қаралы жиында кездесуімен жалғасып, жігіттің ақшаға алданумен, оған сенген қыз көңілінің шытынап, өз өзіне қол салуымен аяқталады.

Ал актерлік ойынға мол мән беріп тұрған шытынаған терезелер мен бесік пішініндегі сахна сол кезеңдегі қазақ даласының ахуалын айқындай түседі. Сонымен қатар, бас кейіпкердің тағдырласы Болтайдың есік алдына гүл отырғызып, оларды күтіп-бапт ап жүруі боздаған даланың боздақтарына деген құрметі болатын. Ақ Ләйлектің жарық дүниемен қоштасқан тұсында жас өскіндер қатары да жаңа гүлмен толыққан еді. Ал осы Болтайдың жанжал үстінде сақау тілімен «Мен мүгедек емеспін!» деп болмашы былдырлауы сол кезеңде меңіреу даланы даланы жайлаған рухани мүгедектікке деген қарсылық еді. Ал шығарма авторының сөзінше, бүгінгі қазақ қоғамы бұрынғысынан өзгерек, дегенмен Ләйлә тағдыры баршамызға ортақ.

– Шығарманың Әулиеата жерінде жаңа буынмен табысып жатқаны қуантады. Болат Атабаев сияқты танымал режиссердің бастамасымен үлкен сахнаға жол тартқан туынды отыз жылдан астам өз мінберінен түспей келеді.

XXI ғасырдағы қазақ мүлде басқа қазақ. Оның сұранысы, мақсат- арманы бөлек. Алайда Ләйләдағы адамның ішкі жан дүиесіндегі жа лғыздығы, мұңы, қуаныш- қайғысы баршамызға тән, – деді Роза Мұқанова.

Автордың сөзінше, әңгіменің жарыққа шығуына ядролық сынақтан жапа шеккендерге арналған мұражайдағы Еңлік есімді қыздың суреті себепкер болған. 2022 жылы спектакльдердің бірінде кейіпкерінің прототипімен алғаш кездескен жазушы шығарманың жеке тұлғаның өмір жолына қатысы жоқтығын, керісінше, С емей өңіріндегі барлық «бала бейнедегі жандарға» арналғандығын жеткізді.

 

Нұрболат АМАНБЕК