Хабарландыру

Тиімсіз тендер, сапасыз тауар кім ұтты, кім ұтылды?

Мекемелерге қажетті заттарды сатып алуда бөлінген қаржыны тиімді пайдалану мақсатында мемлекеттік сатып алу жүйесі қолданылады. Сыбайластық тәуекелдерін азайтып, мемлекеттік сатып алу барысының тиімділігі мен ашықтығын арттыру үшін электронды жүйе енгізілді. Барлық негізгі рәсімдері автоматтандырылып, адами факторлар қысқартылды. Бірақ, адамнан айла артылған ба? Мұның да амалын тауып, айласын асырғандардың қатары артты. Мемлекеттік сатып алудың рәсімдерін меңгерген кей адамдар конкурсқа қатысып, тендер арқылы жеңіп алса, ұсынылған бағадан да арзанын тауып, үстіндегі ақысын өз пайдасына қалдырып жүр. Ал, зардабын мемлекеттік сатып алу арқылы тауар алғандар көруде.

Қазір көптеген мекемелер аталған жүйемен алған тауарлардың сапасыздығының зардабын тартып отыр. Тапсырыс беруші көңілі толмаған қызметке немесе тауарға шағымданып, тауар жеткізушіні сотқа берсе, ол тағы біраз уақытқа созылады. Бұл, әлбетте, күнделікті өз деңгейінде атқарылуы тиіс жұмысқа кесірін тигізеді. Осындайлардың салдарынан межеленген уақытынан кешігіп жатқан құрылыстар да, жоспарды дер кезінде орындай алмай жүргендер де кездеседі. Сырты жылтырағанымен, тіпті қолдануға жарамайтын тауар мен оны жеткізушілердің тек өзіне келер табысты ойлайтын немқұрайлылығы жөнінде №7 Бетқайнар колледжінің директоры Гүлнара Әлімбаеваның да айтары бар.

– Колледжге керекті заттарды, кеңсе тауарларын алу үшін мемлекеттік сатып алу порталына саламыз. Әрине, кез келген жұмыстың жақсы нәтижесін көру үшін оған қолданатын заттардың сапалы болғаны маңызды. Сондықтан сапалысын өзіміз де дүкендерден көріп жүрген бағамен есептеп, тендерге салсақ, осы іспен айналысатындар біз қойған бағадан арзанын салып, ұтып алады. Әрине, мемлекеттің ақшасын үнемдеген бәріміз үшін жақсы. Бірақ, арзанға келген дүниені қажетіңе жұмсап жарымайсың. Мысалы, конкурстан жеңіп алған тасымалдаушының әкелген қаламсаптары дұрыс жазбайтын болып шығады. Қаламдары ұштаған сайын сынғыш, қағаздары тым жұқа және тағы сол сияқты барлық тауарлары іске татымайды. Осыдан кейін жұмыс өне ме? Ал енді сол тасымалдаушыларды қараңыз. Тауарды өндіруші немесе сапасын білетін маман емес. Жолдан келіп қосылған қарапайым адам. Конкурстан жеңіп алу керек болды да, арзан бағаны қоя салды, ұтып алғаннан соң бөлінген қаражаттан өзіне де пайда қалдыру керек. Сондықтан барады да, ең арзанын тауып әкеледі. Сапасы жоғары дүние арзан бағаға сатылушы ма еді? Неге мемлекеттік сатып алуға қатысатын тасымалдаушыларға да кәсібилік жағынан талаптар қойылмайды? «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» демей ме, дана халық. Ал, инстаграм желісінде «Тендерге қатысып, табысқа кенелдім» дегендер толып жүр, – дейді Гүлнара Еділбайқызы.

Расында да Instagram желісінде «Тендердің барлық қыр-сырын үйретемін» дегендер де, мемлекеттік сатып алумен айналысып, байығанын жарнамалағандар да жетіп артылады. Бірде ауылдағы таныс бір келін тендермен айналысып, тұрақты жұмысын тастап кеткенін мақтана айтқан болатын.

– Әпке, тендерге қатысумен шұғылдансаңызшы, әрі жеке табысыңызды арттырасыз, әрі өзіңізбен өзіңіз жұмыс істейсіз. Уақытқа байланып, жұмысқа барып-келіп, басшыдан тапсырма алып, соны орындаймын деп сабылмайсыз. Өзің қожа, өзің би, жеке кәсіпкер боласыз. Бұрын балабақшада жұмыс істеп жүргенімде мемлекеттік сатып алу жұмыстарын жүргізгенмін. Содан бәрін үйреніп алдым. Мекеме берген бағадан төменірегін ұсынып, конкурстан жеңіп алғандар өзіміз секілді қарапайым адамдар екен. Содан мен де тасымалдаушы болып, әжептәуір пайда көрдім. Арзан затты Қытайдан барып немесе онлайн тапсырыспен көтерме бағамен алып келесің, түк те қиындығы жоқ, – деді Зарина есімді әлгі келін.

Зарина осы іске басқаларды ақылы негізде үйретіп те жүрген көрінеді. Сонда тек тасымалдаушы ғана емес, мемлекеттік сатып алу ісін үйретуші ретінде де табыс табады. Әрине, табыс тапқан жақсы. Ебін тауып, екі асасын, байысын. Тек мұндайлар басқаларға кесірін тигізбесе дейміз. Қажеттіліктерге бөлінетін қаржы бәріміздің салығымыздан жиналған ортақ қазынадан қарастырылатыны белгілі. Сол арқылы келген дүниені де, салынған ғимаратты да пайдаланатын өзіміз. Сапасыз дүниенің залалын тартатын да өзіміз. Сонда біз кімді алдап жүрміз?..

 

Қамар ҚАРАСАЕВА