«Кең дала»: 95 жамбылдық шаруа төмендетілген несие алды
Көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыруға бағытталған «Кең дала» бағдарламасы аясында 95 шаруаға несие қаражаты берілді, деп хабарлайды aqjolgazet.kz
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен кеңейтілген әкімдік мәжілісі өтті. Басқосу барысында көктемгі дала жұмыстары мен әскерге шақыру науқанының қорытындысы қаралып, өзекті мәселелер талқыланды.
Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Көшеновтің айтуынша, өңірдегі көктемгі дала жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілді. Дегенмен, Т.Рысқұлов, Шу, Меркі, Сарысу аудандарында ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспары белгіленген межеде аяқталмаған.
Аудан әкімдіктерінің соңғы ұсынған мәліметтеріне сүйенсек, облыстағы 611,1 мың га алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылған. Атап айтқанда, 188,9 мың га жаздық масақты дақылдар, 19,3 мың га көкөніс, 29,3 мың га көпжылдық шөп, 35,2 мың га майлы дақылдар, 10,8 мың га алқапқа қант қызылшасы, 4,6 мың га бақша дақылдары, 3,2 мың га картоп және 11,7 мың га алқапқа дәндік жүгері егілді.
Cондай-ақ, биыл 44 мың тонна тұқым дайындалып, толық себілген. Жалпы көктемгі дала жұмыстарына 7 506 ауыл шаруашылығы техникасы қатысты. 9,2 мың тонна дизель отыны шаруаларға таратылған.