Хан Кенеге құрмет
Қазақтың қарыс жерін жауға да, дауға да бермей, қасық қаны қалғанша қорғаған батыр бабалар-ай! Олардың ерлігіне бүгінгі ұрпақтары қанша құрмет көрсетсе де артық емес. Сондай дара тұлғаның бірі – қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлы. Оның басқару ісінен бөлек, ел аузында айтылып жүрген батырлығы бір төбе.
Сондықтан, еліміздің әр аймағында, оның ішінде Қордай ауданында қазақтың соңғы ханына арналып ескерткіш тұғыр орнатылғалы талай жыл өтті. Осы ескерткіштің айналасына Кенесары жасағында болған бірнеше рудың ұрпақтары белгі тас қоюды дәстүрге айналдырған.
Жақында осы ескерткіш тұғырдың жанына қазақтың Темеш руынан тарайтын ұрпақтары тағзым етіп, белгі тас қойды. Әйгілі жазушы Ілияс Есенберлиннің «Алмас қылыш» романында: «Нұра бойының Темештері Кенесары жасағына келіп қосылды» деген ақпарат бар. Сондықтан, бұл күн тарихтың жаңғырып, бабалар рухына тағзым жасалған күн болды.
Әуелі батыр бабалар рухына арнап Қарағанды аймағынан арнайы келген дін өкілі Ерсін Өшкелбаев Құран оқыды. Онан соң Ақмола облысынан келген ақсақал Ақбекет Сағымбаев батасын берді. Қордай ауданы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Салтанат Балпықова мыңдаған шақырым қашықтан жеткен қонақтардың қадамына құт тілеп, мұндай іс-шараның жас ұрпақ үшін маңызы зор екенін айтып, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. Мұнан соң филология ғылымдарының докторы Жантас Жақыпов қазақ елінің тарихы, Кенесары көтерілістерінің шындығы туралы қысқаша баяндап берді. Оның айтуынша, қазақтың Темеш ата руынан әйгілі батырлар Талғат Бигелдинов пен Рахымжан Қошқарбаев шыққан.
Осы жиында қонақтардың құрметіне арнайы дастархан жайылды, өлең оқылып, ән де шырқалды. Іс-шараны Қордай ауданы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Салтанат Қанатбекқызы қорытындылап, Астана, Шымкент қалалары мен Ақмола, Қарағанды облысынан келген қонақтарға алғыс білдірді.
Есет ДОСАЛЫ
Қордай ауданы