Әлеуметтік желінің әсері
Жастардың қазіргі таңда әлеуметтік желіде ұзақ отыратындығы жасырын емес. Оның адам денсаулығы мен психикасына кері әсер беретін кездері аз емес. Мәселен, жуырда қытай ғалымдары жасөспірімдердің Tik-Tok желісіне тәуелділігі есте сақтау қабілетін төмендетіп қана қоймай, психикалық бұзылыстарға әкелетінін анықтады.
Яғни, «Tik-Tok» желісінен түрлі видео бейнелерді көретін адамдар басқаларға қарағанда депрессияға, күйзеліске және мазасыздыққа жиі ұшырайды екен. Әлеуметтік желі пайдаланушылардың қолданбада көбірек уақыт өткізуі үшін оның мазмұнын жиі оңтайландырып отырады. Сонымен қатар, кейбір Tik Tok трендтері өмірге қауіп төндіруі мүмкін, кейбір пайдаланушылар қауіпті трюктерді қайталауы әбден мүмкін. Әлеуметтік желіге тәуелділік мәселесі сіз ойлағаннан әлдеқайда тереңірек. Себебі оны пайдаланғаннан кейін психикалық денсаулығының нашарлайтынына көптеген танымал тұлғалар назар аударуда. Оның бірі супермодель Белла Хадид: «Әлеуметтік желіні шынайы өмір ретінде қабылдамау керек, өйткені ол «шынайы емес», – деп өз ізбасарларына психикалық денсаулығымен қалай күресіп жатқанын көрсету үшін жиі жылап тұрған фотосуреттерін бөліскен болатын. Иә, әлеуметтік желіде адамдар өздерінің шынайы өмірін емес, жақсы реттелген суретін көрсетеді. Осыған байланысты кейбірі өздерінің мінсіз емес өмірін әлеуметтік желідегі тамаша бейнемен салыстыруы мүмкін. Бұл адамның өз өміріне қанағаттанбау сезімін тудырады. Common Sense Media жүргізген сауалнамаға сәйкес, жасөспірімдердің 50 пайызы өздерін мобильді құрылғыларына, соның ішінде әлеуметтік желілерді пайдалануға тәуелдімін деп санайды. Бұл тәуелділік олардың оқу үлгеріміне, ұйқысына және жалпы өмір сапасының нашарлауына әсер ететіні анықталды.
Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов Қазақстанда Tik-Tok-ты бұғаттауға қатысты пікір білдірген болатын. Министрлік өкілінің айтуынша, Қазақстанда Tik-Tok әлеуметтік желісін бұғаттау жоспарда жоқ. Дегенмен, кейбір шектеулер енгізілуі мүмкін.
«Бұзушылық түрлеріне келсек, біз ресми өтініштерде контент жүктеген бірқатар адамдардан жалған ақпарат таратуға, балаларға арналған контентке қатысты мәселелерге, жеке тұлғаларды қорлау мен жала жабуға қатысты заңбұзушылықтарды келтірдік. Алайда, біз жалпы онлайн платформалардың барлық әкімшілерімен жұмыс істеп жатқанымызды атап өткім келеді», – деді вице-министр 7-su.kz сайтына берген пікірінде. Бұған дейін Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева әлеуметтік желіде алаяқтық пен жалған ақпарат тарату фактілерінің көбейгеніне байланысты TikTok әлеуметтік желісі бұғатталуы мүмкін екенін айтты.
Әлеуметтік желілердегі күнделікті ақпаратты қалт жібергіміз келмейтіні рас. Теледидардан жаңалықты көргенше, әлеуметтік желілерден бірінші болып көруге асығамыз. Бұл дегеніміз – «Ақпаратты шамадан тыс қабылдау» синдромы. Аталған синдромға телефонға телмірген әрқайсымыздың шалдыққан болуымыз бек мүмкін екен. Ақпаратқа қаныққан ми оны толық өңдей алмайды да, жай ғана ойлаудан бас тартады. Дәрігерлер арасында тіпті «сандық деменция» термині пайда болды. Ол дегеніміз – гаджеттердің әсерінен мидың деградациясы және ақпаратты шамадан тыс тұтыну. Бұл бұзылыс – есте сақтау мен зейіннің нашарлауында, агрессияның жоғарылауында, ақпаратты талдау және құрылымдау қабілетсіздігінен көрінеді. Елестетіп көріңізші, психологиялық миы сау балаңыз қарапайым интеллектуалды әрекеттерді орындай алмайтыны неткен қорқынышты.
Әлемде балаларына гаджеттерді тыйым салған ірі ІТ-бизнесмендер бар. Соның ішінде Microsoft негізін қалаушылардың бірі – Билл Гейтс барлық балаларына смартфондар мен планшеттерді пайдалануға тыйым салды. Ал Twitter-дің бұрынғы бас директоры Дик Костоло балалардың гаджеттерді пайдалануына «географиялық» негіз енгізді. Оларды қонақ бөлмесінде пайдалануға болады. Бірақ планшетті өзіңізбен бірге жатын бөлмеге апаруға және түскі ас кезінде онымен ұзақ отыруға шектеу қойған.
Әлеуметтік желіде мүлдем отырмау мүмкін емес екені рас. Дегенмен, дәрігерлер психикалық денсаулықты сақтау үшін түрлі әдіс-тәсілдерді қолдану керек екенін айтады. Яғни, бірінші кезекте әртүрлі әлеуметтік медиа арналарын айналдыруға жұмсайтын уақытты шектеуге кеңес береді. Екінші – контентті саналы түрде қолданып, пайдалы және шабыттандыратын авторларға жазылу, үшінші, өзіңіздің сүйікті хоббиіңізді тауып, шынайы өмірде көбірек уақыт бөлу, төртінші – психикалық денсаулығыңызда мәселелер байқалса, психологқа жүгінуді ұсынады.
Дариға АСҚАР,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті веб-журналистика мамандығының 3-курс студенті.