Әлеумет

Сақал өсіру сән бе, салт па?

«Иектің көркі – сақал» дейді қазақ. Сақал адам эволюциясының даму кезеңдерінде ер адамның тұлғалық ерекшелігін айқындаушы нышан ретінде қарастырылған. Ал бүгінде сақал қою – сән, ал дін тұрғысынан келгенде сүннет делінеді.

Ғылыми анықтама бойынша, сақал – ер адамның иегі мен жағына шығатын түк. Түркі тілдеріне ортақ «сақал» сөзі моңғолдарда «сахлаг» деп айтылады. Сақал, мұрт немесе бакенбард ертеректе ерлердің бәсекеге қабілеттілігінің белгісі деп қабылданған. Чарльз Дарвин өзінің ғылыми зерттеулерінде сақалдың жыныстық іріктелу процесінде пайда болғанын жазады. Себебі ол ерлердің тартымдылығын арттыратын әшекей ретінде қызмет етеді.

Юта университеті биологтарының пікірінше, ерлердің сақалы эволюциялық түрде бет соққыларынан қорғаныс элементі ретінде пайда болуы мүмкін. Олар өз гипотезаларын эксперименттік жолмен тексеріп, зерттеу нәтижелерін «Organismal Biology» журналында жариялаған екен. Уақыт өте келе сақал мен тартымдылық арасындағы байланыс жоққа шығарыла бастады. Сақал ерлер арасындағы тиімді бәсекелестік үшін қажет болуы мүмкін, өйткені сақалды ерлер мықтырақ, агрессивті және қырынған еркектерге қарағанда жоғары мәртебеге ие деген стереотип өмірге келді. Тағы бір қырынан алып қарағанда, тарихи дамудың қазіргі кезеңінде әлеуметтік мәртебенің белгісі сақалдың өзі емес, оның ұзындығы, ені мен формасы емес, оның ұқыпты және ұқыпсыз болу деңгейі. Бұл оның иесінің жеке гигиенасын бағалауға мүмкіндік береді. Табиғи сақал – халі мүшкіл адамның белгісі. Яғни, қырынбаған қарапайым ұстара заттарын сатып ала алмайтын кедей немесе үйсіз адам деп болжанған.

Сақалдың тарихы

Ежелгі Мысырда перғауыннан басқа ешкімге сақал қою рұқсат етілмеген. Перғауынның өзіне бұл құқық жердің иесі болғандықтан берілген. Оның өзінде тек жасанды сақал ғана пайдаланылған. Ол парик сияқты жүннен немесе кесілген шаштан жасалған, алтын жіптермен тігілген және иекке байланатын болған. Ал Александр Македонский өз сарбаздарына ұрыс кезінде жаулары ұстап алып, шайқаста кедергі келтірмеуі үшін сақал қыруды бұйырған екен. Анығында, Македонский көсе болған. Рим империясында қырынған бет пен шашты қысқа қию өркениет белгілері саналған. Бұл өз кезегінде римдіктерді «жабайы» халықтардан ерекшелендірді. Дегенмен аталған дәстүр император Адрианның тұсына дейін ғана сақталды. Батиста режиміне қарсы Фидель Кастро бастаған кубалық көтерілісшілерді қарсыластары «барбудос», яғни «сақалды» деп атаған.

Бетке шығатын түктің сән тарихы сонымен қатар, әлеуметтік факторларға, сақалдың рұқсат етілген стиліне, қоғам тарапынан оларға деген көзқарасқа байланысты түрленіп отырды. Ежелгі Грекияда қырыну б.з.д. IV ғасырдан бастап қолданысқа енгізілді, ізінше Рим Грекияны жаулап алғаннан кейін римдіктер де осы дәстүрге көше бастады.

Батыс Еуропа елдерінің тарихынан ерлердің сыртқы келбет стандарттарының ауысу процесін байқауға болады. Мысалы, ұзын шаштар сән болған кезде сақалдар қысқартылды немесе мүлдем жоғалып кетті. Керісінше, қарапайым шаш үлгісі сәнге оралған кезде сақал мен мұртқа көп көңіл бөлінді. Кейінгі орта ғасырларда және қайта өрлеу дәуірінде (XIV-XV ғғ.) ерлердің сыртқы келбетінің жас жігітке ұқсас болуы сәнге енді. Сол үшін де қырыну қарапайым әдеттер тізіміне енді. Бургундия сәнінің үстемдігі кезінде ұзын бұйра шаштар мен кішкентай сақалдар пайда болады. Кейінгі кезеңде 1500 жылдан бастап қайта өрлеу дәуірінің соңына дейін барлық жастағы ер адамдар сақал мен ұзын мұрт қоятын болған.

1620 жылғы Барокко дәуірінің басталуымен сақал қойған ерлер сирей бастады, 1680 жылға таман мұрт қоятындар тіпті жоғалып кетті. Францияда еуропалық заң шығарушылар мен соттар жас патша Луи XIV-ке еліктеп, беттерін таза ұстаған, мұртты тек әскери адамдар қоятын болған. XIX ғасырдың ортасына дейін қырынған ер адамның моделі басым болды. 1848 жылғы төңкерістен кейін бүкіл Еуропада кері процесс пайда болды. Мұрт пен сақал сәнге ене бастады. Бірақ, ХХ ғасырдың екінші ширегінен бастап қырынған адамдар жаппай құбылысқа айналды. Ер адамның идеалы басым болған дәуірде мұрт пен сақал сәнде болады, өйткені олар еркектіктің табиғи және жарқын белгілері ретінде қабылданды. Керісінше, қоғамдық сананың ер адамнан әйел идеалына ауысуының басталуымен ерлер сақал қоюдан тыйыла бастайды.

Бұдан басым тенден-циялардың мамандыққа немесе әлеуметтік мәртебеге қарамастан, әрбір халыққа тән екенін аңғару оңай. Ежелгі уақытта әртүрлі діндер мен ұлттардың сақал мен мұртқа деген көзқарасы ерекше болды. Мысалы, еврейлер сақалды қыруға қарсылық білдірген. Тек арасында қиып тұруды жөн санаған. Православтық христиандар қиюға үзілді-кесілді қарсылық білдірді. Бұл табиғатқа қарсы шығып, әйелдердің ығына жығылуды жөн санамағандықпен түсіндіріледі. Мұсылмандар болса өсіруді, алайда дұрыс күтім жасауды жөн санады. Мешітке күтім жасалмаған, қиқы-жиқы сақалмен кіруге тыйым салынды. Сақалды 40 күн сайын қысқартып тұру әдетке айналды. Ал буддистер денедегі, беттегі түктің бәрін қырып тастауды дұрыс санаған. Сақал күтіміне кететін уақытты құлшылыққа арнау дұрыс делінген. Арабтар болса қырынуды жөн санамаған. Олардың ұғымында сақал – еркіндіктің белгісі. Ал сақалдың ұзындығы еркектің қоғамдағы орны мен біліктілігін, уәдеге беріктігін айқындаушы нышан ретінде қабылданған.

Сақал-мұрт қоюдың қазақ халқындағы әдебі

«Сөз көркі – мақал, жігіт көркі – сақал» дейтін қазақтың ер азаматтары сақал-мұрт қоюды азаматтықтың, инабаттылықтың, ақсақалдықтың белгісі деп қарап, балиғатқа толған бозбала кездерінен бастап мұрт қойса, келін түсіріп, қыз ұзатып немерелі болған соң сақал қояды.

Алайда, сақал-мұртты қалай болса солай қоя бермеген, қайта, сақал-мұрт қоюдың өзіндік жөн-жосығы болған. Мысалы, ер азаматтар мұртты балиғатқа толғаннан балалы-шағалы болып, тұңғыш қыз ұзатып, келін түсіргенге дейін қойса, келін түсіріп, қыз ұзатып, немерелі болған соң ресми сақал қояды. Ал келін түсіріп, қыз ұзата алмағандар 50-ден асқан соң сақал қояды.

Қазақ халқы сақал-мұрт қоюды жігіттік əсемдік пен ақсақалдық салауаттылықтың, өмірге деген шүкіршіліктің, қанағатшылықтың белгісі деп қараған, яғни білікті кісілер балалы-шағалы болып, немере сүйген соң, Құдайдың бергеніне шүкіршілік етіп, «Болдым, толдым, ата болдым, кейінгілерге ақыл-кеңес беріп, үлгі- өнеге көрсетер кезім жетті, дүниенің ендігі қызығы ұрпақтарға тəн. Енді бала-шағаның алдында көз жұмсам арманым жоқ» деп сақал қойып əрі сол күннен бастап өздерін дүние қызығынан шеттетіп, қызбалықты тастап, жастарға ақыл айтып, үлгі-өнеге көрсету жолына түседі.

Əдетте, мұрт қойған жігіттер мұртын аузына түсірмей, əдемілеп шалғысын қайырып жүреді. Ал сақал қойғандар сақалды өздерінің бет пішіндеріне жарасатындай етіп қойып, əдемілеп жасап, жуып-тарап, таза ұстайды. Ешқашан кір-қожалақ, қауғадай етіп өсіріп жібермейді. Қайта, сақалын ауық- ауық тарап, жарасымдылығын сақтайды. Тіпті ел-жұрт алпысқа келгенше сақал- мұрт қоймай, бет-аузын жылмықтай қылып жүрген еркектерді «қартайғанын білмеген ақымақ» деп сылтың етеді.

Қазақ халқы сақалды ерекше қадірлейді. Жасы кіші адамдар сақалды кісілерді көргенде, оларға міндетті түрде сəлем беріп, құрмет көрсетеді. «Ақсақал» деп алдарында əдеп сақтап, кішілік, кісілік танытады. Ешқашан оғаш қылық, оқыс мінез көрсетпейді. «Сыйға – сый, сыраға – бал» дегендей, сақал қойған кісілер де сақалының салауатын сақтап, «ақсақал» деген ардақты атқа дақ түсірмеуге тырысады. Яғни, өздерін ауыл ақсақалы болдым, отбасы мен ауыл-аймақтың ұйытқысымын деп есептеп, ел алдындағы ақсақалдық парыздарын өтеп, асқақ адамгершілікпен, жомарттықпен үлгі-өнеге көрсетуге тырысады. Қысқасы, сақалды «осы қасиетті сақалдың қадіріне жетемін, атына дақ түсірмеймін, ел-жұртыма үлгі-тағылым көрсетіп, халқымды береке-бірлікке шақырамын, пенделік былықшылыққа бой ұрмаймын» деген кісілік қадір-қасиеті жоғары адамдар ғана қояды. Болмаса сақалдың қадір- қасиеті қашады деп ұғынады. Сондықтан үлкен адамдар əбестік қылық көрсетсе, оларды «аузына ата сақалы шыққанша онысы несі» деп сөгеді. Ал жаман іс-қимыл көрсетсе, «Анау аузыңдағы сақал ма, не?! Сақалды басыңмен ұялсаң болмай ма?!» деп жазғырады. Сақал- мұрт қою ер адамдардың жауапкершілік жəне борыштылық сезімдерін күшейтіп, адамдарды ізгілікке, тектілікке, тазалыққа баулып, асқақ адамгершілікке дағдыландырады. Ер азаматтардың ел- жұрт арасындағы беделін көтеріп, қадір- қасиетін арттырады.

Қызық әрі пайдалы дәстүр

Бүгінгі таңда әлем елдері арасында сақал қоюға байланысты қатаң шектеулер жоқтың қасы. Алайда, Оңтүстік Австралия халқы 1999 жылы қызық салт ойлап тапқан. Аделаида штатының ер азаматтары қарашада, төрт апта бойы қырынудан түбегейлі бас тартады. Қырынуға пайдаланылатын ұстара сынды құралдарға ақша жұмсамай, үнемделген қаражатты медицина саласына, оның ішінде ер азаматтардың денсаулығына байланысты ауруларды емдеуге аударады. Аталған акция «Movember» деп аталады. «Moustache» – мұрт, «november» – «қараша» деген мағынаны білдіреді. Орыстарда бұл ай «небритябрь» немесе «усабрь» деген қызықты вариацияға ие болған. Акцияны бір топ жас ойлап тауып, кейіннен белсенді қатысушылардың саны 170 мыңға жеткен. Науқан нәтижесінде 15 миллион АҚШ доллары жиналған.

Сақал қоюға байланысты қызықтар мұнымен тоқтамайды. Өткен ғасырларда патшалар өздерінің сақалдарын құжаттарға қол қоюға пайдаланған. Ерте кезде патшалар өздерінің қандай күшті, қуатты екенін көрсету үшін сақалынан үш тал қыл жұлып, қаулыға мөр ретінде басатын болған. Мұндай жарлыққа қалың жұрт ерекше назар аударғанын айтады.

Ертеде сақал өсіргендер салық төлеген. XVII ғасырда Ресейде сақал өсіргісі келген адам жылына 100 рубль төлеген. Сондықтан сақалды көбіне ықпалды, беделді адамдар қойған. Әлемдегі ең бай ер адамдардың сақалы жоқ. Форбс тізіміндегі 89 пайыз ер адамдар сақалсыз. Себебі, сақалдан қазіргі қоғамда көбісі шошиды. Ал, олар бизнес әлемінде ешкімді де үрейлендіргісі келмейді екен. Ал, Авраам Линкольн болса кішкентай бүлдіршін қыздың сұрауы бойынша сақал өсірген. 11 жастағы Грейс Бедель есімді қыз президентке сақал өсіруге кеңес береді. Оның ойынша, Авраамның арық бетіне сақал жақсы жарасады екен. Кішкентай қыздың кеңесіне құлақ асқан Линкольн сақалын өсіріп, ақырында тарихтағы ең әдемі сақалды президент атанады.

 

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ