Әлеумет

Ертеңгі ел қорғаны

Таразда республикалық «Жас Ұлан» әскери-спорттық ойыны мәреге жетті. Шымырлық шыңдаған шара ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің республикалық біліктілікті арттыру оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен өтті.

Облыс әкімдігінің білім басқармасы мен «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолдауымен өткен әскери-спорттық ойынның финалы еліміздің Жастар армиясы жасақтарының өміріндегі айтулы оқиғаға айналды. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдердің базасындағы «Жас ұлан» әскери-спорттық ойыны нағыз әскери өмірге негізделіп ұйымдастырылды. Сондай-ақ, Тараз гарнизоны бөлімшелерінің кәсіби әскери қызметшілерінен құралған нұсқаушылар сайыс шарттарын алдын ала тыңғылықты түсіндірді. Сондай-ақ, олар төрешілердің әділдігі мен бейтараптығын қамтамасыз етті. Байқау барысында аймаққа Қазақстанның түкпір-түкпірінен, республикалық маңызы бар қалалардан жасұландықтар келіп, кіл мықтыны сарапқа салды. Жарыс барысында әскери-патриоттық үйірмелердің оқушылары әскерилендірілген кроссты орындау кезінде жаттығуларды, пулеметті құрастыру және бөлшектеу дағдыларын және дене шымырлығын көрсетті. Сонымен қатар, олар алыс шақырымдарды бағындырды, гранаталарды лақтырды және нысанаға оқ атып, мергендіктерін танытты. Сондай-ақ, ұлдар зілтемір көтеріп, ал қыздар түрлі спорттық жаттығулар жасады. Жарыс қорытындысы бойынша әскери-спорттық ойынның финалында Жетісу өңірінің командасы бірінші орынды жеңіп алды. Командирі Қайнар Төлеген бастаған жігіттер ең көп ұпай жинап, өз командасын алғы шептен көрсетті.

«Бірінші орынға ұмтылып, күн сайын түбегейлі дайындалдық. Біз жеңіске жоғары рух пен мотивацияның арқасында қол жеткіздік деп ойлаймын. Әрбір команда мүшесінің мүмкіндігін жақсы білетін сарбазымыз Ұлан Ақжоловтың арқасында топтағы рөлдер анық бөлініп, әрбір кедергілерден мүдірмей, ақырында бірінші орынға ие болдық», – дейді Жетісу облысы құрамасының капитаны Қайнар Төлеген.

Финалда екінші орын Қызылорда облысының жасұландықтарына бұйырды. Бұл клубтың бірлігі команда қоржынын күміспен күптеп, қатарластарына үлгі көрсетті. Түркістан облысының алғыр жастары да ерекше дайындығын іспен көрсете білді. Бұл команда Арыс қаласының мектеп оқушыларынан жасақталған болатын.

«Біз үшін әскери-спорттық ойынның республикалық финалына қатысу – бүкіл облыс, барлық аудандар, ата-аналар, достар, туған-туыстар алдындағы жауапкершілік және мақтаныш. Осылардың барлығының бізге артқан сенімі бәрімізге күш берді. Сол сенімнің арқасында табысқа жеттік», – дейді Түркістан облысы құрама командасының мүшесі Рамазан Рахматулла.

Жалпыкомандалық орындардан бөлек, жекелеген номинациялар бойынша да үздіктер анықталды. Сондықтан «Жас Ұлан» әскери-спорттық ойынының финалына қатысушылардың барлығына бағалы сыйлықтар, сертификаттар мен марапаттар берілді. Әр команда өзінің жақсы қырларын көрсетіп, әрқайсысы өз бағыты бойынша жеңімпаз атанды.

«Бүгінгі нәтиже барлық қатысушылардың жеңімпаз екенін көрсетті. Барлық қаты-сушылардың еңбегі, бірлігі, ұйымшылдығы айрықша атап өтуге тұрарлық. Жасұландықтар – біздің болашағымыз. Нағыз патриоттықтың үлгісі. Біз осындай жастардың ұмтылысын қашанда жоғары бағалаймыз, мақтан тұтамыз», – деді өз сөзінде аталмыш министрлікке қарасты республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының директоры Раиса Шер.

Жарысты қорытындылай келе, Раиса Шер іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырған Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының басшылығына және «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы, генерал-майор Қуанышбек Үштаевқа алғысын білдірді.

Ал «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары, полковник Ораз Кучуков мектеп оқушыларының әскери тақырыпқа қызығушылығын әскерилер әрдайым қолдап, мақұлдайтынын ерекше атап өтті.

«Кез келген азаматтың патриоттық қасиеттері жас кезінен қалыптасады, олар өмір бойы сақталады. Біз өз тарапымыздан «Жастар армиясы» қозғалысына жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз, өйткені бүгінгі жасұландықтар – біздің ертеңгі Отан қорғаушыларымыз және олардың көпшілігі әскери істі өз мамандығы ретінде таңдайды деген үміттеміз» – деген полковник бұл шара алдағы уақытта да жемісті жалғасын тауып, ел жастарына жаңа серпін береріне сенім білдірді.

 

Нұржан ҚАДІРӘЛІ