Жаңалықтар

Өндірісі өркендеген аудан

Шын мәнінде, экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыруы, дәстүрлі базалық салаларды дамытуға серпін беру, еңбек нарығын жаңғырту, институттық өзгерістер, қауіпсіздік және сыбайлас жемқорлықпен күрес сынды басымдықтар бағытымызды айқындап, болашағымызды біртұтастандыра түседі. Бұл ретте негізгі темірқазықтың беки түсуіне, тамырын тереңге тартуына ауыл шаруашылығымен аты шыққан, өндірісімен өркендеген, білімімен бәсекеге қабілетті, кәсіпкерлігімен кең өріс тапқан өңірлердің қосар үлесі айрықша.

Көне Тараз қаласының солтүстік-шығысында орналасқан жүз мыңнан астам халқы бар Шу ауданы өнеркәсібі өркендеген аудандар қатарында. Мемлекет берген мүмкіндікті мүлт жібермей, өркен жаяр ілкімді істерге бастамашы болған осынау ауданның ахуалы бүгінде айтарлықтай жақсарған. Мәселен, есепті кезеңде өнеркәсіп саласында 24,4 миллиард теңгенің өнімі өндірілсе, асыраушы саладағы өнім көлемі – 116,5 миллиард теңгені құраған. Бұл – кәсіпкерліктің кең өріс алғанының айқын дәлелі. Бұдан бөлек, аудан экономикасын одан әрі нығайта түсу үшін 67,2 миллиард теңге инвестиция тартылған. Ал, 57,3 миллиард теңге ауданда құрылыс саласының қарқынды дамығанын көрсетеді. Жалпы, өңірлердегі өндірістің негізгі өзегі – халық. Ел-жұрттың сұранысын қанағаттандыру, экономиканы әлеуеттендіру – маңызды. Оның ішінде халықты сапалы баспанамен қамтамасыз ету – кезек күттірмейтін мәселелердің бірі. Жыл басынан бері аудандағы тұрғын үй құрылысының көлемі 36 мың 257 шаршы метрге жеткен. Сондай-ақ, мұндағы сауда айналымы 23,4 миллиард теңгеге тұрақтаған.

Айта кетейік, дәл қазір аудан көлемінде жер мәселесін жүйелі шешу де мықтап қолға алынған. Өңірде Мемлекет басшысының заңсыз берілген жерлерді мемлекет меншігіне қайтаруға берілген тапсырмасы өз деңгейінде орындалып келеді. Айталық, аудан көлемінде жайылымдық жерлердің пайдалануына зерделеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 93,8 мың гектар жайылым жер жетіспейтіндігі анықталған. Туындаған мәселені шешу үшін бірқатар жұмыстар жүргізіліп, елді мекеннің жайылым жерлерін ұлғайту бойынша ауылдық округтерге аудандық қосалқы жер қорынан қосымша 98,3 мың гектар жайылымдық жер учаскелері бекітіліп берілген. Ал, жыл басынан бері мемлекет меншігіне 23 475,16 гектар жер қайтарылыпты. Атап өтерлігі, еншімізге тиген жыл ішінде аудан көлемінде ауыз су мәселесі толығымен шешімін табады деп күтілуде.

Жасыратыны жоқ, бүгінгі таңда біздің елде урбанизация үдейе түсті. Яғни, ауыл-аймақтағы қалың жұрт жаппай қалаға қарай ағылып, онсыз да жағдайы мүшкіл кейбір ауылдардың сиқы қашты. Мұны жете түсінген мемлекет алтын діңгек – ауылды сақтап қалу үшін жаңа саясатқа кірісті. Нақтылай түссек, арман қуып ауылға барған жас мамандар үшін «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы іске қосылды. Осы тұста ел жастарына жаңа мүмкіндіктер берген аталған жоба Шу ауданында жемісті жүзеге асқанын айта кеткен жөн.

Аудан әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Дамира Ақылбекованың айтуынша, өткен жылы бас-аяғы 37 маманға жергілікті бюджет есебінен көтерме жәрдемақы берілген. Мұндағы 21 жас білім беру, 8 азамат денсаулық сақтау, 1 адам мәдениет, 2 маман спорт, 3 жас агроөнеркәсіптік кешен және 2 маман мемлекеттік қызмет саласына еңбек етуге келген. Сондай-ақ, есепті кезеңде 30 маманның тұрғын үйге қол жеткізуіне ықпал ету үшін республикалық бюджет есебінен бюджеттік несие мақұлданған.

«Жас келсе, іске!» дейді халық. Өн бойында қабілеті бар прогресшіл жалынды жастардың табыс сырына жету үшін даңғыл жол ашылса, ен байлық еншімізде болары ақиқат. Өйткені, қалада білім алып, ауылға тұрақтаған жастар үшін бәсекелік қағидаттары да қарапайым тәсілмен жүзеге асатыны хақ. Ал, шалғайдағы ауданда кәсіпорындар кемел сипат алса, тоғыз жолдың торабында орналасқан өңірде жастардың атсалысуымен ерекше бастамалар өз жемісін берері ақиқат.

 

Есен ӨТЕУЛІ